457.61
493.07
4.99

Подписаться на новости:

Редакция Malim: +7 707 830 77 21

© 2025 Malim.kz Қоғамдық-саяси сайт!

Саған да жоқ, маған да жоқ. 500 сомдық ақшаның дизайнын таңдау Ресей қоғамын екіге айырды

IMAGE: ©novayagazeta.eu


Ресей орталық банкінің 500 сомдыққа дизайн таңдау бойынша сауалнамасының ақыры дауға ұласты. Бұл туралы novayagazeta.eu жазыпты.

Сауалнаманың арты - дауыстар сатып алуға, есептегішті жорта айналдыруға ұласқан.

Ресей орталық банкі әуелде 500 сомдық ақшаға басуға Солтүстік-Кавказ федерациялық округіне қатысты 16 нысанды ұсыныпты. Онлайн дауыс беру 1 қазанда басталды және 14 қазан күні аяқталуы тиіс еді. Дауыстар тез жиналып, Эльбрус тауының бейнесі мен Чешенстан астанасындағы "Грозный-Сити" ғимараттар кешені басты бәсекелестер болып қалды.

Грозныйдағы ғимараттардың суретіне дауыс беруге Чешенстан басшысы Рамзан Қадыровтың өзі үгіттеді. Ол тіпті - дауыс берушілердің арасында 10 дана iPhone 17 ойнатпақшы болды. Оны чешен шенеуніктері мен блогерлері қызу қолдады.

IMAGE: ©novayagazeta.euIMAGE: ©novayagazeta.eu

Эльбрус тауының суретін жақтайтындар да қарап қалған жоқ. Ресей думасының (парламент іспетті ұйым) Владислав Даванков деген депутаты таудың бейнесіне дауыс бергендердің арасында санаторийге жолдама ойнатамын деді. Оны Қадыровқа наразы патриот блогерлер қолдай кетті. Айта кету керек, Украинаға басқыншылық соғыс басталғалы Ресейдің патриот қауымы Чешен басшысы Қадыровқа қатты наразы.


— Бұл шын мәнінде 500 сомдықтың кескініне қатысты дау емес. Бұл Иса пайғамбар үшін шайқас! Отан үшін шайқас. Таза да жарқын Русь үшін шайқас. Нацизм жойылған біртұтас Ресей үшін шайқас, -


деп жазыпты Владислав Поздняков деген блогер.

Онлайн өткен дауыс беру күмән тудырды. Эльбрус пен Грозный ғимараттары итжығыс келе жатты. Бірақ аяқ кезінде бірі бірінен қатты озып кетіп тұрғаны жұртшылықтың күдігін тудырды.

Қазір Ресейдің орталық банкі дауыс беруді алып тастады. Банк тарапы дизайн таңдауды кейінірек жалғастыруға уәде беріпті.