Ким Чен Ын Путинмен кездесуде Ресейді толық қолдайтынын мәлімдеді

Ресей президенті Владимир Путин мен КХДР басшысы Ким Чен Ын Бейжіңде екіжақты кездесу өткізіп, өзара сенімді әрі тығыз қарым-қатынас орнағанын тағы да растады, деп хабарлайды Malim.kz DW-ге сілтеме жасап.
3 қыркүйек, сәрсенбі күні екі жарым сағатқа созылған келіссөздер барысында Солтүстік Корея көшбасшысы ресейлік әріптесіне толық қолдау көрсететінін мәлімдеді. «Егер мен сіз үшін немесе Ресей халқы үшін бірдеңе істей алсам не істеуім керек болса, мұны өзімнің бауырлық парызым деп білемін», – деді Ким Путинге.
Өз кезегінде Ресей президенті Украинаға қарсы төртінші жыл жалғасып жатқан ауқымды соғысқа қолдау ретінде солтүстіккореялық әскер жібергені үшін КХДР басшысына алғыс айтты. «Сіздің жауынгерлеріңіз ерлікпен, батырлықпен шайқасты. Біз сіздің қарулы күштеріңіздің және әскери қызметшілеріңіздің отбасыларының құрбандығын ешқашан ұмытпаймыз», – деп ТАСС Путиннің сөзін келтіреді.
Путиннің айтуынша, соңғы уақытта Ресей мен КХДР арасындағы қатынастар «ерекше сенімді, достық әрі одақтастық сипатқа ие болған». Кездесу соңында Ресей басшысы Ким Чен Ынды Мәскеуге шақырды. «Сізді күтеміз. Келіңіз», – деп ол солтүстіккореялық әріптесін құшақтап алды, деп хабарлады ресейлік мемлекеттік БАҚ.
Бұған дейін бірнеше сағат бұрын Ким мен Путин ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің құрметті қонақтары ретінде Бейжіңдегі әскери парадқа қатысты. Бұл Ресей, Қытай және Солтүстік Корея басшыларының алғашқы осындай бірлескен кездесуі болды. АҚШ президенті Дональд Трамп оларды Америка Құрама Штаттарына қарсы астыртын сөз байласты деп айыптады.
Фото: Sergey Bobylev/Sputnik/Reuters

Ең көп оқылған
