457.61
493.07
4.99

Подписаться на новости:

Редакция Malim: +7 707 830 77 21

© 2025 Malim.kz Қоғамдық-саяси сайт!

Барлау қызметінің басшысы: Ресеймен қақтығысқа қазірден бастап дайындалу керек

Ресей 2029 жылға қарай НАТО-ға шабуыл жасауы мүмкін

Германияның Федералдық барлау қызметінің (BND) басшысы Мартин Йегер Ресеймен қақтығыстың ушығуына қазірден бастап дайындалу керек деп есептейді.


«Біз Ресейдің ықтимал шабуылы 2029 жылға дейін болмайды деп арқаны кеңге салмауымыз керек. Біз қазірдің өзінде қауіп астындамыз», – деді ол 13 қазанда Бундестагтағы арнайы қызметтерді бақылау комитетінде сөйлеген сөзінде.

Оның айтуынша, Еуропада қазір "мұздай тыныштық" орнаған, ол кез келген сәтте ашық қақтығысқа ұласуы мүмкін. «Жағдайдың ушығуына дайын болуымыз керек», – деді Йегер, бейбітшілік пен соғыс арасындағы шекара жойылып бара жатқанын атап өтіп.

Германияның қорғаныс министрі Борис Писториус та бұған дейін Ресей 2029 жылға қарай НАТО-ға шабуыл жасауға дайын болуы мүмкін екенін ескерткен еді.

Йегердің пікірінше, Кремль Батыстың шекарасын сынап көргісі келеді: НАТО-ны әлсіретуге, Еуропа демократияларын тұрақсыздандыруға, қоғамдарды бөліп-жарып, қорқытуға тырысады. Оның мақсаты – экономикалық тұрғыда мықты Еуропаны өзіне тәуелді ету.

Осы мақсатта Ресей:

Ресей сайлаулар мен қоғамдық пікірді манипуляциялауға, насихат жүргізуге, арандатуға, жалған ақпарат таратуға, қорқытуға, тыңшылық жасауға, диверсия ұйымдастыруға, әуе кеңістігін бұзуға, тапсырыспен кісі өлтіруге және шетелге кеткен оппозиционерлерді қудалауға дейін барады.

Мартин Йегер – Германияның Украинадағы бұрынғы елшісі.

Оның BND басшысы болып тағайындалатыны 2025 жылғы маусымда белгілі болды. Der Spiegel журналының жазуынша, ол агенттікке көбірек қаржы бөлініп, жұмыс бағыты өзгереді деп күтілуде. Қыркүйекте Йегер ресми түрде қызметке кірісті.

Айта кетейік, 61 жастағы дипломат 2023 жылдан бастап Украинадағы Германия елшілігін басқарды. Бұған дейін Багдад пен Кабулда елші болып қызмет етті, түрлі министрліктерде жұмыс істеді және сыртқы істер министрі Йошка Фишердің баспасөз хатшысы болған.

Фото: tsn.ua