Ақын Қадыр Мырзалиевтің балаларға арналған өлеңдері

Қадыр Ғинаятұлы Мырзалиев (1935-2011) 5 қаңтарда Орал облысының Жымпиты кентінде туған. Ақын, Қазақстанның халық жазушысы (1995), ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері. 1958 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын сол кезде жаңадан ашылған балалар журналы «Балдырғаннан» бастаған. «Жұлдыз» журналы редакциясында поэзия және сын бөлімінің меңгерушісі, жауапты хатшы, бас редактордың орынбасары, 1968-1973 жылдары «Жазушы» баспасында қазақ поэзиясы бөлімінің меңгерушісі, «Балауса» баспасының редакторы, кейін Қазақстан Жазушылар одағында поэзия секциясының кеңесшісі болған. 1966 жылы «Ой орманы» жинағы үшін Қазақстан Ленин комсомолының сыйлығы берілді. 1980 жылы «Жерұйық» жыр кітабы үшін Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды. Ол Қазақстанның халық жазушысы. 2001 жылы Тәуелсіз «Тарлан» сыйлығын алды.

Аялдар Күнтуған

  • 25.11.2024

БАТПАҚ

Батпақ емес жай ғана
Бұл араның батпағы,
Жүре алмайды тайғанап,
Адам түгіл, ат-тағы!
Айналған ба желінге
Аспан мына, расында?!
Желім деген желім бе
Бұл батпақтың қасында!
Қара бұрым салбырар,
Қара бұлттар қалықтап.
Қонышыңды қалдырар,
Ұлтаныңды алып қап!
Шоферді сәл қолдаңыз,
Шатынамай, жұлынбай.
Ызыңдайды "Волгаңыз"
Балға қонған шыбындай!
Болса мұнда біраз күн,
Батпақты бұл ұғады.
Жымпитыда "КамАЗ-дың"
Жан дауысы шығады.
Көрдіңіздер талайын,
Керегі не көп "мақтап!" ...
Қанша жақсы ағайын
Қалды сонда батпақтап!

КӨНЕ КӨРІНІС

Сол баяғы ғұмырды
Салады еске аулалар.
Босатқанда шығырды
Салдырлайды қауғалар.
Екі темір тіреуге
Есулі сым керілген.
Кілем жайып біреулер,
Кейбіреулер кір ілген.
Тас дуалға тіреліп,
Тағы бір шаң шұбады.
Біреу күліп кіреді,
Біреу күліп шығады.
Үй күзеткен төбеттер
Ерінеді үруге.
Ол үйлерге
Бобектер
Қорықпайды кіруге.
Торы бие құлынын
Тісіменен қасып тұр.
Оғаш емес қылығың,
Қонақ болсаң, басып кір
Бағы жанған
Арқаның
Баяғы алыс-берісі...
Жаңа сойған марқаның
Жаюлы түр терісі.
Ертелі-кеш сабылып,
Басылмайды ел аяғы.
Баяғы сол ауылың,
Ниет те сол баяғы...

ЖАРЫС

Қара су боп тер ақты,
Қызып алған денеміз.
Түріп алып балақты
Жарысып біз келеміз.
Баратын жер алыста,
Баратын жер шалғайда.
Он баламыз жарысқан,
Озып шығар хал қайда!
Қалған жерге шыдар ем,
Жырып алдым тіземді.
Шіркін, алға шығар ем,
Жалт бұрылсақ біз енді!

САҒЫНЫШ

Алғаннан соң демалыс,
Алаңдамай өзгеге,
Қаладағы ең алыс
Кеттім аға-жеңгеме.
Бәрі қызық балаға,
Бар қызықты қармадым.
Музей, парк,..—
Қалада
Қай жерге тек бармадым!
Көшелерді кей-кейде
Кезіп жүрдім жалғыз-ақ.
Асыр салып күнгейде,
Алып жедім балмұздақ.
Көлеңкелеп шынарын,
Күнде сүрттім терімді.
Басылғанша құмарым
Бәрі қызық көрінді.
Бір айдан соң жүрдім шақ,
Қайтамын деп жалындым.
Атамды да,
Ұрыншақ
Достарды да сағындым.

ЖАУАБЫНЫҢ ТҮРІ

Тізбек-тізбек вагондар,
Тұрды поезд тоқталып.
Келім-кетім деген бар,
Ығы-жығы көп халық.
Ұстап бір қарт баланы
Дейді: – Алысқа барамын.
Әлгі үшінші вагоны
Қай тұста еді, қарағым?
–Үшінші ме, үшінші?
Жоқ қой қазір жадымда...
А-а... Үш пе, үшінші
Екіншінің жанында!

MalimBlocks
Қадыр Мырза Әлі – жанрын тапқан жазушы

Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Қадыр МЫРЗА ӘЛІмен сұхбат

Қадыр Мырзалиевтің өлеңдері

Қадыр Ғинаятұлы Мырза Әли (5 қаңтар 1935 жыл, Жымпиты, Орал облысы - 24 қаңтар 2011 жыл, Алматы) — ақын, Қазақстанның халық жазушысы (1995), ҚР Әнұранының сөзін жазған авторлардың бірі