Йемендік хуситтер бірнеше аймағына АҚШ-тың соққы жасағанын хабарлады
Әуе соққысынан 16 адам зардап шекті

Йемендік хуситтер АҚШ-ты дүйсенбіге қараған түні ел астанасы Сана мен оның айналасына 10-ға жуық соққы берді деп айыптады.
Йемендік Al Masirah басылымының хабарлауынша, соңғы шабуылдар әл-Джауф провинциясындағы Хаб және Эш-Шааф аудандары, Санадағы Аттан ауданы және Марибтегі Рагван ауданына бағытталған.
Хуситтермен байланысы бар Sabа ақпарат агенттігінің хабарлауынша, екі шабуыл ел астанасындағы Арбаин көшесінде және біреуі әуежайға баратын жолда жасалған. АҚШ соққы жасады деп айыпталып жатыр.
Йемен үкіметінің хуситтер бақылауындағы денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, Саван аймағындағы шабуылдан 16 адам жараланған.
Соққылар Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху хуситтерге қарсы жауап қайтаруға және Иранға қарсы шара қолдануға уәде бергеннен кейін жасалды. Израиль премьер-министрінің мәлімдемесі хуситтер Тель-Авивтегі Бен Гурион әуежайына баллистикалық зымыранмен шабуыл жасағаннан кейін бірнеше сағат өткен соң жасалды.
Салдарынан халықаралық рейстер тоқтатылып, алты адам зардап шекті.
Бірнеше сағаттан кейін хуситтер Израиль армиясының Газа секторындағы «басқыншылық соғысын» кеңейтуіне жауап ретінде оның әуежайларын нысанаға алып, Израильге «әуе блокадасын» салуға тырысатындарын айтты және әуе компанияларын рейстерін тоқтатуға шақырды.
Фото: x.com / @CENTCOM