Ибрагим Исаевтың жырлары
Ибрагим Исаев 1949 жылы 7 қаңтарда Қызылорда облысына қарасты Сырдария ауданының Жетікөл ауылында туған. 2014 жылы Алматы қаласында дүниеден өтті. Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін сырттай оқып бітірген. Сырдария аудандық газетінде әдеби қызметкер, Қызылорда облыстық халық шығармашылығы үйінде нұсқаушы-әдістемеші, Қазақстан Жазушылар одағының көркем әдебиетті насихаттау бюросында тілші-әдіскер, «Ара» журналында фельетоншы, «Жалын» альманахында редактор, «Сахна-Сцена» журналында бас редактор, «Сақшы - На страже» газетінде, «Арай» журналында бөлім меңгерушісі болып қызмет істеген.

ЕЛГЕ СӘЛЕМ
Астанада бір ұлың сәлем деді дегейсің,
Сәтін салса құдайым, келем деді дегейсің.
Көңіл-күйін байқатпай, кейде жүрер жол таппай,
Сағыныштың сызығы тереңдеді дегейсің..
Алматыға бұл күнде сыймай-ақ жүр дегейсің,
Туған жерін, достарын қимай-ақ жүр дегейсің.
Қалмағандай тірегі, шытынаған жүрегі,
Амал қанша, әйтеуір, қирамай жүр дегейсің...
Алып ұшқан көңілі басылып жүр дегейсің,
Жүдегенін жанының жасырып жүр дегейсің.
Жылу іздеп іздерден, жапырақтай күз көрген,
Шаршаңқырап бұл күнде шашылып жүр дегейсің.
Сөзге ілініп себепсіз, сүрініп жүр дегейсің,
Шаршағаны түрінен білініп жүр дегейсің.
Жаңа өмірге ере алмай, болашаққа сене алмай,
Өткен күннің отына жылынып жүр дегейсің...
Күтіп жүрген жоқ әзір кәрілікті дегейсің,
Сыйласатын досының бәрі мықты дегейсің.
Жалғыз өскен шынардай, өкінішін шығармай,
Мәуелеген Сыр бойын сағынып жүр дегейсің...
Шашына да аз күнде ақ кіріпті дегейсің,
Көңілінің көліне қақ тұрыпты дегейсің.
Тойы болды керемет, шақырғанмын, келер деп,
Ағайынын сол күні қатты күтті дегейсің.
Көңіл құрғыр бірталай достан қапты дегейсің,
Амалсыздан тістейді бас бармақты дегейсің.
Арман жалғап арманға, немерелі болғанда,
Қуанғаннан бөрігін аспанға атты дегейсің.
Күрмеуге де қысқа жіп келмейді екен дегейсің,
Тірі жанға-тіршілік өлмейді екен дегейсің..
Айтқанының бәрі шын, жалғыз шыбын жаны үшін,
Ешкімге де намысын бермейді екен дегейсің...
Байлық пенен мансапқа қызықпапты дегейсің,
Кейде ішпейтін ортада қызып қапты дегейсің.
Белгі болып бұл күннен, күн сайынғы кірбіңнен,
Жүрегінде өшпейтін сызық қапты дегейсің.
Жаңалығын ел жақтың біліп жатыр дегейсің,
Қиындыққа сыналап кіріп жатыр дегейсің.
Өз-өзінен байланып, жолға қарап ойланып,
Алматыда бір ұлың жүріп жатыр дегейсің...
***
Бір ғұмырың жетсін мейлі, жетпесін,
Өкінесің уақыт сырғып өткесін.
Маған дейін қоя алмаған ешкім де,
Мен де уақыттың қоя алмайын нүктесін.
Армандардың шарлай берсін көк тесін,
Өте алмасын сезді де арғы бетке шын.
Жарығының азайғанын сезгендер,
Өмірінің ерте қойды нүктесін.
Жүрсек дағы қиындықтан қорғанып,
Өмір бізді, біз өмірді алдадық.
Тіршілікке қанша нүкте қойсақ та,
Уақытқа ешбір нүкте қоя алмадық.
Бұл жалғанға болсын мейлі, өкпеңіз,
Үтір ғана біткен өмір, біткен іс.
Бақытқа да жеткізбейтін жылдамдық,
Уақыт қана өтіп жатыр нүктесіз.
Барлығын да кері қайырған күні,
Бұл адамзат әбден тойынған күні.
Тоқтайды өмір,
Өледі бар тіршілік,
Уақытқа нұкте қойылған күні.
МАХАББАТ ЖАЙЛЫ
Адам адам болғалы,
бұл өмірде өлшем көп,
Өмір сүру – арманы,
ойлаған жоқ өлсем деп.
Алғашқы ақын бір қызды
сүйген шығар, білмеймін.
Бұл тақырып өлеңге,
қосылғанын қашан кеп.
Шарласа да дүниені,
қиялдағы ой-арман.
Махаббатқа жаңалық
қосайыншы дей алман,
Ғашықтардың сезімі
арқау болып өлеңге,
Тыныш жатқан жүрек сол,
қай уақытта оянған?
Сол алғашқы ақынның
ғашық жайлы жырынан,
Талай жүрек жібіген
шығар-ау деп ұғынам.
Қай уақытта туды екен,
сезімдерді оятып,
Сүйгеніне арналып
айтылатын шырын ән?
Қоштамасын біреулер, мейлі,
біреу қоштасын.
Жүректерге заманның
қосып алдық қоспасын.
Махаббаттың қадірін тереңірек
білер ме ек,
Сол алғашқы өлеңнің
тапсақ, шіркін, нұсқасын!
АУРУХАНАДАН ХАТ
Күні жетпей тартылған теңіздер көп,
Өшкен ізді жалғайды тірі іздер көп.
Алаңдайсың өмірдің өткеніне,
қарайлайсың артымнан кім іздер деп.
Қуаныштан, қызықтан қашықтадық,
тығыласың қай жаққа қашып барып.
Жерге түсіп жапырақ жаймай жатып,
көрге түсіп жатырмыз сасып барып.
Түсінбейтін қазақ көп қала сырын,
мен де сондай даланың баласымын.
Ғашықтығын құртты ғой қуаң тірлік,
қала менен даланың арасының.
Дүние сап-сау жүргенде жарық екен,
Сырқаттанса бала да – кәріге тең.
Қаныңдағы қызуың қағынғанда,
жаныңдағы жатқанның бәрі бөтен.
Жүдеу тірлік сырқаттан арылған ба,
Қаның тасып, жүрегің қағынғанда,
сәл сырқатың сан есе ұлғаяды,
сонау сол бір сау кезді сағынғанда.
... Ей, сырқатым, асықпа, байқа көкем,
шаттығымды өлгенше шайқап өтем.
Табиғаттан жаралған тіршілік ем,
табиғатқа айналып қайта кетем.
Ей, сырқатым, сен мені асықтырма,
Кете алмаспын мен сенен қашып қырға.
Қалдыра алсаң қалдыршы мәңгілікке,
мынау ғажап тірлікке ғашық қылда...