Ресей меморандумға қол қою үшін Зеленскийді отставкаға жіберуді талап етіп отыр

Украинадағы атысты тоқтату туралы меморандумға қол қою үшін бұл елдің халқы жаңа президентті таңдауы тиіс, деп мәлімдеді Ресей сыртқы істер министрлігі, деп хабарлайды Malim.kz dw.com сайтына сілтеме жасап.
Ресей СІМ құқықтық департаментінің директоры Максим Мусихиннің 22 мамыр, бейсенбі күні ТАСС агенттігіне берген сұхбатында айтуынша, Украина президенті Владимир Зеленский легитимдігін жоғалтқандықтан, халықаралық құжаттарға қол қоя алмайды.
«Меморандумға халықтың мандатына ие адам қол қоюы керек, әйтпесе қиындықтар туындайды», — деді ол. Сондай-ақ, Мусихин халықаралық құжаттарға қол қою құқығы Жоғарғы Раданың спикерінде де болуы мүмкін екенін айтты.
Украинаға қарсы ауқымды соғыс бастаған Ресей президенті Владимир Путин көрші елде жаңа президенттік сайлау өткізуді бірнеше рет талап еткен. Наурыз айының соңында ол Украинада БҰҰ мен бірқатар елдердің қамқорлығымен «уақытша басқару» енгізіп, кейін сайлау өткізіп, халықаралық қауымдастық мойындайтын «легитимді құжаттарға» қол қоюды ұсынған болатын.
Бұған дейін Путин Зеленскийді «кезінде мемлекет басшысы болған адам» деп атап, оның легитимдігі жоқ болғандықтан, онымен бейбіт келісімге келмейтінін мәлімдеген. Бұл ұстанымды Украина СІМ басшысы Андрей Сибига да сынға алған: «Путиннің Украина президентінің легитимдігіне қатысты айтқандары — абсурд. Кремльде отырған ширек ғасыр ішінде Украинада әділ сайлау арқылы үш президент ауысты».
Фото: Felix Abraham/IMAGO