Зеленский: Украинаның қауіпсіздігін қамтамасыз ететін кепілдіктердің аясы анықталды

4 қыркүйекте Парижде өткен «қалау білдіргендер коалициясы» кездесуінен кейін Украина президенті Владимир Зеленский елдің қауіпсіздік кепілдіктеріне қатысты жалпы келісімге қол жеткізілгенін мәлімдеді, деп хабарлайды Malim.kz DW-ге сілтеме жасап.
Оның айтуынша, қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі басты рөлді Украина Қарулы күштері атқарады. Сонымен қатар, кездесуге қатысушылар Ресейдің Украинаға қарсы соғысты тоқтатуға бағытталған кез келген бейбіт бастаманы қабылдамай отырғанын атап өтті.
Франция президенті Эммануэль Макронның айтуынша, Украинада атысты тоқтатқаннан кейінгі бейбітшілік миссиясына 26 ел қатысуға дайын. Олар өз контингентін жіберуге немесе әуе мен теңіздегі қауіпсіздікті қамтамасыз етуге арналған құралдармен қолдауға келісті. Макрон АҚШ-тың Украинаға қауіпсіздік кепілдіктеріне қатысты түпкілікті шешімі алдағы күндері белгілі болатынын айтты.
Париждегі консультацияларға барлығы 35 мемлекет пен үкімет басшысы қатысты. АҚШ президенті Дональд Трамп еуропалық әріптестерін Ресей мұнайын сатып алуды тоқтатуға шақырды.
Оның айтуынша, дәл осы мұнай сатудан түскен қаржы Мәскеудің соғысты жалғастыруына мүмкіндік беріп отыр. Бір жылдың ішінде Ресей ЕО елдерінен 1,1 млрд еуро табыс тапқан.
Сондай-ақ Трамп Қытайға да экономикалық қысым жасауды ұсынды, себебі Бейжің Ресейдің әскери қимылдарын қаржылай қолдап отыр.
Зеленскийдің сөзінше, АҚШ президенті Венгрия мен Словакияның ресейлік мұнайды сатып алып отырғанына ашулы. Бұл екі ел жуырда АҚШ-қа Украина тарапынан Ресейдің энергетикалық нысандарына жасалған соққыларға шағымданған болатын.
«Мен АҚШ-тың бүгін ашық түрде бұл елдердің Ресейдің соғыс машинасына көмектесіп отырғанын айтуына қуаныштымын», – деді Украина президенті.
Фото: Ludovic Marin/AFP

Ең көп оқылған
