Қадыр Мырза Әлі – жанрын тапқан жазушы
Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Қадыр МЫРЗА ӘЛІмен сұхбат

Осы сұхбатты аларда Қадыр аға: «Ауырып дәрі ішіп отыр едім, оның үстіне, жұрт кешіме билет сұрап-ақ мазамды алып бітті. Көңіл күйім болмай тұр. Кейін хабарласарсың» – деп алғашында келісім бермеді. Келесі күні «Бүгін қапалақтап қар да түсіп кетті, бір жақтан соғым күтіп отыр едім, келе берсең де болады» дегенде қуанып кеттім. Ақынның Каменка ауылындағы жеке үйіне тез-ақ жетіп бардым. Сәлемімді алған Қадыр аға: «Бұрында жұрт денсаулық сұрап келетін еді, бүгінде «интервью» сұрап келеді» деп қуақылана жымиып, кабинетіне қарай бастады.
– Қадыр аға, Республика сарайында «Өз Елім» атты үлкен ән кешіңіз өткелі жатқанынан жұртшылық жақсы хабардар. Бұл өзі нешінші ән кешіңіз?
– Бұл – менің 75 жылдық ғұмырымда тұңғыш рет өткізгелі отырған ән-кешім. Қарап отырсам, құрдасым Тұманбай үш рет ән кешін өткізіп қойыпты. Мұхтар Шаханов та бірнеше мәрте өткізді. Шөмішбай Сариев, оны айтасың, Ибрагим Исаев ініме дейін ән кешін өткізіп қойды. Мен өзім, бұрынғыдай емес, «пассивтеу» адаммын. Оның үстіне, ән мәтіндері негізгі жанрым емес. Ештеңені алдын ала жоспарлаған емеспін. «Иірімді», болмаса «Жазмышты» жазам деген қазақ емеспін. Бәрі аяқ астынан туды. Мынау кеш те сондай. Оның үстіне, уақыт өтіп барады. Сосын «енді ән кешімді өткізбегенде, қашан, қай уақытта өткізбекпін?» деген ойға келдім. Оның үстіне, менің ән-мәтіндерім жоғарыда айтылған кісілердікінен артық болмаса, кем емес. Мен «Күндер-ай!» деген атпен ән текстерімнің жинағын да шығарған адаммын. «Күндер-ай!» деген Нұрғисаның жақсы әні бар. Бұл әнді кеште Мақпал өзі айтып беремін депті. Айтпақшы, ұмытып барады екем, менің тұңғыш ән кешім бұдан 35 жыл бұрын, 40 жасымда өткен. Онда Ермек, Бибігүл ән айтқан. Енді, міне, екінші рет өткелі отыр.
– Қаламгерлер бір-бірін «Жанрын тапқан жазушы» деп жатады. Осы сөз сізге дөп келетін сияқты.
– Жанрын таппаған адам өзі алдымен жазушы бола ма?! Дегенмен бұл сөзіңнің жаны бар. Яғни «жанрын тапты» деген сөз «өзін өзі тапты» деген сөз ғой деп ойлаймын. Бұл – өзінің неге лайықты екенін, не нәрсе қолынан келетінін түсіну. Осы тұрғыдан келгенде, мен он шақты кітап аударған адаммын. Шынымды айтсам, әдебиетті мен ең алдымен прозадан бастадым. Одан кейін шығармашылыққа лирикамен келдім. Бірақ лирикалық өлеңдерім атағымды шығара қойған жоқ. Айналам, баспасөздегілер оларды онша ұнатпады, қабылдамады. Артынан ойлап қарасам, бұл да сол заманға байланысты екен. «Лениншіл жасқа» марқұм Бек Тоғысбаев деген азамат бөлім меңгерушісі болып келіп, сол ғана бір-ақ рет алғашқы топтама өлеңдерімді бергізді. Ол үшін оған рақмет! Осыдан кейін мен балаларға арнап өлең жазып кеттім. Ол кезде балаларға арналған әдебиетке деген сұраныс өте күшті болды.
– Қаламақысы да тәуір болған болуы керек?
– Ой... Екі-ақ жерге басыласың ғой. Қазіргі «Ұлан» (бұрынғы «Қазақстан пионері») газеті мен қазіргі «Ақ желкен» (бұрынғы «Пионер») журналы. Басында осы екеуі ғана болды. Әйтеуір басылып шығады. Қаламақысы да жаман болмаған болу керек, студент адамға әжептәуір нәрсе ғой. Не керек, содан балаларға арналған кішігірім он шақты кітап шығардым. Ең алғашқы «Ой орманым» шыққанша, балалар әдебиетімен айналыстым. Бір рет жиырма томдығымды шығару басталып барып, ол он алты томмен тоқталған. Қазір қайтадан жиырма томдығым басылуда. Соның екі томы балаларға арналған. Айтайын дегенім, мен осы балалар әдебиетінен екі нәрсе таптым. Біріншіден, өзімнің әдеби өрісімді таптым. Екіншіден, балалар арқылы өзімді өзім таптым. Максим Горькийдің: «Ең қиыны – балаларға арнап жазу» дейтіні бар. Балаларға арнап жаза алсаң, кез келген жанрда жаза аласың. Баланың тілін тапсаң, дүниенің тілін табасың дегендей. Менің балалар әдебиетімен айналысуым, жоғарыда айтып өткенімдей, алдымен мұқтаждықтан туды. Екіншіден, «балалар әдебиеті» деген ол заманда қазақта шынымен де жоқ еді ғой. Біздің бала кезде оқығанымыз батырлар жыры, ертегі-аңыздар, шөре-шөре өлеңдер еді. Бір жағынан, әрине, балалар әдебиетіне шөлдеп, сағынышпен келдім.
– Жақында Жазушылар одағында өткен жиында балалар әдебиетіне байланысты баяндама жасапсыз. Бірақ онша көп жайды қозғамаған сияқтысыз.
– Қазақта «көтензорлық» деген сөз бар. Ауырып жүргеніме қарамай, маған сол баяндаманы зорлықпен жасатты. Көзім суланып, жасаурап тұрып оқыдым. Өзіме өзім риза болмай кеттім. Бірақ ол мақала ретінде жақсы.
– Сонымен, балалар әдебиетіне сүңгіп кетіп, лириканы сағынған жоқсыз ба?
– Сағынғанда қандай! Оның үстіне, елуінші жылдардың ортасына таман әдебиетке Жұмекен Нәжімеденов деген ақын келді. Өзі менің құрдасым. Соның алғашқы «Балауса», «Сыбызғы сыры» деген екі кітабы жарық көрді. Екеуін де оқыдым. Өзін танымаймын. Соған қарамай, екі кітабы туралы да сүйсініп мақала жаздым. Ол маған кешегі жұрт қабылдамаған Мырзалиев сияқты көрінді. Өзі де пісіп келген болуы керек, қоғам да піскен болуы мүмкін. Сөйтіп, «құланның қасуына – мылтықтың басуы» дөп келгендей. Артынан Жұмекеннің өзімен де таныстым. Өзін өмір бақи мойындап өттім. Қазір де мен үшін ең мықты ақындардың бірі – Жұмекен Нәжімеденов. Тіпті лирикалық өлең жаза бастаған жастау шағымда «бұған Жұмекен қалай қарайды екен?» деп ойлайтынмын. Ақындар деген қызғаншақтау болады, мұндай сөздерді тектен-текке айта бермейді. «Ол мықты болса, мен де мықтымын». Мықтағанда айтар сөзі – осы.
– «Ой орманынан» соң, «Дала дидарын» жаздыңыз. Жалпы, дала тақырыбын тап басуыңызға не түрткі болды?
– Ол кезде саясат деген қаталдау болатын. 1958 жылы «Балдырған» журналы ашылды. Сол 1958 жылы балалары бірінші сыныпқа баратын жазушылар қазақ мектебін іздеп таппайтын. Ол кезде Алматыда шопандардың балалары жатып оқитын жалғыз қазақ мектеп-интернаты бар. Бірақ оған біз сияқты қалада тұратын үйі-күйі барлардың балаларын қабылдамайды. Менің тұңғыш балам 1961 жылғы. Сол мектепке баратын кез жақындағанда, жабылып жүріп қазақ класын зорға аштық. Оқу ағарту бөлімінің бастығы Бимендин деген қазақ ұрсып, «қайдағы қазақ класын айтып жүрсіңдер, орысша оқу балаға нанын тауып жегенге жақсы. Ал қазақ класын аштық дейік, оған баратын бала қайда, сенбесеңдер бірінші қыркүйекте барып көріңдер» – деді. Расында, бірінші қыркүйекте сегіз-ақ бала жиналған. Сөйтіп, аяғымыздан сарсылып жүріп бала жинадық. Ал осы кезде Ташкент қаласында 25 қазақ мектебі болыпты. Ұлтшыл өзбектердің бұл кеңқолтық саясатын кейін түсіндім. Кеңес өкіметі тарқаған соң, олар орыстарды айдап шықты. Орыс мектептерін түгел жапты. Олардан тазалап болған соң, тегіс қазақ мектептерін жапты. Ал Кеңес өкіметі тұсында қазақ мектептерін жапса, қазақтар балаларын орыс мектебіне беретін еді. Сөйтіп, орыс мектебінің саны көбейетін еді. Осыны өзбектер әріден ойлаған.
Сәбит Мұқанов ақсақал туралы жұрт ала-құла сөйлейді, мен сол кісіні жақсы көрем. Өте қарапайым және халыққа жаны ашитын адам еді. Сол кісі таяғына сүйеніп жүріп, Алматыда ең бірінші рет қазақ балабақшасын ашқызды. Бұл – біле білгенге үлкен еңбек. Ол кісінің балалары бұл кезде есейіп кеткен, қазақша да, орысша да біледі. Бірақ балаларының қазақша араласатын ортасы жоқ. Ақсақал бір жағынан соған да күйзеледі ғой. Менің де бірінші қазақ мектебіне барған үлкен балам үйден шыққанда қазақша сөйлеп шығады, үйге орысша сөйлеп кіреді. Төңіректің бәрі қазақ болғанмен, орыстың тілі ғана емес, рухы да дендеп алған кез. Соның бәрін сезіп-біліп жүріп, менде ұлттық сезім ерте оянған сияқты.
Жайсаңбек Молдағалиев деген жазушы көршім болды. Қостанайдың жігіті, құрдасым. Өзі Ілияс Омаровқа барып тұрады. Нағашылы-жиенді ме, әйтеуір бір туыстығы бар. Ол кезде Ілияс Омаров «Госпланның» бірінші орынбасары. Бұрын «ЦК-да» идеологияны басқарып тұрғанда, Мәскеуге оқуға жіберіп, келген соң әлгі орынға бекіткен. Өзі өте білімді адам. Сол кезде әдеби сын, зерттеу кітаптарын шығарған. Басты тақырыбы – Шолохов шығармашылығы мен Ғабит Мүсіреповтің «Оянған өлкесі». Сол кісі бір күні Жайсаңбектен: «Сен Қадыр Мырзалиев дегенді білесің бе?» деп сұрапты. «Білгенде қандай, ол менің көршім». «Онда маған соның соңғы кітабын әкеліп берші» депті. «Дала дидарын» беріп жібердім. Екі күннен кейін Ілекең маған телефон соқты. «Кешке біздің үйге келіп кетсең қайтеді?» деп мекенжайын айтты. Кешке бардым. Қарсы алды. Жұмыстан келіп, душқа түскен болуы керек. Үстінде халаты бар. Отырып сөйлестік. Үйме табақ ет келді. Желтоқсан айы, соғымның кезі. Коньяк ашты. Өмірі ішіп жарытпаған адаммын. Бірақ үлкен кісінің дастарқанынан қайтіп ішпейсің. Үлкен қызметтегі адам сияқты емес, қарапайым, менімен өзінің ағайыны сияқты ашық сөйлесті. Ерте ме, кеш пе қазақтың бір сұрайтыны бар ғой, сол әдетпен «Сен қай жердің баласысың?» деп сұрады. «Батыс Қазақстанның Жымпиты деген жеріненмін» дедім. «О-о-о, Алашорданың ту тіккен жері екен ғой! Бәсе, сенің өлеңдеріңдегі бұл қайдан шыққан сөздер десем, ол сенің топырағыңнан екен ғой» деді. Саясаттың адамы ғой, кішкене ыңғайсыздық орнағанын сезді ме, «Сен бала, менің сөзімнен үрікпе, түбінде Алашорданы ақтайды» деді. Мен «қашан ақтайды?» деп, әрине, сұрағаным жоқ. Туған елім Алаштың ту тіккен жері екені рас. Ол кезде біздің елдің адамдарына сенімсіздікпен қарайтын. Ілияс Омаровтың өзі кейіннен Мағжанды ақтау жағында болған. Сол үшін кезінде таяқ та жеген. Не керек, «Кітабың маған ұнады, жақсы екен» деп, он шақты бет қағазға жазған өзінің пікірін ұстатты. Оқып шықсам, жақсы пікір, қолпаштап, әсіресе түсініп жазған екен. «Зияны болмас, мынау пікірім өзіңнің үстеліңде жатсын, қиғаштау келіп қалған сөйлемдерім болса, өзің түзетіп алуыңа болады» деді. Бір-екі жерін түзетіп, мәшеңкеге бастырдым. Жас кезім, үлкен кісінің мынадай мақтауынан кейін басым айналып, әлгі пікірді «Лениншіл жастың» жігіттеріне көрсеттім. Әлгілер таңғалды. Анау-мынау емес, Ілияс Омаров! Екеуміз екі жақтанбыз, бірі – Солтүстік Қазақстанның, бірі – Батыс Қазақстанның адамы. Жерлестік, анау-мынау деген жоқ. Сонымен, газеттегілер «басайық» деді. «Ілекеңнен рұқсат сұрайын» дедім. Ол кісі келісімін берді. Сонымен, «Лениншіл жаста» «Қадырға хат» деген атпен басылды. Қысқасы, сол пікір мені көтеріп жіберді. Әрі маған сол кезден бастап негізгі тақырып тауып берді. «Дала дидары» дегеннің өзі де даланың рухы ғой. Одан кейін «Жерұйық» деген кітап жаздым. Ондағы өлеңдердің сапасы әртүрлі болуы мүмкін, бірақ негізгі ұстанған бағыт – сол даланың салт-санасы, сол қазақы рух.
– Алдымызда Желтоқсан көтерілісінің 23 жылдығы келе жатыр. Кезінде Жоғарғы Кеңестің депутаты болып жүріп, Мұхтар Шахановпен бірге Қазақ ССР Жоғарғы Советі Президиумының желтоқсан оқиғасына түпкілікті баға беру жөніндегі комиссиясына төрағалық еттіңіз. Мұхтар Шаханов сіз туралы: «Көрнекті ақын Қадыр Мырзалиев біздің комиссия жұмысын жоққа шығарғысы келген МҚК, ІІМ және Прокуратура қызметкерлерінен құрылған топ жұмысын қолдады. Менің Мәскеуде жүргенімді пайдаланып, бұл ойынға ол кісіні кім итерді екен? Байқауымша, үлкен деңгейдегі адамдар араласқан сияқты...» деп жазды.
– Мұхтар психологиясы бөлек жігіт қой. Мен өзін сыйлаймын. Алғашқы кітабын да мен шығарғам. Інім болып кеткен. Құдай берген таланты бар, жүрегі бар. Бұл екі нәрсесін ешкім де жоққа шығара алмайды. Мен оған айттым: «Сенің «статусың» үлкен. Сен КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутатысың. Мен республикалық дәрежедегі депутатпын. Мен жайлап-жайлап осы істен ығысып кете берейін» дедім. Солай да жасадым. Мен Мұхтарға қарағанда жасым үлкен, тәжірибем бар азаматпын ғой. Сол кездегі Үкіметтің алдына қойған мақсаты – Желтоқсанға байланысты мәселені тезірек жаба салғысы келді. Оны мен сездім. Сол үшін «баяндаманы тезірек жасаңдар» деп асықтырды. Мені олар жақсы біледі. Кезінде әкесін танытып тұрып сөйлегенмін. Оны Сағат Әшімбаев жазып алып, сол хабарды теледидардан екі-үш рет көрсетті. «Көп нәрсенің беті ашылады. Бұл жолы сессияда қарамайық» дедім. Ал билік өмірі шетелге шықпаған, шетелдік паспорты жоқ маған бір күннің ішінде паспорт жасатып, Испанияға жіберді. Мен бірақ кетіп бара жатып Мұхтарға барлық байқаған нәрсемді айтып кеттім. «Мұхтар, көресің, мен қалай кетем, солай саған баяндама жасатады. Мен мұны сенен қызғанып тұрған жоқпын, бұл сені арандату үшін жасалып отыр» дедім. Айтуын айтсам да, біздің бала арандап түсіп қалған. Шетелден келген соң, таспаға жазылған Мұхтардың баяндамасын өз құлағыммен тыңдадым. Шығып сөйлеушілер, қысқасы, Мұхтарды ит қылған. Мұхтардың оларға әлі келмеген. Бірақ ол күресін тоқтатқан жоқ. Ал мен бұл жұмыстан кеттім, «бәлесінен аулақ» дедім.
– «Ел бірлігі» доктринасына қарсы Мұхтар Шаханов бастаған ұлт зиялылары аштық жариялағалы жатқанынан хабардар боларсыз.
– Естігем. Бірақ нақты кімдер екенінен хабарым жоқ. «Қазақстандық ұлт» деген сөзге қарсы болғанда, мен қол қойып бергенмін. Ал енді мұндай күрес тәсілі, әрине, қазақтар үшін жақсылық емес. Жалпы, әлемдік принциптерге тым үйірсек болып кеттік. Мен өзі Өзбекстанның президентін онша жақтыра бермеймін. Бірақ соны қолдаймын. Елінің етек-жеңін қымтап отыр. Түркіменбашы да сол. Қырсық болса да, Лукашенкоң да сондай. Ал біз дүниежүзілік саясат арқылы шығамыз дейміз. Дұрыс, шығайық. Бірақ сөйтіп жүріп қазақтығымыздан айырылып қалмасақ болды.
– Қадыр аға, сіздің тапжылмай ұқыпты жұмыс істейтіндігіңіз, мұқият еңбектенетініңіз әркімге де аян десек, қателеспейміз. Осыны есепке алсақ, сіздің күнделік жүргізбеуіңіз мүмкін емес. Әлде қателесіп отырмын ба?
– Күнделікті он бес жылдан бері жазып келемін. Ауырған соң жарты жылдай тоқтап қалды. Енді қайта бастаймын. Оны жазайын деп жазған жоқпын. Себебі көп нәрсені ұмыта бастаппыз. Оған «Жазмышты», «Иірімді» жазған кезде көзім жетті. Күнделіктің өзі де екі-үш том болып қалды.
– Оны қашан жариялайсыз?
– Күнделікті жариялау – ырымға жаман. Мен саған айтайын, орыстың бір керемет жазушысы бар, фамилиясын ұмытып тұрғаным, сол күнделік жазып жүретін. Біреулер айтып қоймаған болу керек, соны көзінің тірісінде бастырды. Содан көп ұзамай, қайтыс болып кетті. Күнделік деген – «опасный» нәрсе.
– Жақында Жұмекен Нәжімеденовтің «Қазақ әдебиеті» газетіндетұңғыш рет күнделігі шықты. Өзі өлген соң жиырма бес жылдан кейін. Оқыдыңыз ба?
– Жазса, «молодец»! Бірақ ол үндемей жүріп... қалай күнделік жазуғақолы тиді екен?
– 1983 жылы ауруханада жатып жазыпты.
– Онда көп жазбаған ғой. Ауырып жатқан кезде ғана жазған болуы керек. Ауруханаға да өзі көп түспейтін. Күнделік керек! Мысалы, Тургенев өте жақсы жазушы. Неліктен екенін, Мұхтар Әуезов өзіне кімнің ұстаз екенін айтқанда, Толстойды айтпайды, Тургеневті айтады. «Тургенев табиғатыма жақын адам» деп. Сол Тургеневтің 24 томы шықты, бір кезде. Соның 17 томы хаттардан тұрады. Ол – эпистолярлық жанрға қатты мән берген адам. Қазір ешкім ешкімнен хат алмайды. Газет-журналдарда істейтіндер болмаса. Мен де «Балдырғанда» істеп жүргенде біраз хаттар алып едім, соларды да жоғалтып алыппын.
– Мемуар жазу ойыңызда жоқ па?
– «Иірімім» сол мемуар ғой. Ішінде Ғабит те, Ғабиден де, Сәбит те, Әуезов те, Тәжібаев та бар. Одан артық жазбадым. Одан артық жазсаң, көп нәрсені қозғап, бүлдіруің мүмкін.
– Қазақтың мүйізі қарағайдай жазушылары бір кезде баспасөзде қатты ұстасты. Халықтың «көзінше» бұлай «айтысудың» түп негізі қайда жатыр?
– Енді... Оның ішінде сен де барсың дегелі отырсың ғой. Мұхтар Мағауинге мен де хат жазғам. Ол маған бір рет «бәрібір саған жауап жазамын» деп қоқан-лоқы көрсетті. Бірақ мен оның жаза алмайтынын білдім. Себебі мен ол жаза алмайтындай қылып жаздым. Мен оны жазайын деп те жазған жоқпын. Адамға тиісу менің мінезімде жоқ. Өзі ана бір жазушы жігітті маған қарсы салып қойып, «Жұлдыз» журналында иығымнан екі жыл бойы түспей қойды. Мен тап бір әдебиетке тек зиянымды тигізіп жүрген адам сияқты. Мен басында «мынау әділетсіздікке біреу-міреу араша түсер» деп ойлағам. Ондай араша түсер ешкім шықпады. «Қадеке, өзіңіз жауап жазбай, бұл нәрсе бітпейді» деп біраз жігіттер ақыл айтты. Содан, жаздым. Білесің ғой. Дұрыстап оқыдың ба? Соның ішінде Бегділда дегенді «әдеби бомж» дедім. Соны салып қойды. Аянбай жұмыс істеді байғұс. Мені әдебиеттен айдап шығам деп ойлады. Қысқасы, кезінде Мағауин «менің Олжас ағам» дегенді екі-үш рет айтып жіберіпті. Жұмыстан шығарамыз дегенде, Олжасқа барған ғой. Олжас гуманист жігіт, көмектескен, сөйтіп, Мағауин орнында қалып қойған. Мағауин екеуміз көрші тұрдық. «Сенің қазір жамандап жүрген Олжас жөнінде кезінде айтқандарың есіңде ме, басқаға емес, мына маған» – дедім. «Соның бәрі менің күнделіктерімде жазулы тұр» – дедім. Түсінсін деп.
Қазақстанда тұңғыш поэзия кешін Опера театрында өткізген адаммын. Мәскеуге, басқаға еліктегеніміз бар. Әбділда Тәжібаев өзі басқарды. Қырық ақын қатысты. Бәрі бір-бірден өлең оқыды. Сонда мен «Көкпар» деген өлеңімді оқыдым. Осында қазақтың тарихы бар. Жұрт қол соғып, мені сахнаға қайта-қайта шақырды. Әбділда Тәжібаев: «сені жұрт қалап отыр, шығып, тағы бір өлеңіңді оқы» – деді. «Іле ескерткіші түбіндегі ой» деген саяси өлеңімді оқыдым. Жұрт не десе, о десін, өзім Тәжібаевты жақсы көремін. Заманы солай болды ғой. Сексеуілді балтамен шаба алмайсың. Оны сындыру үшін біріне бірін соғасың. Бір қазақты бір қазаққа солай соққан. Сәбит Мұқанов «Есею жылдарында» осы мәселені жазады, мен соған сенем. Голощекинді алғаш рет ит қылып жазған осы кісі. Сәбең: «Сейітқали Меңдешов пен Сәкен Сейфуллин бірін-бірі өте жақсы көрген, бірақ екеуін жаңағыдай әдіспен жауластырып қоятын» – деп жазады.
– Туған жеріңіз Оралға жиі барып тұрасыз ба?
– Жақында ғана барып келдім. Кезінде елге құрметтеп шақырған соң, барғанмын. Обалы не керек, жағдай да жасады. Бірақ үйреніп қалған Алматым бәрінен ыстық. Мен Алматыға 1953 жылы келгем. 56 жыл болыпты осы қалада тұрғаныма. Бірде Алматы облысының әкімі Серік Үмбетовке «Осы сен мені қай жердің адамы деп ойлайсың, Орал жақта он жеті-он сегіз жылым ғана өткен екен, қалған ғұмырым осында өтіп жатыр» дедім. Ел басқарып жүрген адамдар ғой, түсініп, күлді де қойды. Оның үстіне, әйелім – Қаскелеңнің қызы. Президентпен бір мектепте оқыған.
– Сізді «Қазақстандағы жеке кітапханасы жөнінен ең бай адам» деп естиміз.
– Дәл олай деп айту қиындау енді. Мына жерде бір қабырғаны тұтас алып тұр. Сосын үйдің астында. Балаларымның үйінде де тұр. Бәрі сыймайды ғой. Баяғыда Оралға барғанымда, «Қадеке, сіздің проблемаңыз кітапхана ғой, сізге кітапхана салайық» деп шешкен. Бір вагон кітапты елге апармақ болғанбыз. Бірақ басшылық ауысты да, бәрі жайына қалды. Әуезовтен ақылды адам жоқ. Сталиндік сыйлықтың ақшасына жақсы жерден қатырып үй салдырды. Үй болған соң бәрі де есептелген, кітапханасы түгел соның ішінде қалды. Кітабының санын білмеймін, бірақ аз болмау керек. Қазақ жазушылары ішінде Әуезовтен басқа кітапханасы толық сақталған ешкім жоқ. Дәл сондай мұражай жоқ. Бәріміз де пендеміз ғой. Пенде ретінде осыны мен де ойлағам. Тарихта болған жай. Демьян Бедный деген орыстың ақыны керемет кітап сүйгіш болған, Ленинмен дос болған, екеуі «Искра» газетін бірігіп шығарған. Ленин оған кейіннен Кремльдің ішінен пәтер берген. Кремльде Бедныйдан басқа орыстың ешбір ақын-жазушысы тұрып көрмеген. Өте бай кітапханасы болған. Сол Бедныйдың кітапханасының қайда екенін қазір ешкім білмейді. Пабло Неруда деген Чилидің ақынының да кітапханасы қолды болған. Мен Иманғали Тасмағамбетовке де айттым. Ақылды жігіттердің біреуі ғой. Бір күні шақырып алды. Жетпіс жылдығымда ғой деймін, шай беріп отырып сөйлесті. «Қандай уәжіңіз бар?» дегенде, «Маған қандай жақсылық жасайтыныңды өзің білесің, ал мен саған да, өзіме де бір жақсылық жасағым келеді» дедім. «Қандай?» деді. «Мен саған, яғни сен арқылы осы қалаға кітапханамды сыйлаймын. Ол үшін бір ғана өтінішім бар, ол кітапхананы өзің жеке ұстайсың, ол үшін бір жай саласың, жағдай бар, кейін оны бір құзырлы мекемеге тапсырасың ба, өзің білесің» дедім. Басын шайқап отырып: «өте жақсы нәрсе екен, бірақ Алматыда кітапхана салатын жер қалған жоқ, бәрін сатып жіберген, төрт мектеп салуға жер таппай отырмыз» – деді. Маған не жер керек, оқу залы бар екі қабатты үй салса, жетпей ме? Сонымен, кітапхана мәселесі шешілмей тұр. Әлі де қазіргі қала әкімі Ахметжан Есімовпен осы мәселе жайында оңаша сөйлесіп көрмек ойым бар. Өйткені Сәбит Мұқановтың да, Ғабит Мүсіреповтің де музейінде жарытымды кітапхана жоқ. Тек қана Әуезовтің кітапханасы сақталған. Тіпті болмаса, осы отырған үйді кітапханасымен, ана домбырамен қоса қалдырайын, бәрін ал, бір департаментке тіркеуге ал, евроремонт жаса, маған да жақсы, мемлекетке де жақсы. Өлген адам сенен жалақы сұрамайды. Тек «Қадыр Мырзалиевтің кітапханасы» деп ұстап тұрса болды. Кітап деген мәңгі тұрмайды. Бұл кітаптардың бәрінде өзің тұрсың ғой, өзің сатып алғансың, бәрін өзің жинағансың. Студент кезімде аптасына 30-40 кітап сатып алатынмын. Мен туралы кейін біреу зерттеу жүргізсе, кітапханамның бір бұрышында архивім де тұр, әдейі бәрін реттеп қойдым.
– «Қадыр Мырза Әлі – ұлы ақын» деген анықтауышқа қалай қарайсыз? Газеттер сізді осылай жазып жүр.
– Бұл өзі түгелдей уақыттың шаруасы ғой. Газеттердің де шаруасы емес. Газеттер маған осы сөзді екі-үш рет пайдаланды. Жазса жазсын, рақмет айт та, жүре бер. Соны иемденіп, арқа тұтатындар, біреуге барып міндетситіндер болады. Ал ондай мінез менің табиғатымда жоқ. 60 жасқа толғанымда университетте кездесу болды. Оны марқұм Зейнолла Қабдолов ағамыз басқарды. Сол кісі маған қарап отырып: «сен ұлы ақынсың», – деді. Мен, шынын айтқанда, қатты сасып қалдым. Ол кісі өте шамшыл адам. «Сіз қателесіп отырсыз» деп айта алмайсыз. Соңыңа түсіп алады. Сондықтан үндеген жоқпын. «Мен осы сөзді өмірімде екінші рет айтып отырмын» – деді. «Бірінші рет Лениндік сыйлық алғанда Әуезовке айтқанмын. Түнде қыдырып жүр едім, Әуезовтің үйінің шамы жанып тұр екен, «тәуекел» деп есігін қағып едім, өзі шығып, құшақтап қарсы алды. Сонда мен «Мұха, сіз ұлы жазушысыз» деп айтқан едім. Осы сөзді енді саған екінші рет айтып отырмын» – деді. Бұл сөз маған қиын тиді. Қазір заман өзгерді. Жастар күн сайын бір-біріне «ұлысың» дейді. Бұрын әрең айтатын сөзді қазір тал түсте айтатын болды. Ал Пушкиндер қылжақбастау болған болуы керек, Болдино деген жерде, «Евгений Онегинді» жазып жүрген кезі болса керек, «Ай да Пушкин, ай да сукин сын, ай да молодец! » деген өзіне-өзі риза болып. Сол кезде салған суреті де бар. Ол өзінің ұлы адам екенін жақсы сезінген. Бірақ еш уақытта айқайламаған.
– Сіз кейде әдебиеттегі кейінгі інілеріңіздің еңбегін бағалағанда, болмаса айтысқа қазылық еткенде жалпақшешейлік танытып кеткендей көрінесіз. Сол берген бағаларыңыз шын көңіліңізден шыға ма? Қадыр ақын «қара қылды қақ жарған» қазылық таныта алмады деген пікірлерді естиміз.
– Енді... Араға түсетін адамдар, өздері телефон соғатындар болады. Жалпы, қазақылыққа ештеңе істей алмайсың. Сол қазақылықтан бастайды, қаралар, төрелер деген сияқты ру да кетеді ішінде. Өздерін танымасам да, әділдікті айтып, көмектескен ақындарым да бар.
– Кезінде Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсіреповтер жастар әдебиеті жайлы ақтарыла пікір айтып, кейінгілерге жол-бағыт сілтеген. Қазіргі жастар «біздерді оқымайды» деп ақсақалдарға өкпелеп жатады.
– Осы бекер сөз. Менің енді шығатын жиырма томдығымның ішінде «Сөз сиқыры» деген екі томым тек қана поэзияны зерттеуге арналған. Ол бұрынғы он алты томымның ішіне де енген. Енді соған толықтырулар енгізбекпін. Соның ішінде Мұхтар Шахановтан бастап басынан сипамаған бірде-бір адамым қалмаған.
Жастар дейтін жастар да қалған жоқ. Қызылордада Шахизада Әбдікәрімов деген жігіт бар. Соның кітабын өмірі оқымаппын. Жақында оқыдым, жақсы ақын екен. Бірақ соның өзі елуден асып кеткен жігіт қой. Есенғали, Ұлықбек бар, олар енді қалыптасқан ақындар ғой. Қазір жастар әдебиетпен күн көре алмайтынын біледі. Сондықтан өндіртіп жазып жатқан ешкім жоқ шығар.
– Дәстүрлі сұрақ: қазір не жазып жүрсіз?
– Жазатын нәрсе көп қой! Бірақ соған құдіретің жетпейді. Қазақтың әдебиетінде әлі күнге бір жазылмай жүрген нәрсе бар. Тек ауызша айтылады. Өмірінде бастық болмағанмен, Жазушылар одағын басқармағанмен, креслода отырмай-ақ Жазушылар одағын басқарған адамдар бар. Соның бірі – Әлжаппар Әбішев. Тағы бірі С. Ш. деген марқұм болып кеткен жазушы. Осылардың жақсылықтарымен қатар, жамандықтары да көп. Мен солардың куәсімін. Осындай бір адамдар болды. Болашақ үшін бәрін жазып кеткің келеді. Әттең, қысыласың. Өсек айтқан адам сияқты боламын ба деп.
– Қаншалықты діндарсыз?
– Менің Ғазиз деген кіші балам бес уақыт намазын қаза қылмайды. Жұма намазына үзбей барып тұрады. Жайнамазы көлігінің ішінде жүреді. Мынау менің шкафымда арақ-шараптың түр-түрі тұр. Өзім, әрине, ішпеймін. Бірақ келген қонаққа құйып беремін. Кейбіреуі «сіздің үйдің сарқыты, ала кетейін» деп әлдеқандай боп жатады. Балам: «мұсылманның үйінде арақ тұрмауы керек», – дейді маған. Біз енді түзетуден кетіп қалдық. Мен қазір Құран аяттарын жаттайын десем де, жаттай алмаймын. Ал әкем елде «кіші молда» атанған. Әкемнен ерте қалдым. Қырқыншы жылдардың аяқ кезінде сүзекпен қатты ауырдым. Талықсып кетсем керек, бір кезде көзімді ашсам, әкем «сүф! сүф!» деп дем салып отыр екен. Сол әлі есімде қалыпты. Менің дінмен байланысымның бар-жоғы – осы. Бірақ дін бізге керек деп есептеймін. Ол былай. Қазір көптеген адамдардың жаман қылықтарын, пендешіліктерін тоқтататын күш қалған жоқ. Баяғыда бәрін партия, комсомол жөнге салатын. Дінді керек деп отырғаным сол. Шын түсініп, шын қаймығу керек. Дін сенің жүгенің де, тізгінің де. Жамандықтардан іркіп отыратын нәрсе ғой.
– Қадыр аға, бас жақты біраз сөз еттік қой. Енді шашқа келсек...
– Не айтпағыңды түсіндім. «Қартайдық, қайғы ойладық, сақал сирек» дейін бе?.. Шау тартқан шағымда оқырмандармен кездесуім болды. Сонда бір әйелдің: «Сіздің шашыңыз имиджіңіз еді, соны неге ұзартып қоймайсыз, ол сіздің портретіңіз болып бірге жүру керек» дегені бар. Оған мен не деймін? Олар жас қыз, бойжеткен болған, біз естерінде солай қалғанбыз ғой.
– Бүгінде қайтыс болып кеткен жазушылардың еске алу кештеріне, болмаса көзі тірі қаламгерлердің мерейтойларына тек жақындары мен жерлестері, руластары жиналатын болды. Қытайдан келген қаламгердің тойы болса, тек сол шекара асып келгендер отырады дегендей. Тіпті қазақ әдебиетінің классигі Тәкен Әлімқұловтың Жазушылар одағында өткен 90 жылдығында он жазушы ғана шошайып отырды.
– Тәкеңді біліп жарытпайды ғой. Сосын бармайды. Әйтпесе Тәкен өте жақсы жазушы ғой. Ең бірінші шыққан «Сапар» деген өлең кітабын менен сұрап алып, пайдаланып жүретін. Өзінде ол жоқ екен. Мықты әдебиетші еді. Өте қарапайым болды. Бірақ ол да ешкімді менсінбейтін. Енді... дұрыстап ұйымдастырмаған соң, не істейсің. Тәкенге барғаннан гөрі, жұрт Исаевқа барғанды жақсы көреді. Ибрагим ініме. Қалжыңдап айтып отырғаным ғой. Өзін былай жақсы көрем...
Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Төреғали ТӘШЕНОВ
MalimBlocks
Ақын Қадыр Мырзалиевтің балаларға арналған өлеңдері
Қадыр Ғинаятұлы Мырзалиев (1935-2011) 5 қаңтарда Орал облысының Жымпиты кентінде туған. Ақын, Қазақстанның халық жазушысы (1995), ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері. 1958 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын сол кезде жаңадан ашылған балалар журналы «Балдырғаннан» бастаған. «Жұлдыз» журналы редакциясында поэзия және сын бөлімінің меңгерушісі, жауапты хатшы, бас редактордың орынбасары, 1968-1973 жылдары «Жазушы» баспасында қазақ поэзиясы бөлімінің меңгерушісі, «Балауса» баспасының редакторы, кейін Қазақстан Жазушылар одағында поэзия секциясының кеңесшісі болған. 1966 жылы «Ой орманы» жинағы үшін Қазақстан Ленин комсомолының сыйлығы берілді. 1980 жылы «Жерұйық» жыр кітабы үшін Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды. Ол Қазақстанның халық жазушысы. 2001 жылы Тәуелсіз «Тарлан» сыйлығын алды.