Назарбаев пен Путинді не байланыстырады? Айдос Үкібай жауап берді

Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей Президенті Владимир Путинді достық қарым-қатынас байланыстырады, деп мәлімдеді Қазақстанның бұрынғы президентінің баспасөз хатшысы Айдос Үкібай. Бұл туралы kaztag.kz-ке сілтеме жасап Malim.kz хабарлайды.
Нұрсұлтан Назарбаевтың Мәскеуге сапары жеке, бейресми сипатқа ие болды. Оны Владимир Путинмен көпжылдық достық қарым-қатынас байланыстырады және бұл байланыс мемлекеттік өкілеттіктердің бар-жоғына қарамастан сақталып келеді. Бірінші Президент әлемдік көшбасшылардың бірқатарымен байланыс жасап тұрады – бұл телефон арқылы сөйлесу, жеке хат алмасу және жекелеген кездесулер арқылы жүзеге асады. Бұл тек Ресейге ғана емес, Түркия, Қытай, БАӘ, Өзбекстан, Беларусь және басқа да мемлекеттерге қатысты. Мұндай өзара әрекеттесу форматы халықаралық практикаға сәйкес келеді және мемлекеттік қызмет барысында қалыптасқан жеке байланыстарды көрсетеді, – деді Үкібай дүйсенбі күні.
Сонымен қатар, бұрын мемлекеттік лауазымда болған беделді саяси тұлғалармен жеке кездесулер, экс-президенттің баспасөз хатшысының айтуынша, «қалыпты дипломатиялық тәжірибе» болып саналады.
Мәселен, Нұрсұлтан Назарбаевпен кездескен күні Ресей Президенті Жапонияның марқұм Премьер-министрі Синдзо Абэнің жесірі Акиэ Абэмен де жеке кездесу өткізді. Нұрсұлтан Назарбаевтың сапарына келер болсақ, ол Жеңістің 80 жылдығына арналған іс-шараларға шақыру алған болатын. Алайда объективті жағдайларға байланысты ресми мерекелік күндері қатыса алмай, Мәскеуге кейінірек жеке тәртіппен барды. Сондай-ақ ерекше атап өткім келеді, Нұрсұлтан Назарбаев үнемі Қазақстанда тұрады. Оның елден кеткені туралы хабарлар шындыққа сәйкес келмейді, – деп толықтырды Үкібай.
Еске салайық, 29 мамырда Путиннің Назарбаевпен Кремльде кездескені хабарланған болатын.
Айта кетейік, Қазақстанның қазіргі президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылдың 3 қаңтарында "Ana tili" газетіне берген сұхбатында, Назарбаевтың отставкаға кеткеннен кейін саяси әдептілік танытпағанын ашық айтқан еді.
Фото: Кремльдің баспасөз қызметі

Ең көп оқылған
