Трамп: Соғысты тоқтату үшін Донбасты бөлу керек

АҚШ президенті Дональд Трамп 19 қазан, жексенбі күні Ресей мен Украина арасындағы соғысты тоқтату үшін Донбасс аймағын "бөлу қажет" деген мәлімдеме жасады. Оның айтуынша, аймақтың көп бөлігі Ресейдің бақылауында қалуы тиіс.
"Бәрі қазіргі қалпында қалсын. Қазірдің өзінде ол бөлініп тұр. Менің ойымша, аймақтың 78 пайызы Ресейдің қолында", – деді Трамп журналистерге президенттік ұшақ – Air Force One бортында берген сұхбатында.
"Кейінірек олар өзара бір келісімге келе жатар. Бірақ дәл қазір екі тарап та соғыс шебінде тоқтауы тиіс – үйлеріне қайтып, соғыс қимылдарын тоқтатып, адамдарды өлтіруді доғаруы керек", – деді Ақ үй басшысы.
Трамп Зеленскийді Донбастан бас тартуға шақырды ма?
Сонымен қатар, Трамп The Financial Times басылымы 19 қазанда жариялаған мақаланы жоққа шығарды. Аталған мақалада Трамптың Украина президенті Владимир Зеленскиймен кездесуінде Донбасты түгел Ресейге беруге шақырғаны айтылған еді. Онда егер Зеленский келіспесе, Ресей президенті Владимир Путин "Украинаны жойып жібереді" деген ескерту жасағаны жазылған.
Алайда Трамп бұл ақпаратты жоққа шығарып, Зеленскийге ондай талап қоймағанын айтты.
Трамп: Үндістан Ресейден мұнай сатып алуды қысқартпаса, тариф төлей береді
Журналистермен әңгіме барысында Трамп Үндістан мәселесіне де тоқталып өтті. Ол Үндістан премьер-министрі Нарендра Моди оған Ресейден мұнай сатып алуды шектейтінін уәде еткенін еске салды.
"Егер бұл орындалмаса, Нью-Дели үлкен тарифтер төлей береді", – деп ескертті АҚШ президенті.
Фото: Jonathan Ernst/Pool/Reuters