Ақ үйде Трамп пен Зеленский кездесуі өтті

Зеленский Трампқа «Томагавктарға» айырбас ретінде АҚШ-қа украин дрондарын сатуды ұсынды, деп хабарлайды Malim.kz.
Украина президенті Владимир Зеленский Ақ үйде Дональд Трамппен келіссөз алдындағы баспасөз жиынында АҚШ-қа украин өндірісіндегі дрондарды сату идеясын айтты. Оның сөзінше, Украинада мыңдаған соққы дроны бар, бірақ «Томагавктар» жоқ.
«Әскери нысандарға соққы жасау үшін зымырандармен қатар мыңдаған дрон қажет. Украинада өз өндірісімізден шыққан мыңдаған дрон бар, бірақ бізде “Томагавктар” жоқ. Ал АҚШ-та бұл зымырандарды және басқа да қару түрлерін шығаратын қуатты өндіріс бар. Олар бізден мыңдаған дрон ала алады», — деді Зеленский.
Өз кезегінде Дональд Трамп үмітін білдіріп, соғысты «Томагавктарды» қолданбай-ақ аяқтауға болатынын айтты.
«Біз қазір соғысты тоқтатуға өте жақынбыз. Украина өте жақсы дрондар шығарады», — деді Трамп.
АҚШ президентінен Украинаға америкалық қарумен Ресей аумағындағы нысандарға соққы жасауға рұқсат беріле ме деген сұрақ қойылды. Трамп бұл мәселе бүгінгі келіссөз кезінде талқыланатынын айтты.
«Соғыс пен бейбітшілік мәселесінде ешқашан не боларын білмейсің. Сондықтан біз “Томагавктар” туралы сөйлесеміз. Бірақ біз соғыстың аяқталып, бұл зымырандардың қажет болмай қалғанын қалаймыз», — деді ол.
Журналистердің сұрақтарына жауап берген соң екі елдің басшылары жабық есік жағдайында кеңес өткізеді.