Ауғанстан мен Пәкістан атысты тоқтату туралы келісімге келді

Ауғанстан мен Пәкістан Доха мен Анкараның қатысуымен атысты тоқтату туралы уағдаластыққа қол жеткізді, деп хабарлайды Malim.kz DW-ге сілтеме жасап.
Соңғы күндері екі елдің шекарасында қақтығыстар жиілеп, ондаған адамның қаза тапқаны туралы хабарланған еді.
18 қазан, сенбі күні Дохада өткен келіссөздер барысында тараптар шекарада дереу атысты тоқтату туралы келісті. Бұл туралы мәлімдеме Қатар СІМ сайтында жарияланды.
Сонымен қатар, елдер тұрақты бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету тетіктерін құру бағытында бірлесіп жұмыс істеуге уағдаласты. Алдағы күндері Ауғанстан мен Пәкістан өкілдері қайта кездесіп, атысты толық тоқтату режимін сақтау жолдарын талқыламақ.
Келісімге Ауғанстанның қорғаныс министрі Мохаммад Якуб Муджахид, Пәкістанның қорғаныс министрі Хаваджа Асиф, сондай-ақ Қатар мен Түркияның өкілдері қол қойды.
Қатар Сыртқы істер министрлігі бұл келісім екі бауырлас ел арасындағы шекарадағы шиеленісті азайтып, аймақтағы бейбітшілікке негіз қалайды деген үміт білдірді.
Фото: Stringer/REUTERS