Украина тұтқындарды босатуды сұрады. Путин де шарт қойып отыр
Ресей мен Украина бітімгершілікке қатысты түсініктеме берді

Эр-Риядта үш күн бойы өткен келіссөзден кейін Ақ үй Қара теңіздегі Ресей мен Украина арасында бітімгершілік туралы жариялады. Бұл туралы euronews-ке сілтеме жасап Malim.kz хабарлайды.
АҚШ-тың мәлімдеуінше, Украина мен Ресей Қара теңіздегі атысты тоқтату туралы ұсынысты қолдайды.
Сейсенбіде жарияланған екі мәлімдемеде Ақ үй Киев пен Мәскеу «қауіпсіз тасымалдауды қамтамасыз етуге, күш қолдануды болдырмауға және коммерциялық кемелерді Қара теңізде әскери мақсатта пайдалануға жол бермеуге келісті» деп хабарлады.
Бұл келісімге Сауд Арабиясының астанасы Эр-Риядтағы АҚШ пен екі қарсылас арасындағы үш күндік келіссөзден кейін қол жеткізілді.
Алайда Кремльдің мәлімдемесінде кеме қатынасы қауіпсіздігі туралы кейбір шектеулер алынып тасталғаннан кейін ғана келіссөз күшіне енетіні көрсетілген. Шарттардың ішінде азық-түлікпен (оның ішінде балық өнімдерімен) және тыңайтқыштармен халықаралық сауда операцияларын қамтамасыз етуге тартылған Россельхозбанк пен өзге де қаржы ұйымдарынан санкцияларды алып тастау, оларды SWIFT-ке қосу, қажетті корреспонденттік шоттар ашу, азық-түлік пен тыңайтқыштарды өндіруші және экспорттаушы компаниялардан санкцияларды алып тастау, порттарда қызмет көрсетуге шектеулер мен санкцияларды алып тастау, сондай-ақ Ресейге ауылшаруашылық техникасын және азық-түлік пен тыңайтқыштар өндірісіне қатысатын басқа тауарларды жеткізуге шектеулерді алып тастау туралы айтылған.
Украина Қорғаныс министрі Рүстем Умеров Қара теңізде кемелердің қауіпсіз қозғалысы туралы мәселеге назар аударды.
Ресей әскери кемелерінің Қара теңіздің шығыс бөлігінен тыс жерлерге қозғалысы осы келісімдердің ретін бұзу, Қара теңізде еркін жүзуді қамтамасыз ету жөніндегі міндеттемелерді бұзу және Украинаның ұлттық қауіпсіздігіне қатер төндіру ретінде қарастырылады. Бұл жағдайда Украинаның өзін-өзі қорғауға толық құқығы болады, - деп жазды Умеров.
Украина президенті Ақ үй жариялаған мәлімдемеге түсініктеме беріп, кейбір мәліметтерді атап өтті. Зеленскийдің айтуынша, еркін кеме қатынасы туралы тармақ мүмкіндігінше кеңірек түсіндірілуі керек.
Теңізде бейбітшілік пен еркін кеме қатынасы туралы айтатын болсақ, инфрақұрылым туралы да айтып отырмыз. Оның қалай жүзеге асатынын көрейік, - деді ол.
Бұған қоса, ол Украина АҚШ-қа шабуылдардан қорғалуы тиіс нысандар тізімін бергенін растады.
Украина президенті Ресей мен Украинаның әр тарапқа маңызды бір тармағы бар екеніне назар аударды. Украина әскери тұтқындарды босату туралы, ал Ресей кейбір санкцияларды алып тастау туралы өтініш жасаған.
Фото: verge.zp.ua
MalimBlocks
