"25 қазан Назарбаевқа керек болды"

Malim Админ

  • 25.10.2020

Бүгін Қазақстанның мемлекеттік егемендік туралы декларация қабылдағанына 30 жыл толды.

Осыдан тура отыз жыл бұрын дәл осы күні Қазақ ССР Жоғары кеңесі "Қазақ ССР-нің мемлекеттік егемендігі туралы" декларациясын қабылдаған. Қазақстан осы декларацияны қабылдау арқылы өзінің барлық атрибуттары, құқықтары мен міндеттері бар егемен ел екенін жариялады. Құжатта республиканың егемендігі мен территориясының тұтастығы туралы жазылған. Осы құжат негізінде кейін Конституция қабылданды.

"Қазақ ССР-нің мемлекеттік егемендігі туралы" декларациясы жобасының жетекшісі Жоғарғы кеңес төрағасының орынбасары Серікболсын Әбділдин еді. Декларация жобасын Жоғарғы кеңес депутаттары әзірледі.

Декларация идеологиялық жағынан маңызды құжат болды, алайда Қазақстан оны Совет Одағына кірген басқа елдерден кеш қабылдады. Декларацияда Қазақстанның барлық азаматтары үшін ССРО азаматтығы сақталатыны жазылды. Және Совет Одағының Конституцияның үстемдігі жөніндегі нормалар да болды.

25 қазан "Республика күні" ретінде Қазақстанда 1992 жылдан бастап аталып өтіліп, 2001 жылы мемлекеттік мерекелер тізіміне енгізілді. Қазақстанның егемендік декларациясы қабылданған 25 қазан көп уақыт бойы 16 желтоқсанда тойланатын Тәуелсіздік күніне бәсекелес болып келді. Бірақ 2009 жылы сәуірде Н.Назарбаевтың жарлығымен Республика күні мемлекеттік мерекелер тізімінен алынып тасталды.

"Республика" күні сол тұстағы президент Н.Назарбаевтың жарлығымен алынып тасталған соң, 2010 жылдың 25 қазанында Азаттық радиосына сұхбат берген саясаткер Серікболсын Әбділдин Қазақстан 1991 жылдың 16 желтоқсанында тәуелсіздігін жариялаған кезде Тәуелсіздік күні ретінде қай күнді белгілеу керек деген мәселе көтерілгенін айтыпты.

"Біз советтік мерекелердің барлығын зерттедік. Ал тәуелсіз Қазақстанның тарихына келсек, болашақтағы жалпыұлттық мерекелер ретінде тек екі күн ғана қаралды. Олар – 1990 жылдың 25 қазаны мен 1991 жылдың 16 желтоқсаны. Түпкілікті шешім қабылдау кезінде субьективті факторлар да ықпал етті. Себебі, қазанның 25-ін Республика күні ретінде белгілеуді Нұрсұлтан Назарбаев қалады. Өз қалауын ол 1990 жылдың 25 қазаны оған Қазақстан Республикасының сайланған президенті болуға мүмкіндік береді деп түсіндірді. Шындығында ол Қазақ ССР-інің президенті болып 1991 жылы желтоқсанның 1-і күні сайланды. Сол жылы желтоқсанның 10-ы біз бұл заңды күшіне енгіздік, ал ертеңінде ел атауындағы «Советтік Социалистік» деген сөздерді алып тастап, Қазақстан Республикасы деп атадық. Бұның барлығы заңдық жағынан бұрмалау еді.

Мен ол кезде Жоғары Кеңестің жетекшісі болатынмын. Біз уақыт жоғалтқымыз келген жоқ және бізді мұндай қадамға итермелеген өзге де себептер болды. Сондықтан Жоғары Кеңестегілер Назарбаевқа президенттік өкілеттік берер алдында республиканың атауын өзгертуді қажет деп таптық.

Осы оқиғалардан соң біз тәуелсіздік күні туралы мәселені көтере бердік. Тек қазақтар ғана емес өзге де мемлекеттер тәуелсіздікті осы күнмен байланыстырады. Бірақ Назарбаев Республика күнін 25 қазанға белгілеу жөніндегі талабынан қайтпады және бұны тікелей маған айтты. Оның Қазақ ССР-інің президенттігінен Қазақстан Республикасының президенттігіне өтуі осылайша жасалды. Мен бұған үзілді-кесілді қарсы болдым", - дейді марқұм саясаткер Әбділдин 2010 жылы Азаттыққа берген сұхбатында.

Сөйтіп, 1993 жылы Назарбаев Жоғары кеңесті таратып жіберген соң, кейін қазанның 25-ін де, желтоқсанның 16-сын да бір мезгілде мереке күндері етіп белгілеген.

2009 жылы Н.Назарбаевтың өзі кезінде мереке болсын деп қорғаған 25 қазан Республика күнін мерекелер тізімінен алып тастауға не себеп болғаны түсініксіз. Жоғарғы кеңес әзірлеп қабылдаған Егемендік туралы декларация жарияланған күнді мерекелер тізімінен алып тастайтындай соншалықты маңызды себеп жоқ еді. Қазақ билігіне жақпай қалған бұл мерекені қайтарып, Тәуелсіздік күнін қазан күні атап өтейік деуші белсенділер көп.  Оппозициялық саясаткерлер мен белсенділер 2011 жылғы Жаңаөзен оқиғасынан кейін Тәуелсіздік күнін қазақтың қаны төгілген күні 16 қазан емес, 25 қазан күні атап өтуді ұсынған.

Фото: Жоғарғы Кеңес, voxpopuli.kz

Байланысты жаналықтар

"Ұлан-ғайыр атырапты мекендеген баһадүр бабалардың ұрпағымыз"

15.12.2020

Әшімбаев, Абаев, Балаевалар – ығысып бара жатқандар

04.05.2020

«Мені қамап тастамақшы»

20.04.2020

Елбасы саясатын Тоқаев жетілдіре түседі

18.03.2020

Назарбаев едел-жедел Мәскеуге ұшып кетті. Не үшін?

30.06.2021

Талдықорғанның әкімі Назарбаевтың сөзін құлағына ілмепті

06.02.2020
MalimBlocks
"Ұлан-ғайыр атырапты мекендеген баһадүр бабалардың ұрпағымыз"

Әшімбаев, Абаев, Балаевалар – ығысып бара жатқандар

«Мені қамап тастамақшы»

Елбасы саясатын Тоқаев жетілдіре түседі

Назарбаев едел-жедел Мәскеуге ұшып кетті. Не үшін?

Талдықорғанның әкімі Назарбаевтың сөзін құлағына ілмепті