Израильдің Беэр-Шева қаласында 10 адам жараланып, шекарашы қаза тапты
Өткен аптада Тель-Авивте ұқсас оқиға болған
Беэр-Шева қаласындағы бас автостанцияда болған атыстың салдарынан Израиль шекара полициясының 19 жастағы қызметкері қаза тапты, тағы 10 адам әртүрлі жарақат алды.
Қаруланған ер адам автостанцияда адамдарға оқ жаудырған. Израиль полициясы бұл оқиғаны теракт болуы мүмкін деп отыр.
Алдын ала тергеу көрсеткендей, оқ атқан адамды жақын маңдағы қауіпсіздік қызметкерлері бірнеше секунд ішінде тоқтатты.
Қаза тапқан - 19 жастағы Шира Шайя Суслик, Израиль шекара полициясының сержанты.
Израильдің жедел жәрдем қызметі зардап шеккен он адамға медициналық көмек көрсетіліп жатқанын, олардың кейбіреулері оқ жарақатын алғанын хабарлады.
Жергілікті БАҚ-тағы мәліметтер бойынша, төрт адам оқ жарақатын, ал қалғандары сынған әйнектерден жарақат алған. Олар жақын маңдағы ауруханаға жеткізілді.
Бұл оқиғадан кейін Израильдің көлік министрі Мири Регев «лаңкестердің» отбасыларын елден депортациялауға шақырды.
- Израиль территориясындағы шабуылдардың алдын алу үшін қатаң жазалаудың уақыты келді, — деп жазды ол әлеуметтік желіде.
Израиль оппозициясының жетекшісі Яир Лапид шабуылды «қатыгез және жексұрын» деп сипаттап, әлеуметтік желіде «біз терроризмге қарсы қатаң әрекет етуіміз керек» деп жазды.
Айта кетсек, өткен аптада Тель-Авивтің тарихи орталығы Яффо қаласында қаруланған екі ер адам көшеде оқ жаудыртқан болатын. Ол кезде жеті адам қаза тапты. Бұл оқиғаға да «террор» деген сипаттама берілген еді.
Былтыр 7 қазанда ХАМАС Израильдің оңтүстігіне шабуыл жасап, бұл әрекеттері Газадағы соғысқа түрткі болған. Содан бері тура бір жыл өтті. Израиль билігі осыған байланысты қазіргі уақытта бүкіл ел аумағында жоғары дайындықта отырғандарын жеткізді.
Бұл шабуылдың салдарынан Израильдің Газаға шекаралас аудандарында 1200-ге жуық адам өлтірілді, олардың ішінде 300 сарбаз бар. Сондай-ақ 251 адам тұтқынға алынды.
ХАМАС-тың бақылауындағы денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, сол кезден бері Израильдің Газадағы әскери қимылдарының нәтижесінде 41 мыңнан астам палестинкалық қаза тапты.
Израиль сонымен бірге ХАМАС-қа ынтымақтастық ретінде Израиль аумағына шабуыл жасаған ливандық «Хезболла» тобына қарсы да операция жүргізіп жатыр.
Фото және дереккөз: bbc.com