Трамп пен Путин Украина бойынша 2 сағаттан астам сөйлесті

АҚШ президенті Дональд Трамп пен Ресей президенті Владимир Путин Украинадағы соғысты реттеу мәселесі бойынша телефон арқылы сөйлесті. Халықаралық ақпарат агенттіктерінің хабарлауынша, әңгіме екі сағаттан астам уақытқа созылған.
Әзірге бұл келіссөзге қатысты ресми ақпарат тек Кремль тарапынан жарияланды. АҚШ әкімшілігі Трамп пен Путин арасындағы диалогқа қатысты түсініктеме берген жоқ.
Ресейдің мемлекеттік ТАСС агенттігі Путиннің бұл әңгімені “ашық әрі мазмұнды” деп сипаттағанын жазды. Ресей президенті Трампқа Ресей мен Украина арасындағы тікелей келіссөздерді қайта бастауға қолдау білдіргені үшін алғыс айтқан. Сондай-ақ Трамп атысты тоқтату мәселесіндегі өз ұстанымын бөліскен.
Путиннің айтуынша, Украинадағы соғысты тоқтату үшін тиісті келісімдерге қол жеткізу қажет.
Мәскеу мен Киев екі жаққа да тиімді ымыра табуы керек”, – деді ол.
Сөйлесудің толық мәліметтері кейінірек Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков немесе Ресей президентінің көмекшісі Юрий Ушаков арқылы жарияланатыны айтылды.
Фото: Brandon/Bednyakov/AP/dpa/picture alliance