БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің отырысы: 46 ел Мәскеуді халықаралық құқықты бұзды деп айыптады

Еуроодақ, АҚШ және тағы 40-тан астам ел Ресейдің дрондары Польшаның әуе кеңістігін бұзғанына байланысты Варшава БҰҰ-да жариялаған мәлімдемеге қосылды, деп хабарлайды Malim.kz DW-ге сілтеме жасап.
БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің Нью-Йоркте өткен шұғыл отырысы алдында Польша Сыртқы істер министрінің орынбасары Марчин Босацкий оқыған бірлескен мәлімдемеде Мәскеу халықаралық құқықты және БҰҰ Жарғысын бұзды деп айыпталды.
Мәлімдемеде сондай-ақ Ресейге "Украинаға қарсы агрессиялық соғысты" тоқтату және жаңа арандатушылықтан бас тарту туралы үндеу жасалды. Польшаның әуе кеңістігін бұзған дрондар оқиғасына Ресейдің қатысы бар екені жөніндегі мәлімдемеге барлығы 193 БҰҰ мүшесінің 46-сы және Еуроодақ делегациясы қол қойды.
10 қыркүйекке қараған түні кемінде 19 ресейлік дрон Польша шекарасын кесіп өтті. Оларды атып түсіру үшін Польша авиациясымен қатар НАТО-ның басқа елдерінің жойғыш ұшақтары да жұмылдырылды. Варшава Ресей әдейі Польшаға шабуыл жасады деп мәлімдеп, НАТО-дағы одақтастарымен кеңес сұрады. Бұл — Украинадағы соғыс басталғалы бері алғаш рет ресейлік дрондардың Солтүстік Атлантикалық альянс елінің аумағында жойылуы.
АҚШ президенті Дональд Трамп ресейлік дрондардың Польшаға енуі "қателікпен болған болуы мүмкін" деп болжады. Ресей Қорғаныс министрлігі бұған дейін "Польшадағы нысандарды соққы жасау жоспарымызда болмаған" деп мәлімдеген.
Фото: Selcuk Acar/Anadolu/IMAGO