«Иран жағдай ушықпай тұрып, келісімге келуі керек» – Трамп

АҚШ президенті Израильдің шабуылына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Malim.kz Дойче Велле дерегіне сілтеме жасап.
АҚШ президенті Тегеранмен ядролық келісім жасау үшін «бір емес, бірнеше мүмкіндік бергенін», бірақ нәтиже болмағанын айтты.
«Мен оларға салдары өздеріне белгілі немесе бәрінен де ауыр болатынын айттым. АҚШ - әлемдегі ең мықты әрі жойқын қару шығаратын ел, ал Израильде ондай қару көп», — деп жазды ол Truth әлеуметтік желісінде.
Трамп сөзін жалғастыра келіп, «кейбір ирандықтар қатаң бағытты ұстанып, батыл сөйледі, бірақ не боларын білген жоқ. Енді олардың бәрі өлді, әрі қарай қиын болмақ!», - деді.
АҚШ басшысы «бұл қантөгісті тоқтатуға әлі де уақыт бар» екенін айтып, келесі шабуылдар бұдан да қиын болатынын ескертті.
«Иран жағдай ушықпай тұрып келісімге келуі керек. Баяғыда Иран империясы атанған мемлекеттің жұрнағын құтқарыңдар. Өлім мен қирату тоқтасын, бәрін тым кеш болмай тұрып жасаңыздар», - деді саясаткер.
11 сәуір күні америкалық Politico басылымы Дональд Трамп Иранмен келіссөздерде 60 күндік мерзім белгілегенін жазды. Егер бұл уақыт ішінде келісімге қол жеткізілмесе, Тегеран әскери шиеленіске тап болуы мүмкін екенін төрт дереккөз растаған.
13 маусымға қараған түні Израильдің Әуе күштері Иран аумағына «алдын ала соққы» жасады. Одан кейін Израиль өз әуе кеңістігін жапты. Израиль Қорғаныс армиясының (ЦАХАЛ) хабарлауынша, соққылар Иран аумағындағы ядролық бағдарлама мен өзге де әскери нысандарға бағытталған.
13 маусым таңында ЦАХАЛ бір түнде Ирандағы жүзден астам нысанның жойылғанын мәлімдеді. Операцияға 200 жойғыш ұшақ жұмылдырылған.
Аятолла Хаменеи Израильге «қатаң жаза» қолданатынын айтып, сес көрсетті.
Израильде жүрген Қазақстан азаматтарына қауіпсіздік шараларын күшейтуге кеңес берілді.
Фото: Pari Dukovic/National Portrait Gallery, Smithsonian Institution)

Ең көп оқылған
