“Мен дым ұқпадым, мына Ақберен не демекші...” деп сұрап алсаңыз...

Malim Админ

  • 03.11.2020

Желіде Жазушылар одағы төрағасының бірінші орынбасары, ақын Ақберен Елгезек Маржан Ершуға жауап жазды.

Оған себеп Маржан Ершудың: «Жазушылар Одағы төрағасының бірінші орынбасары, ақын Ақберен Елгезек ТВ-ға берген сұхбатында былай дейді :"Асқар Сүлейменов" Қазаққа ес кіргенде, Абай ескіреді" деп айтқан. Қазаққа ес кіру үшін, Абай ескіру керек! (ал менің ойымша ескіру деген қолданыстан шығу деген сөз М. Е)Жаңадан Абай шығу керек, ескіру керек Әл Фараби де" деп бөсіп отыр.Қазақстан Жазушылар Одағының пікір-ойы осындай ма деп қабылдадым бұл сөзді. Асқар Сүлейменов сөзінде сарказм бар. Ал біздің Одақ не дейді екен?! Өздері Абай, өздері Құнанбай! Не десін, Ұлықбек ағайдың кадрлары шетінен ғажап емес пе?!» деген сөзі болған.

Ақын әпкесінің мысқылды сөзіне шыдамаған Ақберен Елгезек өз жауабын былай жазады:

"Бүгін Фейсбук бетінде Маржан Ершу апым маған жаман ұрсыпты. Достығымда болмағасын, елден естіп, кіріп оқыдым. Сондағы бар кінәм: бір онлайн-сұхбатымда

Асқар Сүлейменовтың “Қазаққа ес кіргенде Абай ескіреді” деп айтты-мыс деген сөзін қайталағанымда болып отыр. Және сол жерде “Абай ескіру керек, қазаққа жаңа Абайлар, жаңа әл-Фарабилер келу керек!” деген пікірім ұнамапты. Ары қарай “Қазақстан Жазушылар Одағының пікір-ойы осындай ма деп қабылдадым бұл сөзді. Асқар Сүлейменов сөзінде сарказм бар. Ал біздің Одақ не дейді екен?! Өздері Абай, өздері Құнанбай! Не десін, Ұлықбек ағайдың кадрлары шетінен ғажап емес пе?!” деп мысқылдапты апым.

Бұл апым сөздің астарын түсінуден һәм түйсінуден қалған ба?! - деп қоя салайын деп едім, әлгі посттың астында мені қаралаған сөзден керемет ләззат алып, бөркін аспанға атып жатқан ағайынның пікірін оқып, жауап берейін деп шештім. Себебі, бұл жерде пікірімді айтпасам, Маржан Ершу “данагөй”, мен бір “антиабайшыл сұмырай” боп шықпақшымын. Ал, Абайды жан-жүрегімен, шексіз сүйетін мендей қазаққа бұдан артық жаман өлім жоқ. Әгәрәки мен Маржан көрсеткісі келгендей “антиабайшыл бәтшағар” болсам, “Абай қолданыстан шығу керек” деген сөзді айтатын “кәпір” болсам, осы Фейсбукте ұлы Хәкімге тілін безеп, тиісіп отыратындармен шеке тамырым шодырайғанша айтысып-тартысып отырмас едім ғой! Өзге де ақпарат құралдарында шамам жеткенше ұлы Ақынның сөзін талдап, насихаттап жүрмес едім ғой! Интернетте бес жыл үздіксіз жұмыс істеп келе жатқан “Абай әлемі” атты интернет-энциклопедияны жасақтамас едім ғой! Қазіргі ең озық абайтанушы-ғалымдар Мекемтас Мырзахмет, Тұрсын Жұртбай, Омар Жәлел ағаларымның Жидебайда басын қоса отырып, “Абайдың ұлы жұмбағы» деп аталатын рухани-деректі фильм түсірмес едім ғой! Абайға қатысты әңгіме бола қалса: “Абай - қазақтың пайғамбары! “Абай - Алаштың Темірқазығы! Абай - Әлихан бастаған Алаш қозғалысының қайнар бұлағы һәм оның пассионарлық қуаты” деп айтып жүрмес едім ғой! Жидебайға әр барғанымды (жыл сайын, биыл мүмкіндік болмады) осы Фейсбуктегі жұртты Абайдың топырағына ынтықтырып отырмас едім ғой! Оған мені оқып-біліп жүрген, танып-көріп жүрген көзі қарақты адамдар, саналы оқырман куә. Одан бөлек Алла куә, Абайдың қасиетті рухы куә.

Хош, “ескірген Абай мен ес кіруі тиіс қазаққа” келейік. Сөз менікі емес, ол сөзді Асқар Сүлейменов айтты деген жазушы замандастарының естелігі. Асқар ағам айтсын, айтпасын, қалай болғанда бұл “ес кіру - ескіру” тіркестерін құбылтып, ойнатып айтылған сөз. Яғни, қазақ - қашан Абай армандаған ұлтқа айналады, әр қазақ ұлы ұстаз аңсағандай Толық Адамға айналады, сол кезде Абайдың ұлы миссиясы орындалады деген астарлы сөз емес пе! Және (шіркін-ай десеңші!) осы бәріміз Абай аңсағандай “жүректің көзі ашылған”, “ыстық қайратты, нұрлы ақылды, жылы жүректі” қазаққа айнала қалсақ, қазіргі шала тірі Рухымыз баяғыда-ақ аспандап кетпес пе еді! Абай, Шәкәрімдер салған Ар жолымен жүретін болсақ, ғылым мен біліміміз дамыған, алапамыз асқан, мейманамыз тасыған ұлт болар едік қой! Ашуланбай, долданбай шындығын айтайықшы дәл қазір бізге ес кіріп, Абай ескіріп қалатындай, Маржан айтқандай “Абай қолданыстан шығып кететіндей” болып-толып, ғаламат рухани кемелденіп қойдық па сонда?! Ол түгілі әлемдердің Мырзасы Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбар келіп кеткен адамзатқа ес кіріп қойып па әлде?! Біз өзіміздің Тәңіри болмысымызды танып-ашып болдық па?! Міне, мәселе қайда! Маржан осы жазбасымен “әй, қазақтар, болды, Абайды оқымаңдар, Абай ескіру керек, мұндай ескінің сарқыншағын оқу - ақымақтық, тастаңдар оны!” деген сөзді менің ауызыма салғысы келеді. Жоқ Маржеке, оныңыз іске аса қоймас! Мен, сіз ойлағандай ондай рухани деңгейі төмен кісі емеспін! Сіз ойлағандай мен Абайдың “қолданыстан шығуы керек” деп ұрандайтын надан адамыңыз емеспін! Ал, қазаққа жаңа Абайлар, жаңа әл-Фарабилер келу керек деген сөзімнен не қателік көріп отырғаныңызды өзіңіз білетін шығарсыз, мен бұл сөзімнен ешқандай сөкеттік көріп тұрғаным жоқ. Құдай-ау, жаңа ұрпақтан ғылымның Абайы мен Әбу Насыры, саясаттың Абайы мен Әбу Насыры, экономиканың Абайы мен Әбу Насыры, философия мен мәдениеттің, сан саланың Абайы мен Әбу Насыры дүниеге кеп жатса, жаман ба?! Сізге жаман болса жаман шығар, мен үшін ол ең нұрлы арман, Маржан! Әу, әр қазақ Абайдай хәкім, Әбу Насырдай дана боп туса, жер қайысып, аспан жерге құлайтын ба еді?! Қайта біз - баяғы рухымыз тіріліп, адамзат пен тылсымның таңдайын қаққызатын өркениетті ұлтқа айналмаушы ма едік?! Сонда қазаққа осындай жарқыраған болашақ тілеп отырған мені ит қосып қуалап, кәпір деп тас лақтырып өлтіресіз бе, Маржан ханым?! Сіз егер сөздің астарын түсінбесеңіз һәм түйсіне алмасаңыз, білетін біреуден “мен дым ұқпадым, мына Ақберен не демекші сонымен?!” деп сұрап алсаңызшы. Оған бірақ уақытыңыз ба, басқа бір нәрсеңіз бе жетіспеген сияқты. Немесе өзге ақын-жазушыларды ысырып қойып, сіздің шаруаңызбен айналысуға көне кетпегенімізден осылайша өш алып отырсыз ба?!

Сізге деген құрметпен...».

Әдебиет әлемінде тартыстар боп тұрады. Ол - интеллектің жарысы. Ал әдеби ортада айтыс боп тұрады. Ол - жеке бастың араздығы. Бұл қайсына жатады. Өзіңіз бағамдаңыз...

Байланысты жаналықтар

Абай құрметтеп, Затаевич тамсанған талант

29.08.2023

Абайға Қосшығұлов не үшін хат жолдады?

10.08.2023

Абайдың атын айтып малданамыз, ауылын көрсек қорланамыз  

07.06.2023

Айғайлап шақырдық. Жазушылар одағынан ешкім шықпай қойды

13.12.2021

Жазушы Кәрім Мәсімовтің 4 кітабы. Біреуі тіпті құпия...

26.10.2021

Соққыға жығылған жігіт өз-өзіне қол салды

14.09.2021
MalimBlocks
Абай құрметтеп, Затаевич тамсанған талант

Ұлы ақынға Қалидің құдіретті де әсерлі үні ұнайды

Абайға Қосшығұлов не үшін хат жолдады?

Алғашқы хат, қандай жағдайда болсын, әйтеуір, Абайға табыс етілгені анық

Абайдың атын айтып малданамыз, ауылын көрсек қорланамыз  

Абайдың қолжазбалары, домбырасы, тоғызқұмалағы, Құнанбай қажының кісе белбеуіне қауіп төніп тұр

Айғайлап шақырдық. Жазушылар одағынан ешкім шықпай қойды

Желтоқсан фотосындағы тұмақ киіп тұрған жігіт бұрын-соңды сұхбат бермепті.  Malim.kz сайтына себебін айтты.

Жазушы Кәрім Мәсімовтің 4 кітабы. Біреуі тіпті құпия...

Мұндай еңбекті 700 жазушысы бар Жазушылар одағынан осы күнге дейін жазбаған

Соққыға жығылған жігіт өз-өзіне қол салды