Жапония Солтүстік Кореяның іс-әрекетіне алаңдаулы

Олар Солтүстік Корея әскерлерінің Ресейдегі соғысқа араласуына алаңдаушылық білдірген.

Malim Админ

  • 15.11.2024

                                Фото: The Japan News

Жапония Сыртқы істер министрі Ивая АҚШ Мемлекеттік хатшысы Антони Блинкенмен кездесті. Бұл туралы The Japan News хабарлады.

Такеши Ивая мен Антони Блинкен Ресей мен Солтүстік Корея арасындағы әскери ынтымақтастықтың жай-жапсарын талқылады. Олар Солтүстік Корея әскерінің Ресейдегі соғысқа араласуына алаңдаушылық білдірді.

Блинкенмен кездесуінде Ивая екі елдің «заң үстемдігіне негізделген еркін және ашық халықаралық тәртіпті қолдау және нығайту үшін жаһандық серіктестер ретінде ынтымақтастықты одан әрі тереңдететініне» сенім білдірген. Блинкен АҚШ-Жапония одағы Үнді-Тынық мұхиты аймағындағы қауіпсіздік пен өркендеудің ірге тасы саналатынын, екі елдің достығы жаһандық мызғымас серіктестікке айналғанын айтқан.

«Олар, сондай-ақ, күн санап өсіп келе жатқан Қытай гегемониясын, Солтүстік Кореяның ядролық қару мен зымыранды дамыту бағдарламасын және Украинадағы жағдайды талқылады. Содан кейін олар альянстың тежеу ​​және әрекет ету мүмкіндіктерін арттыруға және пікірлес елдермен ынтымақтастықты одан ары тереңдетуге келісті», – дейді басылым.

Ивая мен Блинкен Америка Құрама Штаттарында алда болатын әкімшілік өзгерістерді ескере отырып, Жапония, АҚШ және Оңтүстік Корея арасындағы үшжақты ынтымақтастықты жалғастырудың маңыздылығына тоқталған.