АҚШ-та есірткі тасыды деген күдікпен екі қазақстандық ұсталды

АҚШ-тың Техас штатындағы Чемберс округінде екі ер адам есірткі тасымалдады деген күдікпен ұсталды. Алдын ала мәліметке қарағанда, олар — Қазақстаннан АҚШ-қа барған азаматтар, деп хабарлайды Malim.kz Azattyq Rýhy-на сілтеме жасап.
Полиция дерегінше, 2025 жылдың 27 қыркүйегінде арнайы тергеу тобы Есірткімен күрес басқармасымен бірлесіп, I-10 автомагистралінде көліктерді тексеру шарасын жүргізген. Сол сәтте бір көлікке иттің үргені назар аударған. Тексеру кезінде көліктен 35 келі кокаин табылған.
Күдіктілер — Нью-Йоркте тұратын Нұрсұлтан Мұқтарәли мен Пенсильвания тұрғыны Мұхит Дәнібеков. Екеуіне де есірткіні аса ірі көлемде сақтау және тасымалдау бабы бойынша айып тағылды. Бұл — бірінші дәрежелі ауыр қылмыс саналады. Ер адамдар қазір Чемберс округінің түрмесінде қамауда отыр.
Мұхит Дәнібековтің ағасы Жомарт Дәнібеков інісінің АҚШ-қа еңбек ету мақсатында барғанын айтады. Оның сөзінше, Мұхит пен серігі жүк көлігімен алыс сапарларға шыққан, ал көлікте есірткі бар екенін білмеген.
Қазір күдіктілерді сотқа дейін босату үшін 200 мың доллар көлемінде кепіл қажет. Жомарт Дәнібеков ағайын-туыс пен көпшіліктен көмек сұрауда. Оның айтуынша, Мұхиттің үш баласы бар, жұбайы ауыр науқас, өзі адал еңбек етуге барған.
Фото: facebook.com/sheriffchamberstx