АҚШ-та заңсыз жүрген қазақстандықтар елден қуылуы мүмкін

АҚШ-та «мигранттарға қарсы» рейдтерге наразылық білдіргендердің жаппай шерулері өтіп жатыр. Лос-Анджелес, Нью-Йорк, Вашингтон және басқа да ірі қалаларда мыңдаған адам көшеге шығып, Дональд Трамп қол қойған қатаң заңның күшін жоюды талап етуде. Бұл оқиғаларға Орталық Азиядан барған мигранттар да алаңдаулы, деп хабарлайды Malim.kz.
1994 жылдан бері Нью-Йорк қаласында тұратын, бұрынғы КСРО және Өзбекстан азаматшасы, қазіргі таңда АҚШ азаматы Назира Давленова қазіргі ахуал туралы айтып берді.
Бұл ақылға қонымсыз нәрсе! Лос-Анджелесте басталған наразылық енді Нью-Йорк пен басқа қалаларға да тарады. Мигранттарды депортациялауға қарсы митингілерге көп адам жиналып жатыр, олардың арасында АҚШ азаматтары да бар. Демек Трамптың қазіргі саясатына тек мигранттар ғана емес, қарапайым америкалықтар да қарсы, – дейді ол.
Давленованың айтуынша, негізінен Мексика, Колумбия және басқа да Латын Америкасы елдерінен келген заңсыз мигранттарға «қысым» күшейіп отыр.
Бұл адамдардың көбі АҚШ-қа Джо Байденнің тұсында келді. Сол кезде заңсыз мигранттардың ағылуы бұрын-соңды болмаған деңгейге жетті. Ел шекарасы ашық есік сияқты болды. Қазір депортация қаупі төнгендердің арасында Орталық Азия елдерінің азаматтары да бар. Мен Мексика арқылы АҚШ-қа заңсыз өткен қазақтар мен өзбектер туралы білемін, – деді ол.
Оның айтуынша, депортация қаупі бар заңсыз мигранттар көбіне құрылыс, қызмет көрсету салаларында еңбек етеді.
Енді олар жасырынуға мәжбүр. Мұндай төмен жалақылы жұмыстарға америкалықтар бармайды. Қазір кафелерде де жұмыс істейтін адам жоқ! Билік барлық «күдікті тұлғаларды» тексеріп жатыр. Грин-карта алғандардың да қалай және қандай жолмен алғанын тергеп-тексеріп жатыр, – дейді Давленова.
Сонымен қатар, оның пікірінше, көпшілік елге заңсыз мигранттардың бақылаусыз ағылуына бұрынғы президент Джо Байденді кінәлайды.
Заңсыз мигранттардың ағылуы елдегі қылмыстың өсуіне себеп болды деп санаймыз. Бұл – қарапайым америкалықтарды шошытатын жағдай. Олар еш қысылмастан демалысқа кеткен адамдардың үйлеріне кіріп, тонайды. Тіпті полиция да оларды шығара алмайды! АҚШ-та жүйе солай құрылған. Алдағы уақытта не болары белгісіз, – деп түйіндеді ол.
Фото: reuters

Ең көп оқылған
