Трамп: Си Цзиньпинмен 3 сағат сөйлесетін шығармыз
АҚШ президенті Дональд Трамп Қытай төрағасы Си Цзиньпинмен алдағы бейсенбіге жоспарланған кездесудің ұзақ болатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Malim.kz NBC News-ке сілтеме жасап.
Бұл туралы ол 29 қазан, сәрсенбі күні Кёнджуда өткен Азия-Тынық мұхиты экономикалық ынтымақтастық (АТЭС) саммиті аясында Оңтүстік Корея президенті Ли Чжэ Мён ұйымдастырған кешкі ас кезінде айтты.
«Мен ертең таңертең Си Цзиньпинмен кездесемін. Бұл үш, тіпті үш-төрт сағатқа созылуы мүмкін», — деді америкалық көшбасшы.
Ал Қытай тарапы кездесу алдында АҚШ-пен ынтымақтастыққа дайын екенін мәлімдеді.
ҚХР Сыртқы істер министрлігі алдағы кездесуге қатысты пікір білдіріп, Бейжіңнің конструктивті ұстанымын атап өтті.
Министрлік өкілі Го Цзякунның айтуынша, мемлекет басшылары деңгейіндегі дипломатия Қытай мен АҚШ арасындағы қатынастарда «маңызды стратегиялық бағыттаушы рөл атқарады».
«Трамп пен Си Цзиньпин Қытай мен АҚШ қатынастарына және өзара мүдделі негізгі тақырыптарға қатысты стратегиялық әрі ұзақ мерзімді мәселелерді терең талқылайды. Біз бұл кездесудің оң нәтижелерге жетуіне, екі ел қатынасының тұрақты дамуына жаңа серпін беруге дайынбыз», — деді Го Цзякун.