Ақын Қалқаман Сарин өлеңдері

БӨРІЛІ…
«Мұңлы қоңыр туған анам, туған жерім – Бөрілі»
М. ӘУЕЗОВ
Бөрілі – жырым,
Бөрілі – мұңым,
Бөктерлеп кеп тұр өз балаң…
Қобыздың мен де – қоңыр үнімін,
Қозғаған сайын боздаған.
Қастерлім, кешір, қалдым адасып,
Қасиет жолын таба алмай.
Басымнан сипап, бауырыңа басып,
Баурашы туған анамдай!
Балғын денесін бала Мұхтардың,
Балқытып жуған Қарасу*.
Сен айтшы, маған далалықтардың,
Салты ма, сірә, адасу?..
Басымды иемін, Бөрілі саған,
Басалқы сөзің алданыш.
Сені қайғыдан, мені құсадан,
Сақтайтын өзі, бар ма күш?..
Жетпейді саған бар дүние құны,
Жерің де, желің жұпарлы.
Әуез қожаның әулиелігі —
Әлем таныса Мұхаңды!..
Алдыңа келдім, Аяққараған*,
Абайлап басып аяқты.
Бөгеліп қалмай аяп бабадан,
Бақ қылдым Құран-аятты!..
Бөрілі – мұңым,
Бөрілі – мұңым,
Бөбегім — өлең. Жылатпа!
Жазылмады әлі ең ұлы жырым,
Жазғырма, жаным, кінә артпа!..
Ғазиз әкенің, әзиз ананың,
Ғарыш жаратқан жері деп,
Ойшылдың іздеп сәби жанарын,
Ойға шомады төңірек…
Ол жайлы ешкім сыр ашып бізге,
Олжа бермейді. Кең өлкем!..
Бұл жаздың соңы ұласып күзге,
Бұлғайды қолын тағы ертең.
Зулайды солай уақыт деген,
Замана болмас залалсыз.
Арманымды аппақ құлатып төмен,
Азабын тартам амалсыз.
Бөлеулі – жырым,
Бөрілі – мұңым,
Бөтенсіп, азап кештірме!
Мен де – бір мұңның қоңыр ұлымын,
Мейман боп келген бес күнге!..
*ҚАРАСУ – бұлақ.
*АЯҚҚАРАҒАН – Күзек.
Жазушының туған жері.
ШЫҢҒЫСТАУ
Бұланайдай Мұхтар туған
Уа, Шыңғыстау,
Құрсағың құтты алтыннан!..
Заманалар ауса да заңғарым-ай,
Бір айныған емессің тік қалпыңнан!
Тік қалпыңнан айнымай,
нық қалпыңнан,
Ұлылықты ұқтырып ұлтқа алқынған,
Жарықтығым, жай ғана жатқаныңмен,
Именеді былайғы жұрт даңқыңнан!..
Уа, Шыңғыстау,
Күмбірлеп күмбезіңде,
Кілең күлік кісінеп туды өзіңде.
Саған іңкәр мұң бар Ай жүзінде,
Саған ынтық бір нұр бар Күн көзінде!
Сен – бірегей таусың дүр…
Сен биіксің!
Тағзым, саған, тәкаппар керме иық шың!
Абайдағы – армансың, ащы азапсың,
Шәкәрімдегі – шеменсің, шер-күйіксің!
Сен – сондықтан биіксің,
Тым биіксің!
Тереңдік пе?..
Тереңсің!..
Тұңғиықсың!..
Ұлылықтың бастауы… уа, Шыңғыстау,
Ұлтым деген қызға – құт,
Ұлға – ұйықсың!..
…Сен – сондықтан биіксің,
Тым биіксің!
Соңғы толғақ
«Ең соңында толғатты,
Мұхтардай Гималайды…»
Қалихан Алтынбаев
Қалғаны ма, есі ауып ел жұтаңдап,
Алғаны ма, бақты емес сорды таңдап,
Қорлады ма, бір кесір жолды торлап,
Болғаны ма, шынымен соңғы толғақ?..
Үлгісі – аңыз
Тіл қатшы, Шыңғыс абыз,
Қайғы жұтып қашанғы мұң құшамыз?
Аласұрып әлі күн арқалап жүр,
Бір кісінің артынан мың кісі арыз.
Танымадық,
Таппадық,
Біз Абайды!..
Арманымыз неге алыс ұзамайды?
Ғасыр өтіп барады, ғасыр өтіп,
Ішімізде кек-құса, ыза-қайғы…
О, Туған жер,
Құшағы от – құрсағы – алтын!..
Тынысыңды тарылтып тұмшады әркім.
Тұншықтырып қасірет қырық жылғы,
Тұнығынан лайланды-ау тұмса қалпың.
Кесапаттың кісені қолды қажап,
Содан бері кешкенің
Сор!.. Мұң!.. Азап!..
…Ұлы Мұхтар – шынымен соңғы толғақ
Ұлы Абайды таныған соңғы қазақ!
…Бір шындық бар шыңғырған,
Шыңғыстауда,
Сезем соны кеудемді мұң қысқанда.
Айтам оны бір күні!..
Айта алмаса,
Ақын үшін одан зор қылмыс бар ма?!.
Қос тамыр немесе қара шаңырақ
Қаймықпайтын ешқашан еш дауылдан,
Құлағандай қос қамал, қос қабырғам!..
Қалды қара шаңырақ…
Бәрін тастап,
Биыл ағам біржола көшті ауылдан.
Көшпесіне көнбеген
Қу тірлік-ай!..
Бір күн олай құбылған,
Бір күн былай.
Жазғыруға ағамды бата алмадым,
Жеңгемнің де күйі жоқ былтырғыдай.
Әкем қайтып….
Артынан анам қайтып,
Ғапыл-ғұмыр қапысын таба алмай түк,
Ағам байғұс ақталар заманды айтып,
Жеңгем сырқат…
Налисың оған қайтіп?..
Шүкір, бірақ үзген жоқ құртын, майын,
Ағам жақсы білуші еді жұрт ыңғайын.
Күздік десем — жығушы еді қара малды
Соғым десем — тұрушы еді
жылқым дайын!
Асыр салып жататын кеп қашан да,
Сосын, қимай жылайтын қоштасарда…
Енді қара шаңырақ,
Жоқ па сонда?..
Кім айтады,
Бұл не өзі,
Бақ па,
Сор ма?..
Түсінбедік неліктен, неге ертерек?
Елге келіп енді біз көп еркелеп,
Анам жаққан ошаққа жылынбаймыз,
Әкем еккен еменді көлеңкелеп.
Солай… ағам біржола көшті ауылдан,
Болам ба деп уақытқа босқа құрбан.
Кіндігімнен байланып тұрған мәңгі,
Қалдым ба екен ажырап қос тамырдан?!..
Қос тамырым! –
Кеш, әке,
Кешір, ана,
Бұйырарын білмедім не сыбаға?
Жұртта қалмай үдере көшкен елді
Жұтып жатыр әйтеуір осы қала!..
Күбір-күбір дұға оқып, қолды жайып,
Бұл көшкенім дегендей, болды ма айып,
«Енді, қара шаңырақ сен боласың,
кенже бала..» – деді ағам, сәл мұңайып…
Ақ пен қара алмасқан бұл фәниде,
Тек ұлылық сақталар ұлпа күйде.
Сезді ме екен кемпір-шал қырда жатып
Айналғанын кіші ұлдың үлкен үйге!..
Хат жаздым қалам алып сізге еркем…
Перісіз?.. Періштесіз?!. Пендесіз бе?
Хат жаздым қалам алып мен де сізге.
Білмеймін,
Көктесіз бе,
Жердесіз бе?
Жоқ, әлде ғайып болып кеттіңіз бе,
Түскен соң қайта оралып келмес ізге?..
Қозғасам, лаулайды өрттей дерт іштегі,
Қайтейін, жолықпадық, жол түспеді.
Ертемен қайық салсам айдынына,
Еркеме жеткізер ме Ертіс мені?
Сұлусыз!
Сіздей сұлу – Алтай мінсіз.
Ал менің бар арманым,
бар қайғым – сіз.
Талықсып тағы да сол жар басында,
Жарықтық жартыкеш Ай жантайды үнсіз.
Мені де меңдеп алған сол үнсіздік.
Айналам – алаңсыз ел, сенімсіз жұрт.
Себебін ұқтыра алмай тірі жанға,
Себелеп өте шықты көңілсіз бұлт.
Шынымен болғаны ма уәде жалған?
Ән-арман қалғаны ма, әуез-арман?!.
Әйтеуір, ақ сезімнің куәсіндей,
Осы әуен естіледі әуе жолдан.
Содан соң ырғағымен әннің баяу,
Түсемін жиегіне жолдың жаяу.
«Қозғайды қатып қалған іштің дертін…»
Құдай-ау, болмаушы ма еді
тағдырда аяу?!.
…Дайдидай-ау!..
Мөлт еткен күз
Қайда барсам, кісімсу, құдайсыну,
Бұл өмірді жат маған бұлай сүру.
Жағалауға барайық жүр, Айсұлу!
Күз келді ғой,
Күз келді – Ұмай сұлу!..
Түрленеді өзгеше күзде Өскемен.
Бір ғаламат бар мұнда біз кешпеген…
Кім біледі,
Қызырға жолығармыз,
Ешбір пенде ешқашан жүздеспеген!..
Ғажап қандай!
Қарашы, күз әлемі,
Пенделердің —
Наласы,
Ыза-кегі,
Қызғанышы жоқ мұнда!..
Таудан есіп
Тағдырымды тербейді түз әуені.
Тағдырымды тербейді түз әуені.
Жан-мұңымды емдейді күз әуені!
…Есіңде ме, ертекте қосылғанбыз,
Ертіс пенен Үлбі боп біз әуелі!..
Иә, бізге ұқсайды Ертіс, Үлбі,
Ертіс, Үлбі — Алтайдың көркі сынды.
Сен де менің кешіріп кем тұсымды,
Толықтырып келесің олқы ісімді.
Солай, жаным…
Келгенбіз ертектен біз,
Ғажайыпқа сенеміз.
Серт еткенбіз!..
…Айдай сұлу, қарашы,
Қандай сұлу,
Таңғы шықтың ішінен мөлт еткен күз!