Германия Украинаға әскер жіберуі мүмкін

Ресей мен Украина арасында ұзақ мерзімді атысты тоқтату режимі орнаған жағдайда, бейбітшілікті қамтамасыз ету үшін Украинаға неміс әскерилері жіберілуі мүмкін. Мұндай пікірді Бундестагтың қорғаныс комитетінің төрағасы Томас Рёвекамп (Thomas Röwekamp) 20 тамыз, сәрсенбі күні WDR медиакомпаниясына берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды Malim.kz.
Саясаткердің сөзінше, еуропалықтар мен украиндар ресейлік тарапқа қарсы іс-қимылда теріс тәжірибе жинақтады, сондықтан енді оларды әскери тұрғыда тиімді тежеу қажет.
"Бұл дегеніміз, Ресеймен бейбітшілік туралы келісім жасалғаннан кейін де неміс сарбаздары Украинада бейбітшіліктің ұзақ мерзімді болуын қамтамасыз етеді", – деп түсіндірді ол.
Украина армиясына Бундесвер тарапынан көрсетілетін ықтимал қолдау жайлы сұраққа жауап бергенде, Рёвекамп логистикалық көмек, украин әскери қызметкерлерін оқыту және әуе қорғанысын мысалға келтірді. Оның айтуынша, Бундесверде Украинада ұзақ мерзімді бейбітшілікті қамтамасыз ете алатын "әскери мүмкіндіктердің толық спектрі" бар.
Украина тарапынан ықтимал бейбітшілік келісіміндегі басты мәселелердің бірі – Киев серіктестерінің қауіпсіздік кепілдіктері.
"Мәселе – Украинаға міндеттемелермен бірге кепілдіктер мен әскери қорғауды қамтамасыз ету. Ресей жаңа шабуыл жасаған жағдайда, еуропалықтар америкалық күштермен бірге соққыны тойтаруға дайын болуы тиіс", – деді ол.
"Ешкім соғысты қаламайды. Әскери қақтығыстың алдын алудың ең сенімді жолы – Ресей армиясынан да көп әскердің болуы арқылы тежеу", – деп түйіндеді Бундестаг өкілі.
Фото: Udo Herrmann/Herrmann Agenturfotografie/IMAGO

Ең көп оқылған
