Трамп жариялаған бітімге дейін Израильде 3 адам қаза тапты

AFP агенттігінің Израильдің шұғыл қызметтеріне сілтеме жасап хабарлауынша, Трамп жариялаған бітімге дейінгі аз ғана уақыт ішінде Иранның шабуылдарынан Израильде үш адам қаза тапты.
Агенттік сонымен қатар Израиль Қорғаныс армиясының мәлімдемесін келтіреді. Онда 24 маусым күні таңертең әскерилер Ираннан ұшырылған зымырандарды анықтап, оларды тосып алу және қауіпті жою үшін қажетті соққылар жасағаны айтылған.
ЦАХАЛ-дың мәліметінше, бұл соңғы екі сағаттағы алтыншы зымырандық шабуыл легі.
Израильдің жедел жәрдем қызметі де таңғы атқылау салдарынан кемінде сегіз адамның жарақат алғанын хабарлады. Кейін әуе дабылының тоқтатылғаны жария етілді.
Ал Иранның мемлекеттік БАҚ-тары атысты тоқтату процесі басталуға тиіс болған сәттен бірнеше минут бұрын Израильге қарай зымырандар атылғанын хабарлады. Бұл "бесінші толқын" болған, делінген хабарламада.
Кешке қарай Дональд Трамп Израиль мен Иран жақын сағаттарда атысты тоқтатуға келісім бергенін мәлімдеді. Кейін Иран сыртқы істер министрі Аббас Арагчи Иранның Израильге қарсы әскери операциялары «соңғы минуттарға дейін, таңғы 4-ке дейін» жалғасқанын айтты.
Осыдан көп ұзамай Трамп өзінің Truph Social әлеуметтік желісінде Израиль мен Иран арасындағы бітім күшіне енгенін жазды.
«Оны бұзбаңыздар, өтінемін», – деп қосты АҚШ президенті.
Фото: Amir Levy / Getty Images


Ең көп оқылған
