Украина Ресейге қарсы жаңа санкциялар енгізді

Украина президенті Владимир Зеленский Ресейге қатысты арнайы санкциялар енгізу туралы жарлыққа қол қойды. Бұл туралы Президент кеңсесінің ресми сайтында жарияланды, деп хабарлайды Malim.kz DW-ге сілтеме жасап.
Шектеу шаралары 60 заңды және 73 жеке тұлғаға қатысты қабылданды. Санкцияға іліккендердің барлығы – Ресей азаматтары мен ресейлік компаниялар. Олардың ішінде майнинг және инвестиция саласында жұмыс істейтін ұйымдар бар. Атап айтқанда: «Өнеркәсіптік майнинг қауымдастығы», «Кузбасс Майнинг» ЖШҚ, «ВТБ Капитал Трейдинг» ЖШҚ, «ПСБ Инновациялар және инвестициялар» ЖШҚ сынды мекемелер, сондай-ақ Кипр мен БАӘ-де тіркелген шетелдік фирмалар да бар.
Зеленский бұл санкцияларды Еуропалық Одақ пен басқа да серіктес елдердің шараларымен үйлестіру жоспарланып отырғанын атап өтті.
Бұл қадам Украинада маусым айында жарияланған «ерекше шаралар айының» бір бөлігі саналады. Осы кезеңде Киев Ресейге қысымды күшейтіп, дрондар өндірісін ұлғайтуды және басқару мен дипломатиялық құрамдағы өзгерістерді қолға алатынын мәлімдеген еді.
Фото: Tetiana Dzhafarova/AFP/Getty Images


Ең көп оқылған
