Қасым Аманжоловтың дауылпаз жырлары
Қасым АМАНЖОЛОВ (1911-1955) – дауылпаз ақын. «Сен қандай бақытты едің, келер ұрпақ» деп тамсана жырлаған, болашақты арман еткен, соғыс майданына қатысып, от пен оқтан аман қалған ақынның жасын жырлары магияға толы. Мағжандық лиризмнің ізін жалғаушы. Мұқағали ақынның: «Қасым солай болмаса, несі Қасым? Қасымның өзгелерден десі басым» дейтіні сондықтан. Ендеше ақынның бір топ жырын оқи отырыңыз.
ҚҰЗ
Қабағын түйіп құз тас тұр
Төңірегіне парық caп.
Шыңында шулап құстар жүр
Айнала ұшып шарықтап.
Кеудесі жалын қара бұлт
Келеді төніп аспаннан.
Алып қүз тас сұп-сұрғылт,
Жамылып шапан – боз тұман.
Шық моншақтап – шапшып тер,
Сорғалайд жасы жүзінде...
Сол құзды көр де – мені көр
Ойға бір шомған кезімде.
ДАУЫЛ
Ышқына соққан дауылға
Құмартушы ем жасымда.
Нөсерлеп құйған жауында
Қызығушы ем жасынға.
Жүгіруші ем жарысып
Сарыарқаның желімен.
Ойнаушы еді алысып
Соққан дауыл менімен...
«Дауыл! Дауыл!» дегенге,
Шықтық үйден дүркіреп.
Аспан тұрды төбемде
Аласұрып, күркіреп.
Дүние сол кез дүрілдеп,
Келе жатты бір дауыл.
Түндіктері желпілдеп,
Күтіп тұрды жарлы ауыл.
Шыр айналды шаңырақ,
Сықырлады сырғауыл.
Бұрқырады бар аймақ,
Соқты ышқына көк дауыл.
Көшті дауыл керуені,
Ілестім де мен кеттім.
Көк дауылдай кеуделі
Жігіт болдым, ер жеттім.
Мен дауылдың ұлымын,
Тұра алмаймын дауылсыз.
Қарсы алуға дайынмын,
Соқса да дауыл дамылсыз.
СЕНІҢ АЛМА БАҒЫҢА
Сенің алма бағыңа
Шыбық шаншып кетіп ем.
Алдағы өмір бағына
Соны белгі етіп ем.
Келдім қайтып майданнан,
Таптым іздеп сені алғаш.
Сол шыбықтан жайқалған
Өсіпті бір алма ағаш.
Тұр жайқалып бағыңда,
Қызығамын, тамсанам.
Өзің де бұл шағыңда
Кем емессің дәл сонан.
Неткен жақсы жер еді
Жас шыбығым жайқалған!
Бір сөз айтқым келеді,
Тіл жетпейді, айта алман.
ЖАЗ ДИДАРЛЫ ЖАС АНА
Жаз дидарлы жас ана,
Жаныңды тос әр күйге.
Жасара түс, жасара,
Бөбегінді әлдиле.
Қыз жырлайды бақытын,
Төгілтіп шаш арқаға.
Ойлап өткен уақытын,
Күрсінеді қарт ана.
Шіркін ана қыз тауып,
Күң өсірген күн қүрсын.
Нұр үстіне нұр жауып,
Өз күніміз құлпырсын.
«Теңдік» атты терең күй
Бізден басқа қай елде?
Дүние, бүгін басынды и
Еркін, азат әйелге.
Көктен, жерден, теңізден
Жұлдыз емес, қыз көрдік.
Ерке сәби емізген
Айдай ана біз көрдік.
«Сұлулық пен махаббат
Не?» деп әркім таласар.
Бақыты бар, басы азат
Адамға олар жарасар.
Қазақ кызы қара шаш,
Есіңде ме «Қырық байтал?»
Бүгініңе жай құлаш,
Өткеніңе бол қатал.
Жаз дидарлы жас ана,
Жаныңды тос өр күйге.
Жасара түс, жасара,
Бөбегіңді әлдиле.
АТАМЕКЕН
Сүйем сені туған ел – атамекен,
Абзал анам сенсің ғой құшағың кең.
Жер мен көктің жаннаты бір өзіңсің,
Сенен артық не табам, қайда кетем.
Іздеймін деп «Жерұйық», желдей желген
Асанқайғы емеспін, Қасыммын мен.
Қорқыт та емен елсізде, көр басында
Қобызымен сырласып күңіренген.
Ерке жанмын, өмірде өстім еркін,
«Еркелеме, ей, жігіт, еспе» дер кім?!
Өз елімде өзендей гүрілдеймін,
Тасып, шалқып өтемін – осы сертім.
МЕН ТАБИҒАТ БӨБЕГІ
Мен табиғат бөбегі,
Еркін жанмын еркемін;
Аузымда жастық өлеңі,
Еркелеп күйім шертемін.
Жарқ-жұрқ етіп жүруді
Нажағайдан үйренгем,
Шадыман шат боп күлуді
Күн мен айдан үйренгем.
Тәкаппарлық, ерлікті
Асқар таудан үйренгем;
Мен бір жанмын ерікті,
Жарысып желмен жүгірген.
Ашу, қайғы дегенді
Қара бұлттан үйрендім;
Өз еркімше сілтемей
Қашан ғана имендім?!
ҚАРАШАШ
Институтта жүр оқып
Қазақ қызы Қарашаш.
Оқы, оқы, қарындас,
Туған елге білім шаш.
Қарашашым қара көз,
Жарасасың өмірге.
Кірпігің нұр, көзің күн,
Тамашасың өзің де.
Апаларың алдыңда,
Сіңлілерің соңыңда.
Келеді өсіп Қарашаш,
Алтын томдар қолында.
АСПАНЫМДЫ БҰЛТ ТОРЛАП
Аспанымды бұлт торлап,
Құрыстырды денемді.
Көзімнен жас домалап,
Төктім сонда өлеңді.
Жырымды да жасымды
Бір сығып мен тастадым.
Жайнап қайта ашылды
Ойым менің – аспаным.
ОРАЛ
Оралым, шықтың алдымнан,
Оралым менің, Оралым!
Қол созып қызыл вагоннан,
Үстіңнен өтіп барамын.
Оралым, сенің қойнында
Ойнақтап өткен жылдарым.
Жарқылдап Жайық бойында
Достармен сайран құрғамын.
Шағанның бойы көк шалғын,
Шалқамнан жатқам шаңқай түс.
Гүл болып менің құшағым,
Кеудеме қонған бұлбұл құс.
Өмірдің алтын кесесін
Тосқанмын айдың нұрына.
Кезгенмін Совет көшесін,
Кеудемді ашып құрбыма.
Сонау бір шетте сонау үй
Кетер ме, сірә, көңілден?
Алушы ед тартып мені ылғи
Махаббат, жастық лебімен.
Терезе алды - жас терек,
Тұр екен кімдер сүйеніп?
Жүр екен кімдер еркіндеп,
Жүрегін ұстап үйге еніп?..
Сағындым сені, Оралым,
Күндер жоқ бейбіт бұрынғы.
Келгенше қайтып оралып,
Алып қал осы жырымды.
Сіркіреп жаңбыр жауғанда
Байқарсың өзің анықтап.
Жаным бір жүзер ауаңда,
Ауанда сенің қалықтап.
Қош болшы енді, Оралым,
Күле бер шалқып, сайранда!
Айтпақшы, қайда бораның?
Кетейін алып майданға!