Путин мен Трамп Украина бойынша келіссөздер жүргізу үшін Ыстамбұлға бармайтын болды

Ыстамбұлдағы Украинадағы бейбіт келіссөздерге Ресей делегациясын Владимир Мединский басқарады, - деп хабарлайды Malim.kz DW.com сайтына сілтеме жасап.
Украинадағы қақтығысты бейбіт реттеу жөніндегі келіссөздерге қатысу үшін Ресей делегациясын президент көмекшісі Владимир Мединский басқарады.
Ресей президенті Владимир Путин бұл келіссөздерге қатыспайды. Оның аты ресейлік делегацияның құрамында жоқ. Бұл тізім 14 мамырда кешке Кремль сайтында жарияланған. Сол күні кешке Sky News телеарнасы АҚШ президенті Дональд Трамптың да Түркиядағы келіссөздерге бармайтынын хабарлады. Мұндай ақпаратты Reuters агенттігі де Трамп әкімшілігіндегі дереккөзге сілтеме жасап таратты.
Ресей делегациясының құрамында бірде-бір министр жоқ: келіссөздерге не сыртқы істер министрі Сергей Лавров, не қорғаныс министрі Андрей Белоусов қатыспайды. Олардың орнына келіссөздерге Лавровтың орынбасары Михаил Галузин, Белоусовтың орынбасары Александр Фомин және РФ Қарулы күштері Бас штабының Бас басқармасы бастығы Игорь Костюков барады.
Кремль таратқан ресми хабарламада Путин бекіткен "Украинамен келіссөз жүргізетін сарапшылар" да көрсетілген. Олардың қатарында Бас штабтың ақпарат басқармасы бастығының бірінші орынбасары Александр Зорин, Ресей президентінің гуманитарлық саясат жөніндегі басқармасы бастығының орынбасары Елена Подобреевская, СІМ-нің ТМД елдері жөніндегі екінші департаментінің директоры Алексей Полищук, сондай-ақ, Қорғаныс министрлігінің халықаралық әскери ынтымақтастық бас басқармасы бастығының орынбасары Виктор Шевцов бар.
"Агентство" онлайн-ресурсының жазуынша, АҚШ тарапынан келіссөздерге Мемлекеттік хатшы Марко Рубио, сондай-ақ, Трамптың арнайы өкілдері Стивен Уиткофф пен Кит Келлог қатысады деп күтіледі.
CNN мәліметінше, Трамппен бірге Парсы шығанағындағы елдерге барған Рубио қазірдің өзінде Антальяға жеткен.
Украина президенті Владимир Зеленский Ресей президенті Владимир Путинді келіссөзге жеке келуге шақырған.
"Бұл кездесудің өтуі үшін бар күшімізді саламыз. Өйткені атысты тоқтату туралы шешімді тек Путин қабылдай алады", – деген еді Зеленский.
Reuters агенттігінің 15 мамырға қараған түні украиналық шенеунікке сілтеме жасап хабарлауынша, Владимир Зеленский Анкараға жол тартқан.
Фото: Pavel Bednyakov/AP Photo/picture alliance