Танымал әнші Төреғали Төреәлінің жары Толқын Тұрарбекқызы әлеуметтік желідегі парақшасында әсерлі жазба жариялап, оқырмандарын толқытты, деп хабарлайды Malim.kz.
Ол тұңғыш қызы Кәусарды 11 жасқа толуымен құттықтап, ана жүрегінен шыққан өлеңін арнаған.
Толқын жазбасында қызының өмірге алты айлығында келгенін, содан бері отбасы оның денсаулығы үшін күресіп келе жатқанын айтты. Сондай-ақ Кәусардың ем-домына байланысты бірнеше жыл Қытайда болғандарын да жеткізді.
"Кәусарымның 11 жасы құтты болсын! Анасының жүрегінен шыққан өлеңі. Құттықлаурыңызды қабылдаймыз.
Тұңғышым – Жанымның сен шамшырағы,
Туылдың алты айыңда асық бәрі.
Өмірге келе сала ауыр дертпен,
Отбасың күресуде міне әлі.
Ботам-ау, жанымның сен шамшырағы,
Қытайдың елінде өтті 5 жыл тағы.
Дертіңнен айықтырам деп әкешің,
Дамылдамай келеді жаным әлі.
Құлыным 11 жылың күресумен,
Қанша ота, қанша көзден жас төгілген.
Тағдырға кейде жылап қынжыласың,
Сұрағың қашан жүріп, қашан сөйлеймін?
Ботам-ау, ата-әженің тұңғыш тәттісің сен,
Қайдан емі қонар деп әуреленген.
Жанарыңнан көретін тауқыметті,
Бізге бере салшы деп дұға еткен.
Қасиетің бар сенде Алла берген,
Ғайыптың сырларынан ілім келген.
Сүйіншілеп келесің отбасыңды,
Сенімен әрбір күнім бақыт білем.
Құтты болсын, Кәусарым, 11 жасың,
Құттықтаймыз халқыңмен дұға тілеп.
Денің сау, армандарың орындалып,
Сүйінші сұрайықшы:
Төрештің Кәусар қызы жүріпті деп.
Еске сала кетейік, әнші Төреғали Төреәлінің жары Толқын Тұрарбекқызы әлеуметтік желіде көпшіліктің қызығушылығын тудырған жазба жариялаған.
Төреғали Төреәлі туралы не білеміз?
Төреғали Төреәлі – қазақстандық эстрада әншісі, актер және көпшілікке "Ұлы дала баласы" деген атпен танылған өнер иесі. Оның толық аты-жөні – Төреғали Төреәліұлы Әлиханов.
Әнші 1992 жылы 14 қазанда Қызылорда облысындағы Байқоңыр қаласында дүниеге келген. Бала кезінен өнерге жақын болып, сахнаға ерте араласты. 2009 жылы Юрий Гагарин атындағы №8 мектепті аяқтап, кейін Алматыдағы Т. Жүргенов атындағы өнер академиясының колледжінде актер мамандығы бойынша білім алған.
Төреғали өнердегі алғашқы қадамын айтыс сахнасынан бастады. Республикалық айтыстарға қатысып, бірнеше рет жүлделі орындардан көрінді. Осылайша елге жас ақын ретінде таныла бастады. Кейін эстрадаға бет бұрып, әншілік мансабын дамытты.
Оның көпшілікке кеңінен танылуына "Іздеме" әні ерекше әсер етті. Бұл әннің сөзін Қайнар Алагөзов жазған, ал әнін сазгер Шымберген Сүлейменов шығарған. Кейінгі жылдары Төреғалидің репертуарындағы бірқатар ән Қайнар Алагөзовтің сөзіне жазылғаны айтылады.
Әншінің продюсері – әкесі Төреәлі Төлепов. Анасы Аягөз Төлепова орыс тілі пәнінің мұғалімі болған. Төреғалидің Фариза және Дина есімді екі қарындасы бар. Өнер иесі отбасылы, бірнеше баланың әкесі.
Төреғали Төреәлінің Ерке Есмаханмен бірге орындаған "Алло" әні де тыңдарман арасында кең тарап, екі әншінің танымалдығын арттырды.
Сонымен қатар әншінің есімі әр жылдары түрлі даулы оқиғалармен де байланысты аталды. 2017 жылы Павлодардағы концерт кезінде айтқан сөзі қоғамда сынға ұшырады. Ал 2023 жылы оған қатысты тағы бір оқиға көпшілік талқысына түсіп, әнші әкімшілік жазаға тартылып, көлік жүргізу құқығынан айырылған.
Бүгінде Төреғали Төреәлі қазақ эстрадасындағы ең танымал әрі жиі талқыланатын өнер иелерінің бірі саналады.