Қалқаман САРИН. Мен де сендей дәрменсіз жанмын жаяу

Malim Админ

  • 23.01.2021

ЕЛГЕ БАРСАМ...

Еее, өмір-ай, арылтпай мұнар мұңнан,

Сағынышқа сарқылмас сыңар қылған.

Елге кеткім келеді,

Елге барсам

Елең қағып шығады кім алдымнан?

 

Кім алдымнан шығады елге барсам,

Туып-өскен,

Түлеген жерге оралсам

Еркелетер таба алмай екі адамды,

Басылмайды-ау бәрібір мендегі аңсар.

 

Елге барсам,

Басына шыт байлаған,

Баяғыдай алдымнан шықпайды анам.

Көне қорым көзіме түскен сайын,

Көңіл босап боздауық бұлтқа айналам.

 

Баяғыдай ауылда әкем де жоқ,

Тура сөйлеп сынайтын қатемді өжет.

Өткелінен өткізбей жұтты оны да,

Өлім деген - қатыгез, қатерлі өзек.

 

"Анаңыздың қолынан дәм татып ек,

Ал, әкеңіз талайға арқатірек

Болып еді!"  - деп көрші еске алады

Елге барсам,

...Ескі үйге қорқа түнеп.

 

Екі бейне сол сәтте-ақ елес беріп,

Ести бергім келетін көп естелік.

Егілгенде жұбаныш бола алмадың,

Еее, өмір-ай, өз балаң емес пе едік?!

 

Өмір, өмір өтеді-ау сірә да, өстіп

Бірде күліп, ал бірде жылап, өксіп,

Көңіл сенбей көп іске құлазиды,

Тұрсадағы көз көріп, құлақ естіп.

 

Көзден емес жүректен жас моншақтап,

Көкке қарай беремін жасқаншақтап.

Түбі -

Кеңдік,

Биіктік,

Мөлдірлікті,

Сақтап қалса қалады-ау аспан сақтап!

 

ӨСКЕМЕН

Көне жылдар көшінде анау,

Кештің ғұмыр жат кешпеген.

Өткен күнде өшің бар-ау,

Өкінішің қатты, Өскемен?!

 

Қадір тұтпа бақты құнсыз,

Қалай, қайтіп тарқар қайғың?

Құса-мұңға баттың үнсіз,

Құшағында қарт Алтайдың.

 

Алтай, Алтай – алтын бесік,

Аспан сүйіп тұрған таулар

Басыңнан дүр – даңқың көшіп,

Басынды-ау кеп кіл қорқаулар.

 

Есең кетті... Күндер ұзап,

Емін таппай дерт іштегі.

Елмен сонда бірге жылап,

Егіле аққан Ертіс пе еді?!

 

Жағадан ап мың батпан мұң,

Жау да көрдің, дау да көрдің.

Артынан қол бұлғап қалдың,

Арғы бетке ауған елдің.

 

Үмітін де үзді бауыр,

Үнсіз налып, Үлбі жаны.

Қорғасындай біздің ауыр

Қайғымызға кім кінәлі?

 

Қазып алды неше бөтен,

Қазынаңды қойныңдағы.

Қашан ғана шешеді екем?

Қыл арқанды мойныңдағы...

 

ЕРТІС

Сырыма қанық... Ертіс ағады,

Сүйген сәт есте ең алғаш.

Өзекті бүгін өрті шалады,

Өткен күндердің оралмас.

 

Ертегі сынды Ертіс ағады,

Елесі сіңіп санама,

Жанымның жалғыз дерті сол әлі,

Жан қалқам қалған жағада.

 

Тұп-тұнық толқын... Ертіс ағады,

Тұла-бойымды толқытып.

Жазира белдің желпі, самалы

Жусанның иісін аңқытып.

 

Екпіндеп алып Ертіс ағады,

Ерке күндерге дес бермей

Шабытсыз шақтың шер-құса бәрі,

Шарасыз ғұмыр кешкендей...

 

Тұнжырап кейде Ертіс ағады,

Тулайды қайта тыншып ап...

Баурайды сосын көркі сананы,

Байғазысына жыр сұрап.

 

Ай қарап көктен... Ертіс ағады,

Аймалап сәуле-шуағы.

Ақынның бір сәт толқыса жаны –

Ақ қанат өлең туады!

 

МОЙЫНДАУ...

Алып ұшар қанатымның жоқтығын,

Аспан салды есіме.

Шындығы сол,

Шымшық құрлы жоқ құным,

Шіренемін несіне?

 

Жасын төгіп жылайтынын аспанның,

Жаңбыр салды есіме.

Тақтан бір күн құлайтынын патшамның

Тағдыр салды есіме.

 

Тағатымның,

Төзімімнің жоқтығын,

Таулар салды ойыма.

Таудай күнә арқалаған дерттімін,

Тараған у бойына.

 

Обал-сауап, сұрақ-жауап, ар сотын,

О, дүнием салды еске.

Таразылап ғұмырымның әр сәтін,

Тәңір-Ием салды еске.

 

Салмағымның,

Сабырымның жоқтығын,

Салды есіме Қара жер!

Түсіреді өмірімнің көп күнін,

Тәубесіне Қара жер!

 

Қара жердің болмайтынын түбі ырыс,

Қабір салды есіме.

Топыраққа айналарын бір уыс,

Тәнім салды есіме.

 

Теңіз-көлдің

Тереңдігін,

Тулаған

Толқын салды есіме.

Ал мен таяз ой-санамен бұлданам,

Айтыңдаршы, осы не?

 

Жабырқаулы

Жалғыз ару салды еске,

Махабаттың жоқтығын.

Махаббаты өлген оның сол кеште,

Мұңға беріп шаттығын.

 

Сырға берік шын достықтың жоқтығын,

Салды есіме сатқындық.

Болмаған соң сенім мықты, серт мығым,

Бәрі бекер, боқ тірлік!

 

Адамдарда ақиқаттың жоқтығын,

Айтты маған қар әппақ.

Өзегімді өртейді кеп от-мұңым,

Өмірімді парақтап...

 

Алып ұшар қанатымның жоқтығын,

Аспан салды есіме.

Шындығы сол,

Шымшық құрлы жоқ құным,

Шіренемін несіне?

 

***

Қараңғыда келеді ой шұбырып,

Қара терге түсемін бой суынып.

Жұлдыздардың

жарығын

жұтады түн,

Түннің өзін ішеді Ай сіміріп...

 

Аққан жұлдыз секілді сөнді бір ой,

Сөнеді олар, сөнеді...

Белгілі ғой.

Жаңғырықтың ішінде жүргендеймін,

Мәңгіліктің мұңы емес мендік үрей.

 

Көз үйренген құбылыс...

Күнде көрем,

Арызымды айтпаймын түнге керең.

Тұтам ойдың айналып тұтқынына,

Өзімді-өзім қамаймын түрмеге мен.

 

Қақтап отқа,

Қайнатып қазаны ойдың,

Өзімді-өзім жазғырып жазалаймын.

Сосын, таңға талықсып жетеді әрең,

Таза мұңым,

Таза ойым,

Таза қайғым.

 

Бір ойымда жоқ мұрат, жоқ мінәжат,

Бір ойымнан шошынып тарттым азап.

Бір ойымды жоғалтып аламын да,

Бір ойымнан табамын сәтті ғажап.

 

Тас қараңғы түнекке көз байланып,

Қоламтасын үрейдің қозғайды анық.

Құрсағынан шықты да суық түннің

Тағы бір ой жоғалды сөзге айналып.

 

***

Түнгі қала...

Жауып тұр жаңбыр баяу,

Айтшы, неге көңілге салдың қаяу?

Жалғыздыққа жұтылып күз аңқыған,

Сен де мендей ұйқысыз қалдың ба ояу?

 

Сен де мендей ұйқысыз қалдың ба ояу?

Мен де сендей дәрменсіз жанмын жаяу.

Қала түнін құтқарып...

Тағы отырмын,

Сағынышпен құлпыртып сан мың бояу.

 

Сағынышым бір ауыз сөзден аңқып,

Сабырымды аламын тез жоғалтып.

Қарашығым, қиылып қарашы бір,

Көңіл сырын кім айтсын көзден артық.

 

Кімге?

Қашан?

Неліктен?

Неге?

Қайда?

Сансыз сұрақ батырып терең ойға,

Үгітіліп үміттің қабырғасы,

Үрей сіңіп барады өне бойға.

 

Үрей сіңіп барады өне бойға,

Мен үйренгем.

Сен байқа,

Сен абайла.

Арманыңды айтқызбай түсiнбесе

Керек емес мұң шағып керең Айға.

 

***

Қарасуық.

Қараша.

Қала күзі.

Екі тағдыр көрдім мен нала жүзі.

Екі жетім жоқ үйі, жоқ азығы,

Туа салып тауқымет тартатындай,

Не жазығы бар еді,

Не жазығы?

 

Соны ойладым,

Қалтырап күз қойнында,

Көп ойладым оранып мұздай мұңға.

Құшақтасып жатты олар,

"Ешкімнің де,

Хақысы жоқ, дегендей, бізді айыруға!".

 

Ағасының білегін жастанып ап,

Жатты інісі жанарын жасқа бұлап.

Қос мұңлықты елейтін ешбір жан жоқ,

Қала,

Дала,

Қалғандай бос қаңырап.

 

Тарықса да таба алмай түнер орын,

Тағдырының күрделі күре жолын, -

Жазғырмайды ешқашан.

Тас жастықта

Жатса-дағы, жұп-жұмсақ жүрегі оның.

 

Ал, біздің ше,

...Қайтеміз босқа айла ғып?

Кейде күпір қыламыз жастай налып.

Құс жастықты құшақтап жатсақ-тағы,

Жүрегіміз барады-ау тасқа айналып.

 

***

Махаббатқа ұқсайды мына көктем,

Мәңгілікке келмеді ол бірақ, әттең...

– Оны саған кім айтты? - дейді, жүрек,

– Жаңбыр айтты! - деймін мен, жылап өткен.

 

Сағынышқа ұқсайды осы көктем,

Сағыныш та тұрады қасіреттен.

– Оны саған кім айтты? - дейді, жүрек,

– Сезім айтты! - деймін мен, ғашық еткен.

 

Арманыма ұқсайды анау аспан,

Ол да алдамшы жеткізбей ала қашқан.

– Оны саған кім айтты? - дейді, жүрек,

– Жолым айтты! - деймін мен, көп адасқан.

 

...Кеудемді ұрып тұратын кейде ақырын,

Неге бүгін жүрегім беймақұрым?

Өтіріктен жалығып кетті-ау, сірә,

– Оны саған кім айтты? - дейді, ақылым!..

 

ЫСТАНБҰЛ.

Түріктің қызы...

Қала бұл — кенттің төресі атанған,

Ержүрек түрік егесі атанған.

...Ынтызар болдым, сұлуды көріп

Ыстанбұл деген көне шаһардан!

 

Есімі — Башак,

Түріктің қызы,

Түсі игі бір жан күліп тұр жүзі.

Мәрмәрдай* мөлдір қалқаны көріп,

Жанғандай, шіркін, үміт жұлдызы.

 

Кескіні дара,

Кесімі бөлек,

О, Башак, Башак,

Есімі де ерек!

Өтпесін көздің сұғы һәм тілдің

Кетпесін тиіп кесірі кенет.

 

Аузынан шыққан лебізге елжіреп,

Толқиды мендей теңіз мөлдіреп.

Қозғайды неге көне бір сарын,

Боздайды неге қобыз боп жүрек?!

 

Боздайды неге?..

Жаттығы жоқ-ау,

Жақыным сынды бақ, құны бар-ау.

Үміт-арманды оятып қайта,

Жылытар жанды жақты бір алау.

 

Ол — әзиз басын иіп, "ағалап"

Қасыма келді қиыла қарап.

Айтпасам айып болар-ау, бәлкім,

Құдайдың мұндай сыйына мадақ!

 

(*мәрмәр теңізі)

 

***

Ей, ерекше туған çok güzel, Башак.

Елітіп мені етті зар, Башак.

Аз ғана күнде арманға айналған,

Көңілдің күйі көпке ұзар, Башак.

 

Аңсары мендік азат сананың,

Теңіздің жұттым ғажап самалын.

Есімнен кетпес есіміңді үнсіз,

Қайталап тұрып қазақшаладым.

 

Түрікше — Башак,

Қазақша — Масақ,

Айырмасы да аз-ақ санасақ.

Қалатын қайран көңіл-ай біздің,

Сөзіме ұқсас сөз айтса босап.

 

Басынан бір кез бағы асыл көшкен,

Тағдырдың талай наласын кешкен,

Қызыл бидайдың масағы ма едің,

Қазақтың байтақ даласында өскен.

 

Құлазып, боздап көңіл-бозінген,

Бір сүрген жандай өмірді өзіңмен,

Жаныма жақын тартамын сені,

Жатырқау көрмей қоңыр көзіңнен

 

Адамның қолы арманға, Масақ,

Жетпейді мынау жалғанда, Масақ.

Теңізде жүзіп, тереңнен сүзіп,

Атыңды жазсам мәрмәрға қашап.

 

Жауһардай болып құны бар көне,

Жанымды баура, күліп, еркеле...

Сұлулық, сенің алдыңда кішік,

Сұлтанға біткен ұлы мәртебе!

 

Ақынның айға құштар жүрегі,

Ал оның сырын құстар біледі.

Күнәсіз көздің жасындай күннің,

Куәсі — жалғыз Ыстанбұл еді!..

Байланысты жаналықтар

Астанада Герольд Бельгердің жаңа кітаптары таныстырылды

15.11.2024

Том-том жарысты кім тияр?

21.10.2024

Ақын Гүл Зарқұмар өлеңдері

10.10.2024

Ақын Алмас Темірбай өлеңдері

10.10.2024

Күз туралы өлеңдер

16.09.2024

Оқырманы көп ақын – Мұқағали Мақатаев

12.09.2024
MalimBlocks
Астанада Герольд Бельгердің жаңа кітаптары таныстырылды

Кітаптар еліміздің кітапханаларына таратылады

Том-том жарысты кім тияр?

Ептілер жазушы еңбегін әділ бағалаудан гөрі ебін тауып екі асағаннан аса алмай келеді

Ақын Гүл Зарқұмар өлеңдері

Гүл Зарқұмар (1974 - 2022) – 15 қыркүйекте Монғолияның Улаанбаатар қаласында дүниеге келген. Монғолия қазақ ақындары арасында өткен Алтын жебе жыр мүшәйрасының (1992ж), Ақтан Бабиұлының 100 жылдығына арналған мүшәйраның (1997ж) бас жүлдегері. Монғолия Жастар одағының алтын медалінің иегері, ақын. 2012 жылы Жалын баспасынан Жүректегі жүзік атты кітабы жарық көрді. Өлеңді монғол тілінде де жазады. 2022 жылы Алматыда қайтыс болды.

Ақын Алмас Темірбай өлеңдері

Алмас Темірбай (1979 жылы 22 қаңтарда туған, бұрынғы Көкшетау облысы, Зеренді ауданы, Ортақ ауылы) – ақын, жазушы, журналист. Республикалық жыр мүшәйраларының жүлдегері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

Күз туралы өлеңдер

Күз – шабыттың маусымы. Күзгі табиғат – пейзаждар әлемі. Күз туралы өлеңдер топтамасын оқысаңыз, табиғат пен өмірдің сан алуан бояуын көресіз.

Оқырманы көп ақын – Мұқағали Мақатаев

Қазақтың ақиық ақыны Мұқағали (Мұқаметқали) Сүлейменұлы Мақатаев 1931 жылы Алматы облысы Нарынқол ауданында дүниеге келген. 1976 жылы Алматыда, 45 жасында қайтыс болды. Ол қара өлеңге жаңа леп, қанат бітірді. Өз сөзімен айтқанда, «Күпі киген қазақтың қара өлеңінің үстіне шекпен жапты».