Әлемде әр 10 минут сайын бір әйел жақындарының қолынан қаза табады. БҰҰ мәлімдемесі

БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш «Әйелдер мен қыздарға жасалатын зорлық-зомбылық зауалы адамзат үшін масқара жайт», – деді.

Аялдар Күнтуған

  • 25.11.2024

Күн сайын дүние жүзінде 140 әйел мен қызды серіктесі немесе жақын туысы өлтіреді, яғни орта есеппен әрбір 10 минут сайын бір әйел тұрмыстағы зорлық-зомбылықтан қайтыс болады. Жыл сайын 25 қарашада атап өтілетін Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты жоюға арналған бүкіләлемдік күрес күніне орай БҰҰ қасындағы Әйелдер ұйымы мен Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасының (UNODC) жасаған баяндамасында осындай дерек айтылған. Бұл жөнінде БҰҰ-ның ресми сайты жазды.

Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық тиылмай тұр, оның ішінде аяусыздық пен қатігездік, деп ескертеді БҰҰ. Ұйымның айтуынша, әйелді «әйел болғаны үшін» кемсітіп, өлтіру асқынған. Гендерлік сипаттағы мұндай зорлық көбейе түскен.

Есепте 2023 жылы әлемде 85 мың әйел мен қыз қасақана кісі өлтіру құрбаны болғаны келтірілген. Алайда, бұл қылмыстардың 60 пайызын – шамамен 51 мыңын жақын серіктестері (күйеуі) немесе басқа да отбасы мүшелері жасаған.

Арнайы датаға орай жолдаған хатында БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш «Әйелдер мен қыздарға жасалатын зорлық-зомбылық зауалы адамзат үшін масқара жайт», – деді.

Оның айтуынша, әлемде шамамен әрбір үшінші әйел физикалық немесе сексуалдық зорлық-зомбылыққа тап болады және жағдай күн өткен сайын нашарлап барады.

Кісі қолынан қаза табатындардың басым бөлігін ерлер құрағанымен, әйелдер өз отбасындағы зорлық-зомбылықтан зардап шегіп отыр. 2023 жылы өзгенің қолынан қаза тапқандардың 80 пайызы ер адамдар болды, бірақ отбасындағы әлімжеттік, зорлық салдарынан әйелдер көп жапа шегеді. 2023 жылы қасақана өлтірілген әйелдердің шамамен 60 пайызы жақын серіктесінің немесе отбасы мүшесінің қолынан қаза тапқан. БҰҰ мәліметінше, 2023 жылы Африка, Оңтүстік Америка мен Океанияда отбасы мүшелерінің қолынан қаза тапқан әйелдер көбейген.  

Сарапшылар жалпы Еуропада әйелдер өлімі азайғанымен, Шығыс Еуропада зорлық-зомбылықтан қайтыс болатын әйелдер саны Батыс Еуропадан екі есе жоғары екеніне назар аударған. Еуропа мен Оңтүстік Америкада тұрмыстық зорлық барысында кісі өлтіру көбінесе жақын серіктесі (жары) жағынан болса, басқа елдерде отбасының өзге мүшелері де қылмыскерлер санатына жату мүмкін.

 «Әйелдер мен қыздарға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алуға болады және біз оны қалай жасау қажеттігін білеміз. Бізге күшті заңнама, деректер жинауды жақсарту, үкіметтің жауапкершілігін арттыру, нөлдік төзімділік мәдениеті (зорлық-зомбылыққа қарсы тұру) және әйел құқығын қорғау ұйымдары мен институттарын қаржыландыруды ұлғайту қажет», – деді БҰҰ Әйелдер ұйымының бас атқарушы директоры Сима Бахус.

Қолда бар деректер жақын серіктестері өлтірген әйелдердің айтарлықтай бөлігі (22-37%) бұрын серіктесі тарапынан физикалық, жыныстық немесе психологиялық зорлық-зомбылықтың қандай да бір түрін көргенін тиісті мекемелерге яки жақындарына хабарлағанын растайды. Бұл көптеген әйелді ажалдан арашалауға болатынын көрсетеді. Отбасылық зорлық-зомбылық жасаған ер адамдарға қатаң шара қолданып, олардың бұрынғы серіктесімен қайта араласуын шектеу арқылы әйелдер өлімін азайтуға болады.

Биыл әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты жоюға арналған бүкіләлемдік күрес күні 25-ші рет атап өтілуде. Бүгін басталатын зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күндік белсенділік акциясы арқылы БҰҰ-ның қасындағы әйелдер ұйымы халықаралық қауымдастықты әйелдерді қорғау жөніндегі міндеттемелерін орындауға шақырады.

Фото: БҰҰ ресми сайты

Байланысты жаналықтар

БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш Димаш Құдайбергенмен кездесті

04.07.2024

«Самұрық-Қазына» басшы әйелдерді көбейтпек

05.05.2023
MalimBlocks
БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш Димаш Құдайбергенмен кездесті

Әншә ХКҰ Ізгі ниет елшісі атанған еді.

«Самұрық-Қазына» басшы әйелдерді көбейтпек

«Самұрық-Қазына» тобындағы басшылық лауазымдардың үштен бірін әйелдер атқармақ.