Алматы облысында өткен әкім Марат Сұлтанғазиевтің “халықпен кездесуіне” қарапайым тұрғындар кіре алмаған. Залды толтыру үшін мұғалімдерді арнайы жинаған, деп хабарлайды Malim.kz Ulysmedia.kz-ке сілтеме жасап.
Кездесу туралы хабарлама әкімдіктің ресми парақшасында бар болғаны 17 сағат бұрын жарияланған. Соның салдарынан көптеген тұрғын жиналыстан бейхабар қалған.
Бүгін 4 мектептің мұғалімдерін әкеліп отырғызған. Қарапайым халық жоқ. Әкім келетінін тек мұғалімдерден естідік. Неге алдын ала хабарланбайды? Халықтың айтары бар ғой. Әкім келетін күні аудан тап-таза болып шыға келеді. Осындай тазалық пен тәртіп күн сайын болса екен дейміз, — дейді Іле ауданының тұрғыны Сұлтансандуғаш Базарғалиқызы.
Оның айтуынша, ауданда шешімін таппаған мәселелер көп.
Көше жөндеу, баспана, әлеуметтік көмек алу — бәрі күрделі. Кейбір мұқтаж отбасылар тіркеуі жоқ болғандықтан АӘК ала алмай отыр. Өзім аудан әкіміне үш жыл бойы барып жүрмін, бірақ нәтиже жоқ, — дейді ол.
Алматы облысы әкімдігінің ресми сайтында бұл кездесу туралы ақпарат расталған. Онда Іле ауданы тұрғындары әкімге 40-тан астам сұрақ қойғаны жазылған. Іс-шара 17 қазанда Өтеген батыр ауылындағы Мәдениет үйінде өткен.
Фото: Алматы облысының әкімдігі