Украина әскері екі бағытта 26 шаршы км аумақты азат етті

Украина Қарулы Күштердің Бас қолбасшысы Александр Сырский командирлердің есептерін тыңдап, қорғаныс тұрақтылығын күшейту жөнінде тиісті тапсырмалар бергенін мәлімдеді, деп хабарлайды Malim.kz УНИАН-ға сілтеме жасап.
Оның айтуынша, Украина қорғаныс күштері бірқатар бағытта табысқа жетті. Әсіресе Покровск және Доброполь бағыттарында елеулі аумақ азат етілді.
«Атыс-шабыс белсенді жүріп жатқан Покровск, Доброполь және Северск бағыттарында жұмыс істедім. Осы учаскелерде әскери міндеттерді орындап жатқан бөлімдердің командалық пункттерінде болдым. Покровск бағыты әлі де ең күрделі бағыттардың бірі болып отыр. Соңғы аптада біздің бөлімшелер шамамен 350 шабуылды тойтарды», – деді Сырский.
Бас қолбасшының сөзінше, ресейлік әскер негізгі күшін дәл осы Покровск бағытына шоғырландырып, ең үлкен шабуылдаушы топ құрған. Соған қарамастан, Украина күштері тамыз айында жоғалтқан 5 шаршы км аумаққа қарсы 26 шаршы км жерді бақылауға қайтарды. Осындай оң нәтиже Доброполь бағытында да байқалды.
«Командирлердің есептерін тыңдап, жедел шешім қабылдауды қажет ететін мәселелер бойынша тапсырмалар бердім. Қосымша оқ-дәрі мен дрондар жеткізуді, радиоэлектронды күресті және фортификациялық шараларды күшейтуді қамтамасыз етіп жатырмыз», – деп толықтырды Сырский.
Фото: t.me/osirskiy

Ең көп оқылған
