Пәкістан мен Ауғанстан 48 сағатқа атысты тоқтату туралы келісімге келді

Пәкістан мен Ауғанстан 48 сағатқа созылатын уақытша атысты тоқтату жөнінде келісімге қол жеткізді, деп хабарлайды Malim.kz Geo News-ке сілтеме жасап.
Басылымның жазуынша, бұл ақпаратты Пәкістан Сыртқы істер министрлігі растаған.
«Ауғанстандағы талибтер үкіметінің өтініші бойынша және өзара келісім нәтижесінде Пәкістан мен талибтер бүгін кешкі сағат алтыдан бастап 48 сағатқа атысты тоқтату туралы уағдаластыққа келді (Астана уақытымен сәйкес)», – делінген министрліктің мәлімдемесінде.
Бұл кезеңде екі тарап та мәселенің «оң және тұрақты шешімін табуға бағытталған конструктивті диалог жүргізетіні» айтылды.
Бұған дейін БАҚ Кабулдың халық көп қоныстанған Хайрхана-Котал ауданында жарылыстар болғанын хабарлаған.
Сондай-ақ 14 қазанда Пәкістан мен Ауғанстан шекарасында қарулы қақтығыстар тіркелген. Пәкістан қарулы күштері ауған танктері мен әскери бекеттеріне соққы берген. Ауған билігінің мәліметінше, бұл қақтығыстарда 12 адам қаза тауып, 100-ден астам адам жараланған.
Еске салайық, 9 қазанда Ауғанстан астанасында бірнеше жарылыс болып, Кабул билігі бұл оқиғаға Пәкістанды айыптаған еді.
11 қазанда шекара маңындағы Пактия провинциясында екі елдің шекара жасақтары арасында ауыр шайқас болған.
Ауған тарапының мәліметінше, сол кезде 58 пәкістандық сарбаз қаза тауып, 30-ы жараланған. Сондай-ақ ауған шекарашылары «елеулі көлемдегі қару-жарақ пен техникаға ие болған».
Пәкістан әскери өкілдері бұл деректі теріске шығарып, өздерінің 23 сарбазынан айырылғанын, ал қарсы тараптан 200-ден астам талиб пен одақтас содырдың жойылғанын мәлімдеді.
Фото:depositphotos.com