Жәнібек ӘЛИМАН. Қарағанды ұнай ма осы сізге, аға?

Malim Админ

  • 26.10.2020

****

Қарағанды ескі қала – күз жаңа,

Қарағанды ұнай ма осы сізге, аға?!

Түрлі-түсті бояу шыққан бетіне

Күз – кете алмай жүрген мұңлы қыз бала.

 

Түрлі-түрлі сезім екен сан бояу,

Сан бояуды солай ұқтым, Алла-ай, ау!

Жанарымда қызғылт, сары жапырақ,

Табанымда тыншығады жер баяу.

 

Тәңірінің сұлулығын көз еткен,

Бұдан бұрын көктем өткен, жаз өткен.

Сонда кешкен, жолда кешкен сезімдер

Бояу болып тысқа шығып өзектен.

 

Қылзғылт, сары, өткір күрең – көп тіптен –

Кешкен сезім, жолаушыдай жоқ күткен,

Күзді кілең сары екен деп кім айтқан?

Кім де болса айта сапты-ау тоқтықпен...

 

Анау терек белгілі ғой сарғайған,

Көп ұялсаң қызармауға бар ма айлаң?!

Қызғылт, күрең жалқын төккен жапырақ

Өрт секілді көрінеді шалғайдан.

 

Түрлі-түрлі кейіпке еніп сыр айтқан,

Күзді кілең сары екен деп кім айтқан?!

Қыз секілді күтіп жүрген кете алмай,

Бір сезімі бар өйткені мұңайтқан...

 

 

***

Сен менің түр-өңім сынды,

Бір сәтке қуарып, азған.

Сен менің жүрегім сынды,

Бір жырды қуанып жазған.

 

Сен менің көңілім сынды,

Түпсіз һәм шексіз.

Сен менің өмірім сынды

Сүйексіз, етсіз.

 

Сен менің сезімім барлық,

Молшылық жаныма тұнған.

Жалғанда төзімін жар ғып

Тағдырға мойынын бұрған...

 

Сен менің сенімім, дінім,

Бекіген өмірлік сертпен.

Көтерер мені бір күні

Аспанға, құтқарып дерттен.

 

Сен менің өзегім, жаным,

Ғұмырлық күбір, үндерім.

Айтпай-ақ сеземін бәрін,

Тағдырлы ғұмырым менің!

 

***

Құдай сынды қарап тұрдым – уақыт боп:

Дүниеге батпақтап жүр батып көп.

Жаза салдым маңдайына кещенің

Қарамай-ақ бақытқа да бақыт деп...

 

Толмаған да, ортаймаған кенере,

Өмір деген ойыншық па, немене?!

Күн дегенің күміс табақ – сатып ал,

Ай дегенің алтын толы тегене!

 

Жарылыстан қопарылсын жарты әлем,

Жұмысым жоқ әлем сыйған картамен.

Анау өтсін орын-тақта шіреніп,

Ақын өтсін аспан құшқан арқамен...

 

Сүймек ішім күймегі шын, бұ да сын,

Ақиқат па, арқа тоссын шыдасын.

Уақытқа жазып қойғам о баста

Айтшы қане оған қайсың куәсің?

 

Құдай сынды...

Ауар емес түкке есім,

Қалар емес дүниеге жүк, қосым.

Өкінерін білмей өткен – ол емес,

Мен қоямын мына өмірдің нүктесін!

 

***

Уа, жапырақ!

Ала жаздай тілеуіңді тіледім,

Қараша кеп сені де алды бұл өлім.

Топырақтың нәсілі деп өзіңе

Қанжылады жүрегім.

Арзымады тілегім.

Сен бір өлсең, арманың не, мені іштен

Ар алдында қуырып жеп тірі өлім...

(Бір-ақ өлген сен не деген ірі едің?!)

 

Суығанмен жаттай Күн,

Ар адамның тағдыры ғой, сатпаймын.

Қара суық қағынады, мен жерде

Қурап қалған сені ызадан таптаймын.

 

Өшім сенде қалған ба?

Қол созатын кезімде осы арманға,

Жалғыз өзім жаттан бетер суынып,

Жар бола алмай барам неге жалғанға?!

 

Аспан ғана тұр биік,

Ала жаздай асыраған нұр құйып.

Мен ызадан жарыларға шақ қалам

Бұлт ішінен Күн қарайды кіржиіп.

 

Бәрі осылай шешінбек,

Онсыз өтпек, етіңнен ет кесіп жеп...

Жалғыз-жарым күнәм болса жасаған

Оны да Алла, білем, өзі кешірмек.

 

Кешірмейтін сендер ғой деп пе едіңдер?!.

 

Күй кешінен репортаж

Оркестрдің концертіне барамын,

Ән сертіне, жан сертіне қанамын…

Он бесінде ыңыранып туған Ай,

өлмес үнге құлақ түріп, нұрлы арай.

желмен ескен боз даланың жұпарын

көкірегіме тұтамын.

Бұғауынан босап кетіп қаланың!

Жасаураған жүрегіммен мен осы

Боз дала боп кеткім келіп тұрғаны-ай.

Сөз ғана боп кеткім келіп тұрғаны-ай!

 

Жұмыр қылыш тұтып алған айнала

Күй деген ол мәңгілік қой қайда да…

Ми деген ол сезім келіп қаппаса

Бозінгенін таппаса

Быламық-ау жай ғана…

Сана жетсе, сезім жетпей серт өлді

Сезім жетсе, сана жетпей өртенді…

Бір ызғырық қарып өтіп желкемді.

 

Түйсігімнің қопарылып түбінен

Жалт ойнады арғы бетте түнімен

Қапелімде сөнді барып нұрлы ақыл.

Мені бетке ап келе жатты кектеніп,

Арғымағы алп-алп басқан бір батыр

Семсерімен қыл мойнымнан кетті орып.

Тұла бойдан қан емес-ау жас ақты

Жетім жүрек жарыларға шақ қалып...

 

Орып түскен қылыш үні сондағы

Бассыз жанның долбары...

Қайырылып қарамадым, себебі,

Бассыз кетіп барады екен ол-дағы...

 

Өкінемін мен қалай?

Жонда қалған мисыз жүрек – мен құсап

Келмеді іздеп сол батырды толған Ай…

Он бесінде күңіренткен жалған-ай…

 

Өмір...

Өктемси соқпай өкпеге тиген өкпек жел,

Соғатын күзде, соғатын ерте көктемде ол.

Өмір ғой дейсің өткен күн, келер уақытты

Өмір дегенің – ақылың, ойың жеткен жер...

 

«Сағындым, жаным» дегенің естен кетпей бір,

Ғашық екенсің сағынышыңнан да көктей біл.

Бабамның кеше далалық миы жеткенге

Оқыған менің қалалық миым жетпей жүр...

 

Қанымда күллі сағыныш сырлы ән қалқып,

Жанымның одан қалмапты жері саутамтық.

Алысты болжап білетін ақыл-ес бермей,

Кеудеме менің жүрек беріпті тарпаң қып.

 

Асаудай соның баса алмай селін құрғатып,

Ет-жүрегіңмен елжірей сүйсең шын бақыт.

Мен кейде мынау күл-қоқысқа өнген өмірден

Табылғанына таң қала берем жырға құт.

 

Өктемси соқпай өкпеге тиген өкпек жел,

Мазамды ап бітті мезгілсіз келген көктемдер.

Сезесің бе осы шын бақытты емес бәрі бір

Ой-арманына қапысыз жүріп жеткендер...

 

Бейдауа

Іштен үнсіз тыныппын ғой тұнардай,

Біліп білмей... дүние де қуа алмай.

Желдеп кеткім келеді ылғи бір жаққа,

Желдегеннен бірдеңе өніп шығардай?!

 

Оныңнан да түк шықпасын білесің,

Мұныңнан да...

Іштен тынып жүресің.

Өз ойыңмен өзің сосын алысып,

Өмір-ойды өз ішіңде сүресің.

 

Сосын бір күн желдеудей-ақ желдейсің,

Шындық үшін... терлеудей-ақ терлейсің.

Қараң келіп қосылғанмен қатарға

Қайтып анау өз ішіңнен келмейсің.

 

Қайту Одан, айту оған қиын-ақ,

Күн кешесің ішке бәрін түйіп ап.

Елге мынау жексұрын боп бітесің

Өлең үшін жүргеніңмен жиі ұнап.

 

Күйінесің,

көзінше айтып бетке ойды,

Кіжінесің, өйткені қол жетпейді

Сөйтіп жүріп бір жақсы өлең жазасың

Оның бірақ, өз сыныңнан өтпейді.

 

Айт, айт па не, ашығы осы, расы да,

(Жыр қып жүрген ақындығың осы ма?)

Азап екен адам айтса нанғысыз

Ғажап екен... ғажабы іске алғысыз

Досың түгіл тілемейтін қасыңа.

 

Айтып жүрген ақындығың осы ма,

Сауға сұрап ала алмадым басыма?

...Ғашық болған анау тіпті жынды екен

Дүниені қиған оның шашына.

 

***

Аямаймын ешкімді,

Бір аз уақыт саялаймын бес күнді.

Менің жазу ғұмырымды қысқартып

Тереземнен түн жетектеп кеш кірді.

 

Дәнеңе жоқ еді алданар бөлмемде,

Түнді еріксіз қабылдадым шерменде:

Мені өмірде жек көргендер, өтірік

Көңіл айта келген құрлы өлгенде...

 

Ол қызығар менде де түк жоқ еді,

(Ажал құрлы қабылдадым, мен оны)

Тереземнен сырғып түсіп лұқсатсыз

Түк білмеген адам құсап, себебі,

Бұдан былай мен оны емес, ол мені

Тамашалап, қызықтайды, көреді...

 

Мен – бейшара, аласұрам, неге екен?

Шам жағамын қашпаса деп берекем.

Сол-ақ екен жымыңдатып қояды ол

Ай-жұлдызын, (аз ба ед өңге келекең?)

 

Алмай, сірә, тынбайтындай керегін.

Ал, мен болсам жанұшыра беремін.

Түсіп кетіп қолымдағы қаламым,

Ұшып кетіп ойдағы бар өлеңім...

 

Осы шығар сүйген ісі, сенері,

Мені көріп күйген іші, себебі.

Бәрі бітіп ақыр соңы болғанда

Ақылымды билегісі келеді...

 

Қорқа-қорқа тұла бойым сіресіп,

Қиялымда кетем сосын жыр есіп.

Қалғып кетсем... білем, білем бәрі бір

Таңмен бірге тағы ашылмақ бір есік...

Мәңгі жарық нұр есіп...

 

Байланысты жаналықтар

Тіл біткен жыландар

13.04.2022

Ербол Алшынбай. Тарымшы

13.03.2022

Әлібек Шегебай. Таққан медаль, ордендерің, құтқармайды күнәдан...

19.03.2021

Жанат Жаңқашұлы. Басыңды кесіп, дұшпаның сенің күл езді...

16.03.2021

Бауыржан Қарағызұлы. Ақ пен қара – бірдей түс. Оян, жаным...

15.03.2021

Азамат Тасқараұлы. Жүрегімде махаббат бар мөп-мөлдір!..

06.03.2021
MalimBlocks
Тіл біткен жыландар

Мүмкін әділдік деген құтқарушы емес, айқас шығар?

Ербол Алшынбай. Тарымшы

Әлібек Шегебай. Таққан медаль, ордендерің, құтқармайды күнәдан...

Жанат Жаңқашұлы. Басыңды кесіп, дұшпаның сенің күл езді...

Бауыржан Қарағызұлы. Ақ пен қара – бірдей түс. Оян, жаным...

Азамат Тасқараұлы. Жүрегімде махаббат бар мөп-мөлдір!..