Лукашенко тағы 16 адамға кешірім берді

Беларусь президенті Александр Лукашенко Тәуелсіздік күні қарсаңында әртүрлі баптар бойынша сотталған 16 адамға кешірім бергені туралы оның баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Malim.kz.
Олардың арасында «экстремистік сипаттағы» істер бойынша сотталғандар да бар. Әдетте мұндай баптар бойынша Беларусь билігі саяси тұтқындарды соттайды.
Ақпаратқа сәйкес, кешірім алғандардың арасында 8 ер адам және 8 әйел бар. Үшеуі – 50 жастан асқан. Екі адамда созылмалы аурулар бар, біреуі – мүгедек. Тоғыз сотталғанның кәмелетке толмаған балалары бар.
Хабарламада олардың бәрі жасаған істеріне өкінгені және заң бұзбауға уәде бергені айтылады. Алайда олардың аты-жөндері әзірге жарияланған жоқ.
Бұған дейін 2020 жылғы президент сайлауында кандидат болған Сергей Тихановский түрмеден босатылып, елден кеткен. 21 маусымда оның әйелі, оппозиция жетекшісі Светлана Тихановская Telegram арнасында олардың кездескен сәтінен видео жариялады.
Сергей Тихановскиймен бірге тағы 13 саяси тұтқын бостандыққа шыққан. Олардың арасында журналист Игорь Карней, Минск мемлекеттік лингвистикалық университетінің бұрынғы доценті Наталья Дулина және анархист белсенді Акихиро Гаевский-Ханада бар. Бұл босатулар АҚШ президентінің арнайы өкілі Кит Келлогтың Минскіге жасаған сапарынан кейін орын алды.
Фото: ZUMA Press Wire/IMAGO


Ең көп оқылған
