«7,5 млн теңгесін бермеген»: зайсандық мүсінші ақшасын ала алмай жүр

Зайсан ауданы Шілікті ауылына тарихи ескерткіш орнатқан шенділер мүсіншінің 7,5 млн теңге еңбекақысын бермей, алдап кеткен. Бұл туралы MeirTas компаниясының өкілі Ахметов есімді шебер әлеуметтік желіде айтып берді, деп хабарлайды Malim.kz Azattyq Rýhy-на сілтеме жасап.
Оның сөзінше, 19 қыркүйекте Қазақстан Ғылым академиясы мен «Қас-Сақ» қорының ұйымдастыруымен Ұлы Сақ патшасына арналған ескерткіш салтанатты түрде ашылған. Содан кейін тапсырыс берген адамдар ұшты-күйлі хабарсыз кеткен.
«Егеубаев Айдын жанына Мақсат Ысқақов деген кісіні ерітіп келіп, осы тастұғырға тапсырыс берді. 7,5 млн теңгеге келістік, 500 мың теңгесін алдын ала төледі. Қалған қаражатты халықтан жинап беремін деп уәде етті. Тек 19 қыркүйекке дейін аяқтап берсең болды деді. Сөзіне сеніп, жасап бердім. Бұл тас қымбат тұрады, арнайы Челябинскіден алдырдым. Енді еңбекақымды бермей иттік жасап отыр», - дейді ол.
Автордың сөзінше, тапсырыс бергендердің ізінде жүргеніне 20 күн болған.
«Телефонын көтермейді. Маған «тасыңды қиратып алып кете бер» дейді. Не деген оңбағандық? Халықтан 2 млн 255 мың ақша жиналған, одан бөлек Мақсат Ысқақов 2,5 млн теңге берді дегенді істідім. Басқа адамдар да ақша жинап жатыр екен. Бірақ менің ақымды берген жоқ. Енді ескерткішті бұзып, алып кетемін, менде басқа амал жоқ», -дейді ол.
Фото: видеодан скрин