Трамп Израильдің ХАМАС шабуылдарына жауап беру құқығын қолдады
АҚШ президенті Дональд Трамп 10 қазанда келіссөздер нәтижесінде орнатылған атысты тоқтату режиміне қарамастан, Израильдің ХАМАС лаңкестері шабуылдарына жауап беру құқығы бар екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Malim.kz.
«Менің түсінуімше, олар (ХАМАС содырлары – ред.) израильдік сарбазды өлтірген. Сол себепті израильдіктер қарсы соққы жасады, және олар оны жасауға тиіс еді», – деді Трамп 29 қазанда Жапониядан Оңтүстік Кореяға ұшып бара жатқан кезінде журналистерге.
Сонымен бірге, ол атысты тоқтату режимі өз күшінде екенін және оған ешқандай қауіп төнбейтінін атап өтті. Трамптың айтуынша, ХАМАС – Таяу Шығыстағы бейбітшілік процесінің «өте шағын бөлігі ғана», ал оның мүшелері «өздерін дұрыс ұстаймыз» деп уәде берген.
«Егер олар уәдесін бұзса, оларды бейтараптандыру өте оңай», – деді АҚШ президенті.
Өз кезегінде Израильдің қорғаныс армиясы (ЦАХАЛ) Газа секторында «террористік ұйымдардың кемінде 30 командиріне» соққы бергенін хабарлады. Мәлімдемеде «ХАМАС тарапынан бітімнің бұзылуына жауап ретінде ондаған нысана атқыланды» делінген. Әскерилердің айтуынша, бұл соққылардан кейін атысты тоқтату режимі қайта қалпына келтірілді.
28 қазанда Израиль армиясы Газа секторындағы ХАМАС позицияларына әуеден соққы жасаған. Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху кеңсесі оның шұғыл кеңес өткізген соң жаппай соққы беруге бұйрық бергенін хабарлады. БАҚ дерегінше, Израиль авиациясы Газа қаласы мен сектордың оңтүстігін нысанаға алған. ХАМАС бақылауындағы азаматтық қорғаныс қызметінің өкілі Махмуд Бассальдің айтуынша, шабуылдар салдарынан кемінде 101 адам қаза тапқан, олардың 35-і – кәмелетке толмағандар.
Бұған дейін Израильдің қорғаныс министрі Исраэль Кац ХАМАС содырларын Газа секторында ЦАХАЛ сарбаздарына шабуыл жасап, атысты тоқтату келісімін бұзды деп айыптаған. Министр оқиғаның нақты қай жерде болғанын айтпады. БАҚ мәліметінше, оқиға Египет шекарасына жақын Рафах қаласы маңында болған. Бұл – соңғы рет атысты тоқтату келісімі бұзылуға шақ қалған алғашқы жағдай емес: мұндай оқиғалар 19 және 25 қазанда да тіркелген.
Фото: Ng Han Guan/AP Photo/dpa/picture alliance