Жиембет жырау жырлары

Жиембет Бартоғашұлы (1570–1575 жылдар шамасында туып, 1643 жылы дүниеден қайтқан). Қазақтың аса талантты жырауы, биі әрі жеңімпаз батыры. Ол өз кезінде Есім ханмен қырбайласып, оның қаһарына іліккен.

Malim Админ

  • 02.09.2024

***

Қол-аяғым бұғауда,
Тарылды байтақ кең жерім!
Арманда болып барамын,
Қоштасуға аял жоқ,
Қалқаман, Шолан ерлерім!
Қайырылып қадам басарға
Күн болар ма мен сорға,
Өзен, Арал жерлерім?!.
Қиядан қолды көрсеткен
Төбеңе шығар күн бар ма,
Жотасы биік Дендерім?!
Қайырымсыз болған хандарға
Тиер ме екен бір күні
Жолбарыстай шеңгелім?!

 

***

Басы саудың түгел-дүр
Толған тоғай малы-дүр.
Тоқтамай соққан толағай
Толастар мезгіл жеткей-дүр.
Керегеге ілінген
Шабылмаған семсер тұр.
Жаудан алмай кегімді,
Есіл де өмір өткен құр.
Азап шектім аралда
Ханға қарсы тұрам деп.
Түн ұйқымды бөлгенмін,
Жұртымды жөнге салам деп.
Бас кессе де басылмай,
Ақ ісімді жасырмай,
Атқа мінген ер едік,
Қашырды бүйтіп елімнен
Күйеуден безген қатындай.

 

***

Әмірің қатты Есім хан,
Бүлік салып бұйырдың,
Басын бер деп батырдың,
Қанын ішіп қанбаққа,
Жанын отқа салмаққа.
Атадан жалғыз мен емес,
Хан ие, ісің жол емес.
Жолбарыстай Жолымбет
Құрбандыққа қол емес.
Жол тосып алып кетіпті
Қалмақтан алмақ сыйыңды,
Қаһарыңды басқалы
Қалың елім жиылды.
Бастап келген өзге емес,
Жиембет сынды биіңді.
Малын салып алдына,
Әр саладан құйылды,
Он екі ата байұлы
Бір тәңірге сыйынды.

 

***

Еңсегей бойлы Ер Есім,
Есім, сені есірткен
Есіл де менім кеңесім.
Ес білгеннен, Есім хан,
Қолыңа болдым сүйесін,
Қолтығыңа болдым демесін.
Ертеңгі күн болғанда,
Елің кеңес құрғанда,
Айналып ақыл табарға
Есіктегі ебесін,
Сонда, ханым, не десін?!
Мен жоқ болсам, Есім хан,
Ит түрткіні көресің.
Жиембет қайда дегенде,
Не деп жауап бересің?..
Меніменен, ханым, ойнаспа,
Менің ерлігімді сұрасаң,
Жолбарыс пенен аюдай.
Өрлігімді сұрасаң,
Жылқыдағы асау тайыңдай.
Зорлығымды сұрасаң,
Бекіре менен жайындай.
Беріктігімді сұрасаң,
Қарағай менен қайындай.
Көруші едім, Есім хан,
Ханымды күнім, сізді айымдай.
Сырым саған түзу-ді
Садаққа салған бұлыңдай.
Жұмыскерің мен едім
Сатып алған құлыңдай.
Жүруші едім араңда
Өзіңнің інің менен ұлындай...
Мен, өлсе, құнсыз кетер деме сен
Кешегі өзіңнің ұрып өлтірген
Тілеуберді құлыңдай!
Тілеуберді құлың мен емес,
Мұның, ханым, жөн емес.
Менің ер екемді көргенсің,
Әуелден бірге жүргенсің,
Дегенімді қылғансың,
Қайратымды білгенсің.
Ағбытпа, ханым, күннен соң,
Сіздің естен кеткенмен,
Біздің естен кеткен жоқ:
Қалмақтың Бөрі ханы келгенде,
Соқыр бурыл байталға
Сонда бір жайдақ мінгенсің...
Қалмақтың Бөрі ханы келгенде,
Қаланың қасы бүлгенде,
Хандар қалаға қылаған,
Сұлтандар суға сылаған,
Қаз мойынды ханшаңыз
Қалада тұрып жылаған...
Тал шарбаққа мал сақтап,
Тас қалаға жан сақтап,
Тасқан екен мына хан!
Қайрылып қайыр қылуға
Қылығың жоқ ұнаған.
Қайратым қанша қайтса да,
Мұныңа, ханым, шыдаман!
Арқаға қарай көшермін,
Алашыма ұран десермін,
Ат құйрығын кесермін,
Ат сауырын берермін,
Алыста дәурен сүрермін,
Қарамасаң, ханым, қарама,
Сенсіз де күнімді көрермін!
 

ӘЙ, ҚЫҢЫР ЕР, ҚЫҢЫР ЕР

Әй, қыңыр ер, қыңыр ер
Қыңырайма, біздің ер.
Қыналы бозға мінген ер
Қыз қалмақты құшқан ер
Хан жалғыз да, біз үшеу
Қыңырайма, шіркін, бері кел!

Байланысты жаналықтар

Қашаған жыраудың өмірі

20.09.2024

Мәделі Жүсіпқожаұлы өлеңдері

14.09.2024

Шортанбай Қанайұлының өлеңдері

12.09.2024

Есет би өлеңдері

10.09.2024

Шал ақын өлеңдері

09.09.2024

Доспамбет жырау толғаулары

05.09.2024
MalimBlocks
Қашаған жыраудың өмірі

Қашаған Күржіманұлы (1841–1929) Жырлары мен өлеңдері халық арасына кеңінен таралған, суырып салма ақын Қашаған Күржіманұлы 1841 жылы Түрікменстанның Ташауыз қаласының маңында туған ақын. 1929 жылы Маңғыстауда өмірден озған.

Мәделі Жүсіпқожаұлы өлеңдері

Мәделі Жүсіпқожаұлы (1816-1888 ж.) – Қазақтың байтақ даласында көрнекті ақын әрі батыр атанған азаматтың бірі . Мәделінің кіндік қаны тамған жері қазіргі Түркістан облысының Қызылқұм ауданының қожатоғай кеңшары (бұрынғы Ақбұлақ болысы, Бадам жері). Зерек, болашақ ақын жігіт жастайынан діни медреселерді оқып, жан-жақты болып өседі. Қолына түскен кітаптарды көп оқып, мұсылманша оқыған білімі арқасында Құранды да оқып жатқа білетін болған. Кезінде кеңінен тараған шығыс әдебиеті, оның ішінде араб әдебиеті үлгілерінен, ертегі, дастан, қиссаларды көңіл қоя оқиды. Мәделінің өз заманында діни білімімен молдалық құрған кездері де болған.

Шортанбай Қанайұлының өлеңдері

Шортанбай Қанайұлы (1818-1881) – 19 ғасырда өз дәуірінің шындығын бүге-шігесіне дейін көрсете білген бірден-бір ақын, өз дәуіріндегі қоғамдық, әлеуметтік өмірдің әр саласын кеңінен қамтып, көркем бейнелеген ірі суреткер. Шортанбай өмірі мен шығармашылығы жөнінде қолда бар деректер тым шағын. Бұларға қарағанда ақын 1818 жылы Оңтүстік Қазақстан облысына қарасты Түркістан ауданының Қаратау бойында туып, Арқадағы Қарқаралы өңірінде 1881 жылы қайтыс болған. Ол «Зар заман ақындарының» ірі тұлғаларының бірі.

Есет би өлеңдері

Есет би ХVIII ғасыр соңы мен ХІХ ғасырдың бас шенінде жасаған, өлең сөзде замандастарына дес бермеген би, шешендігімен, ақындығымен көзге түскен. Қазіргі Атырау облысы Қызылқоға аумағында дүниеге келген.

Шал ақын өлеңдері

Шал ақын атанған Тілеуке Құлекеұлы (1748-1819) халық ақыны, Абылай ханның замандасы. Тiлеуке Құлекеұлы қазiргi Ақмола облысы Азат темiр жол станциясының маңында дүниеге келген. Шал ақынның әкесi Құлеке батыр Тәңiрбердiұлы қазақ-қалмақ соғысының атақты батырларының бiрi. Өзі де жорықтарға қатысқан. Шал ақын ел аңыздарын жинап, эпостар жазған.

Доспамбет жырау толғаулары

Доспамбет жырау (1490–1523) – жырау, қолбасшы, батыр. Доспамбет жырау қазақ халқының қалыптасу кезеңінде өмір сүрді. Кіші Ноғай ордасында әскери қолбасшы болды. Дешті Қыпшақты көп аралаған, Бақшасарайда, Стамбұлда болған. Қырым ханының жағында көптеген әскери жорықтарға қатысқан. Доспамбет жырау тайпааралық ұрыстардың бірінде 1523 жылы Астрахан маңында қаза тапты.