Алматы облысына қарасты Кеген ауданында таулы жерден полиция қызметкерінің өртенген мәйіті табылды. Бұл қылмысқа күдікті ретінде марқұмның жұбайы мен ұлы қамауға алынды, деп хабарлайды Malim.kz.
Жантүршігерлік оқиғаға қатысты журналист Михаил Козачков арнайы хабарлама жариялап, марқұмның аты-жөні Аслан Альсеров екенін жазды. Олар 7 баланы тәрбиелеп отырған үлгілі отбасы ретінде танылған.
Қайғылы оқиғаны Алматы облыстық Полиция департаменті ресми түрде растады.

«Кеген ауданында ер адамның жанып кеткен мәйітінің табылу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. 23 маусым күні полицияға таулы аймақтан мәйіттің табылғаны туралы хабарлама келіп түсті. Оқиға орнына жедел түрде жедел-тергеу тобы шықты. Қаза болған адамның жеке басы анықталды. Оның полиция қызметкері болғаны расталды. Жүргізілген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде күдіктілер, оның ішінде марқұмның жұбайы мен ұлы ұсталды. Барлығы уақытша ұстау изоляторына қамалды», – делінген облыстық ПД хабарламасында.
Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған кешенді тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етуге жатпайды.