Ақан-Шоқан ауылы
Алдыңғы жылы қыста бір ағамыз осы ауылдан соғым алатын болып, ере шыққанмын. Сол тұста кәсіпкерлердің форумын ұйымдастыруды қолға алып жатыр едім, ағайынды екі кәсіпкерді сол форумға қатысуға шақыра келейін дедім.
Бұрын телеарнада істеген бір замандас, «Осындай Шоқан, Ақан деген ағайынды екі жігіт бар, ауылдарында арақ сатылмайды деген соң сюжет түсіріп қайтқанбыз, енді мықты болғанда да мықты жігіттер» деп мақтап қойған. Енді сол мықтыларды көруге қыстың қысқа күні басталмай жатып, Астанадан шықтық қой.
Бұрын Көкшетау облысы болған, кейін Солтүстік Қазақстанға қаратылған Тайынша ауданының бір ауылы екен. Кәдімгі күре жолдан алыс жатқан, текке қалған су мұнарасы алыстан көрінетін, жолы ойдым-ойдым, арнайы іздеп келген адам болмаса, былайғы адам елемейтін шағын ауыл.
Отыздан жаңа асқан Ақан жақында кіші қажылықтан келіп, сол күні қонақ шақырып жатыр екен. Екі облыстағы мен деген жігіттердің біразы келіпті. Соғым алуға барған біз де арнайы сол дастарханға барғандай болдық.
Бұл жақта кеш батса да аспан көкпеңбек болып тұрып алады екен, одан төмен қарасаң, қараңдаған адамдардың сұлбасы көрінеді – екі-ақ түс: сия көк пен қара. Көліктен асықпай түскен жігіттер, қарды сықыр-сықыр еткізіп басып келіп, ауыл жігіттерімен құшақтасып амандасып жатыр. Шоқан үйге таяу жерде тұрған жігіттердің ішінде ерекше көзге түседі. Ұзын бойы, ірі денесі, жолдың бас жағына қайта-қайта қарап қойып тұрған тұрысы Жорға Жұмабайдың әкелетін хабарын күткен Құнанбайдың тұрысын еске салады.
Сол жолғы сапардан екі нәрсе ерекше есте қалды. Біріншісі – тайыншалықтардың қонақ күтуі, екіншісі – Сәкен деген жігіттің айтып берген әңгімесі.
Қонақ күтуді бұл жақта қатырады екен. Сәбит Мұқанов айтатын асатуды осы жақтан көрдік. Жемеймін, алмаймын дегеніңізге қоймайды. Анау-мынау жігіт көтере алмайтындай астаумен келген семіз еттің жылт-жылт еткен майына қарап, жартылай тойып отырғанда ет туралғанша деп алдыңызға ағаш табақпен қуырдақ қояды екен. Қуырдақтың дәмділігі сонша, ет туралғанша тауысып қоя жаздайсың. Қой, қазір еттен алмаған ұят шығар деп өз-өзіңді ұстап отырғанда қазыны жұқалау ғып әдемілеп тіліп, әкел деп алақаныңды сұрап біреуі шығады. Басында білмейміз ғой, жалғыз асату осы шығар деп алып алдық. Сонымен бір асқазан тоятындай тамақ кетті ішке. Бірақ бұл басы ғана екен. Сәл кештеу бір адам келеді екен де, «Қонақтарға асатқан жоқсыңдар ма не?» деп қойып, тағы асатады екен. Ол аздай, ет желініп болды-ау дегенде соңғы бір асату тағы болады екен. Қолын қайтара алмайсың, жегенше жаныңды қоймайды.
Сөйтіп, біттім-ау деп отырғанда шай келеді. Енді бір жақсылап шай ішетін шығармын деп қуанып қаласың. Еркінен тыс тойып алған адам үшін шай бір дүниенің рахатындай көрінеді ғой. Бірақ емін-еркін шай ішемін деп ойламай-ақ қойыңыз. Шай сізге жеткенше кесеңізге май толып келеді. Бір тәрелкеге салынған майды беттілеу біреуі төртке бөледі де қонақтарға салып береді. Бір кесеге салынған маймен бір аш келген адам шай ішсе, тоятындай-ақ. Жоқ, соны етке әлгіндей ғып тойдырып алып, кесеңізге салып береді. Кесеңе қарап, түрің бұзылып, не істеріңді білмей отырып қаласың. Ауылдың адамдары соны көріп, ой, бір риза болады-ау. Же-же деген сайын, сен қиналған сайын жымың-жымың етіп, мырс-мырс етіп мәз. Алмаймын десең, анау (жаңағы беттілеуі) алғызамын дейді, басқалар осы драмманың көрерменіне айналады. Сондай дәстүр. Ешкімге ренжи алмайсың, тіпті, артынан өзің де қоса күлесің.
Екінші есте қалғаны Сәкеннің әңгімесі дедім ғой. Әлгіндей дастарханнан кейін сейілдеп қайтайық деп сыртқа шыққанбыз. Буымыз бұрқырап, суықты елейтін түріміз жоқ. Соғым алуға келген ақын ағамыз бар, мен, сон соң Сәкен деген жігіт көптен бөлектене жүрдік. Біреулер мешітке қарай, біреулер Шоқанның інісі Ақанның үйіне қарай, енді біреулер өз үйлеріне қарай жүріп кеткен.
Сәкен өзі Бұқараның қазағы екен. Сол жақта туып-өскен, кейін Алматыда оқу оқып, оны тауыспай Көкшетауға көшіпті. Сонда жүргенде имамдар арқылы осы Ақан-Шоқанмен танысып, достасып кеткен.
– Бұл ауылға адам керек-ақ, – деді Сәкен, – әлі бос үйлер көп. Келетіндер келіп те жатыр. Шоқандар оларды жұмысқа алып, алдарына мал беріп, үй беріп көмектесіп жүр, Алла разы болсын. Негізі бұлардың әкелері осы ауылға мешіт салғызып, дүкендерден арақты алғызып тастаған ғой. Кейін осы екі жігіт әкесінің ісін жалғап, ауылға ие болып қалды. Өздерінің ата-бабаларының жері ғой осы маңай. Сырттан келген адамдар емес. Ал, қазір жер иесі ретінде сырттан келгендерге жағдай жасап отыр. Әкелері салған мешітке имам керек болғанда да өздері іздеп тауып, оған үй беріп, ол үйді жөндеп, ішіне суын кіргізіп, жағдайын жасап, алдына мал да салып берді. Үй-жайы реттелген соң, ол жігіт үйленді де. Енді осы ауылда қалады деп отырмыз.
Мен келген адамдарға беретін малы туралы сұрадым. Тегіннен тегін бере сала ма деп. Сәкен сол кезде маған өте қызық болып көрінген бір нәрсені айтты:
– Аманатқа береді. Яғни, елу қойды бір адамға үш жылға береді. Ол сол үш жылдың ішінде елу қойды көбейтіп, жағдайын жасап алуы керек. Одан кейін ауылға көшіп келген бола ма, немесе ауылда бұрыннан тұратын, бірақ жағдайы болмай жүрген бе, әйтеуір бір адамға аманатқа береді. Ол да үш жыл солай көбейтіп, тағы бір адамға беруі керек.
Гуілдескен жұрт бізді енді Ақанның үйіндегі дастарханға шақырды. Бағанағы Шоқанның үйінде жеген қуырдық пен етіміз негізгі дастарханның алдындағы жүрек жалғау болып шықты.
***
Ол сапар солай өткен еді.
Бір жарым жыл өткен соң Жазушылар одағы мен Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігі бірігіп ұйымдастырған «Әдеби өлкетану» жобасы бойынша облысқа тағы бардым. Бұрынғы тілмен айтқанда, ресми делегациямен бір барып келген соң, ел көріп, жер көргісі кеп жүрген Шалқар деген дос жігітті серік қылып ап, арнайылап Ақан-Шоқан ауылына тағы бардым. Қыстағы әсерімді толықтырып, ағайынды жігіттірмен кеңірек сөйлесіп қайтайыншы дедім.
Күн жаз тұғын.
Серік болып шыққан Шалқар өзі де кәсіпкер жігіт, барғанша кәсіп төңірегінде әңгіме айтыстық. Қазір көресіз, Шоқан, Ақан деген екі ағайынды жігіттің кәсібін деп қоямын. Малы көп деп сұрайды. Білмеймін деп шынымды айтамын. Расында да Шоқанның малы шамалы ғана, Ақанның егіні алақандай болып шығуы да мүмкін еді. Өйткені оған дейінгі барған сапарда нақтылап сұраған жоқпын, асықпай әңгімелесудің реті де келмеді. Шаруа шағын ғана, бірақ берекесі мол болуы да мүмкін ғой.
Бұл кісілер туралы ести бастағалы менен басқа да біраз адам білетінін, алыстан арнайы іздеп барып жататынын естігенмін. Соған қарап дүниелері де аз болмауы керек деп қоямын бір жағы.
Таңмен таласып аттанған біз діттеген жерімізге түсте бір-ақ жеттік. Ауылдың айналасы жап-жасыл болып жатыр екен. Күн ерекше ысып тұр.
Бұл ауылдың ресми аты – Теңдік. Совет кезінен қалған атау. Бірақ елдің бәрі Ақан-Шоқан ауылы дейді. Шоқан үлкені болса да, айтуға ыңғайлы болған соң осылай аталып кеткен.
Бізді Шоқан өзі күтіп алып, жаңа үйіне бастады. Қыста келгенде әлі кірмеген еді, енді жанындағы кішкентай жаздық үйге кіріпті. Үлкені әлі бітпеген сыңайлы. Маңайына жүк көліктері келіп тас түсіріп, асфальт төсеп жатыр. Інісі қалаға кеткен екен.
Біз етке отырғанда сәлем беріп ауыл мектебінің математика мұғалімі кірді. Бұрынғы байлардың үйі сияқты, әйтеуір біреулер түстеніп кетіп жататын үйге қызыға қарап отырмыз.
Шоқан – көп алдына суырылып шығып сөйлемейтін, жымиып отыруды ғана білетін адам. Бірақ тәжірибесі бар жігіт қой, пікірі терең. Бір ашылып сөйлесе, тыңдаушысын ойландырып тастай алады. Біз оны еттен кейін шаруашылықты аралағанда көрдік.
Есік пен төрдей аппақ көлігіне бізді міңгізіп алып, гектар-гектар жерін таныстыруға шықты. Шабындығы бар, егіні бар – оның бәрі інісіне тиесілі. Сататынын сатады, ағасына беретінін ағасына береді. Оның да өзінің қызығы мен шыжығы бар ғой, әрине. Істің басында тұрған Ақанның өзі ауылда болған соң, сөйлесе алмадық. Шоқанның айтуынша, інісінің қол астында маусымға байланысты елу-алпыс адам жұмыс істейді екен.
Ал Шоқанның өзінде он екі қызметкер бар. Ауылда бас-аяғы тоқсан түтін екенін ескерсек, соның жартысынан көбіне осы екі ағайынды жұмыс беріп отыр екен, оны да іштей есептеп үлгердік.
Ауылдың шетіндегі мал қамайтын үлкен-үлкен қораларын, астық сақтайтын қамбаларын көрдік. Жолай малшыларының үйін де көрсетті. Кезінде адамдар көшкенде босап қалған үйлерді сатып-сатып алып, бір-бірлеп жөндеп, сырттан келген адамдарға осылай беріп отыр екен.
– Осы қыста келгенде аманатқа мал береді деп естіп едім сіздерді, сол қалай? – деп сұрадым мен.
– Жыл сайын елу қойды осы ауылда тұратын бір адамға беремін. Ол үш жыл ұстап, көбейтіп, үш жылдан кейін басқа бір адамға елу қой беруі керек.
– Алғандардың ішінде малын азайтып алып, қарызға кіріп кетіп, немесе басқа жағдай болып бермей кеткендер бар ма?
– Мен енді бұл істі бастағаныма екі-ақ жыл болды. Ең ерте алғанына да әлі үш жыл толған жоқ. Бірақ, шүкір, көбейтіп жатыр. Ондай жағдай болмайды деп ойлаймын.
– Сырттан келгендерге бересіз бе көбіне?
– Жоқ, сырттан келгендерге басқа көмек жасалады. Мына аманат елу қойды ең кемі осында бір жыл тұрған, болашақта да осында боламын деп шешкен адамға береміз. Ал сырттан келген адамдарға үй, жұмыс, соғым береміз.
– Неше үй көшіп келді осыған дейін?
– Біраз бар ғой. Көбіне шеттен келген ағайындар ғой. Оңтүстік облыстардан бес-алты үй көшіп келді.
Әңгіменің осы тұсына келгенде ауылдан шықтық та, жап-жасыл алқапты тіліп отырып, Шағалалы деген көлден бір-ақ шықтық.
– Бұрын бұл көл тартылып қалған еді, кейінгі кезде қайта су жиналды, – дейді Шоқан. – Осыдан үш-төрт жыл бұрын ішіне түсіп, қамыстардың арасымен жүруші едім. Биыл су мол. Толып тұр. Осы суды пайдаланып, келер жылы картоп ексек деген ой бар. Бір жағы көшіп келіп жатқан адамдарға жұмыс болсын деген ниет.
– Бұрын бұл маңай өріс болды ма, әлде бірнәрсе еккен бе?
– Негізі мал бордақылайтын ауыл болған ғой. Бірақ одан бұрын тың игереміз деп осы жерлерді түгел жыртып тастаған екен. Содан шөптің көп түрі құрып кеткен. Егер сол шөптер құрымағанда малымыздың еті қазіргіден де дәмді болар еді.
Шоқанның көлігі жүйткіп келеді. Дала аптап ыстық. Машинаның іші сап-салқын. Жерлері үлкен екен, бір шетінен екінші шетіне жеткенше ұзақ жүрдік. Мен жол бойы әңгіме сұраумен болдым.
– Бұл жер әкелеріңізден қалды ма?
– Иә, әкем осында совхоздың директоры болған. Жас күнінде басқа ауылға сұранып, бірақ облыстың бірінші хатшысы қоярда қоймай осы ауылға жіберіпті. Ол кезде бұл жақта «проблемалар» болып, совхоз қиындықта жатқан екен. Кейін әкем бәлен жыл еңбек етіп, осы ауылды көтерген. Тоқсаныншы жылдары пай бергенде біраз жер әкеме бұйырыпты. Әкемнен басқа да адамдар болған, бірақ олар жүргізе алмай тастап кетті. Кейін біраз жерді біз сатып алдық.
– Сіздер мектепті осында бітірдіңіздер ме?
– Иә. Ата қонысымыз осы маңай ғой. Совет кезінде осы ауылға шоғырландырған.
– Мектептен кейін оқу оқыдыңыздар ма?
– Иә, Петропавлда университет бітірдік.
– Ол кезде басқа шаруамен айналысамын деген ой болды ма, әлде о бастан осы шаруашылықты қолға алуды ойладыңыздар ма?
– Мен заңгердің оқуын оқыдым. Басында қалада қаламын, жұмыс істеймін деп ойлағанмын. Бірақ жұмысқа тұру үшін пара беру керек болды. Содан кейін қолды бір сілтедім де, ауылға келіп, әкемнен малға ие болайын деп рұқсат сұрадым. Ол кезде төрт жүз бас қой, сексен бас жылқы болған.
– Қазір қанша болды?
– Қазір, шүкір енді, екі мың қой, төрт жүз жылқымыз бар. Ірі қараны құрттық, осы екі түлікті ғана қалдырдық.
– Ал ініңіз ше? Ол да қалада қалғысы келді ме?
– Жоқ, ол о бастан ауылшаруашылық мамандығын оқыды. Соны бітіріп келе салды да, егінге ие болды.
– Он бір жылдың ішінде осынша өсіпсіздер, оның сыры не сонда? Әлде бұл жақтың жері ыңғайлы ма? Мал ұстағандардың бәрі осылай көбейте бере ме?
– Жоқ, олай деуге болмайды. Бұл жақтың қысы қатты. Қар жауады да, артынша жаңбыр жауады. Бір қыста не екі рет, не үш рет жаңбыр жауады. Жаңбыр мұз болып қатады, одан соң қар жауып боран болады, сосын қайта жаңбыр. Осылай-осылай үш-үш қабаттан қар мен мұз араласады. Жылқыға қиын. Басқа адамдар жүз жылқыдан алпыс-жетпіс құлын алады. Шүкір, біз жүз биеден тоқсан сегіз құлын аламыз. Айтсам, көп адам сенбейтін шығар, бірақ бұның жалғыз сыры – зекет деп ойлаймын. Біз жыл сайын қалдырмай, зекет береміз. Өйткені, зекет – менің малымның ішінде жүрген кедей-кепшіктің, жоқ-жітіктің несібесі. Мен оны өзім алып қала алмаймын. Беріп, малымды жуып-тазалап алғаным артық. Осыдан деп ойлаймын, басқа жақта мал шығыны болса да, біздікі аман шығады.
Іштей бәрекелді деп Шоқан байдың әңгімесін тыңдап келе жатырмыз.
Қой жайылып жатқан жерге кеп жеттік. Бір отары ғана екен. Жақын жерде жартылай бұзылған иесіз үйлер тұр.
– Бұрын осы жерде бір шаруа қожалық болған, – деп түсіндірді Шоқан. – Кейін өздері ие бола алмай, жабылып тынды. Біз жартысын, одан әрідегі көршілері поляктар – солар жартысын сатып алды. Енді қазір сатып алатын да жер жоқ. Малды көбейтейік десек, өріс тар.
– Қойдың бәрі бір тұқым ба?
– Иә, тек еділбай қойын бағамыз. Жылқыда тек қана мұғалжар жылқысы.
Көлікке қайта мініп, жылқы жатқан жаққа тарттық.
– Әртүрлі асылтұқым жылқылар болушы еді ғой, оларды ұстап көрмедіңіздер ме?
– Оның бәрін совет үкіметі кезінде тексеріп тастаған ғой. Әбден зерттелген тақырып. Біз о бастан қазақы тұқымға көңіл бөлдік. Таза тұқым қылдық, ешкіммен араластырған жоқпыз. Қазір соның рахатын көріп отырмыз. Бір жиында қазақы қойдың маманы екен, бір профессормен таныстым. Ана кісі қазақы тұқымды әбден мақтады. Табиғаттарыңа әбден лайықталған мал дейді. Мен де солай ойлаймын.
Мал ұстайтын адамдардың біразын танимыз ғой. Көбі басқа тұқымдармен араластырып, асылдандырамыз деп ойлайды да, бүкіл уақыттарын құртады. Мысалы ет көп беретін жылқының тұқымы бар. Етті болғанда етті, енді. Соны алады да, қазақы жылқымен будандастырып, суыққа төзімді, бірақ етті жылқы шығарамыз деп ойлайды. Менен бір айғыр алса, содан екі есе қымбат ақшаға әлгі тұқымнан бір айғыр алады. Содан соң екеуін екі бөлек үйірге қосады. Ана ет көп беретін айғыр әрі кетсе бес бие шығарады. Өйткені ол айғырға күтім керек. Шөбі мен суын мол ғып беріп, күткенде ғана ол биеге шабады. Әйтпесе ол қарамайды да. Қарады деген күннің өзінде сол бес биеден аса алмайды. Ал мұғалжар айғыр бір маусымда он бес биені шығарады. Ал енді, есептеңіз. Бес құлынды өсіріп, қазақы жылқыдан бір жарым есе қымбат қып саттыңыз дейік. Бірақ одан үш есе көп жылқы сатқан мен бәрібір көп ақша табамын ғой. Көп адам айналым мен таза пайданы ажырата алмайды. Көп ақша қолыңнан өткеннен не пайда, шығынын алып тастағанда одан қалатын ақшаң аз ғана болса? Асыл тұқым жылқылар – ол бәленбай жыл сұрыпталып, қолдан жасалған тұқымдар. Оларда үйірге ие болатын инстинкт те жоқ. Өйткені, ол табиғи сұрып емес. Сондықтан біз бәлен ғасыр бойы қалыптасқан, осы климатқа үйренген, адамдарға да жайлы қой мен жылқыны ұстаймыз.
Шоқанның жылқысы бір жерге жиналып, үйіріліп тұр екен.
– Бөгелектің уақыты ғой, бәрі бір жерге тығылып тұр, – деп түсіндірді өзі. Былай бәрі араласып жүрген сияқты көрінгенмен, осының өзінде үйір-үйірімен тұр. Айғырлары мазасынданып, жылқы ішінде болса да үйірін айналып, тыным таппай жүр.
Шоқан осы сөздерді айтты да, бір-біріне тығылып, барынша жиналып тұрған төрт жүз жылқыға қарап:
– Тағы да көбейткің келеді, бірақ оған жер жоқ, – деді бағанағы ойын қайталап.
– Сонда мына төңіректің бәрі бос емес пе?
– Бос емес. Бәрін алып қойған. Жұмыстары керемет жүріп жатпаса да енді ол жерлерді сатып ала алмайсың. Бәрі кредитке кіріп, кепілге қойып тастаған.
– Өздеріңізде кредит жоқ па?
– Жоқ. Біз басында лизинг дегенді пайдаланғанбыз, кейін мүлде жоламайтын болдық. Кредит деген берекені қашырып жібереді. Бізден әлдеқайда үлкен қожалықтар бар, егінді салу үшін, күту үшін кредит ала береді. Ол сомаларды естісеңіз зәреңіз ұшады. Кейін сол тапқан таянғанын соны жабуға жұмсайды. Сөйтіп, табыс кете береді. Одан да таянбаған жақсы.
Біз бөгелектен қашып судың ішіне кіріп кеткен жылқыға, оны айдап, бері қуған екі жылқышыға қарап аз тұрдық та, көлікке қайта міндік.
Әңгімені одан әрі жалғадық.
– Бізде мал ұстайтын адам ауылдан шықпайтын, шаң мен боқтың ортасында жүретін адам сияқты түсінік қалыптасып қалған, – деп бастадым мен әңгімені. – АҚШ, Канадаларда ауылшаруашылықты оқытатын жоғары оқу орындарында джинсы мен етік киген, басына шляпа қондырған фермерлер келіп дәріс оқиды екен. Оларға жұрт қызыға қарайды.
Осындай ойымды айттым да, Еркін Тәтішевтің бір сөзін есімде қалғанынша айтып бердім. Негізі ол сөз мынау еді: «Ата-бабамыз осы жер үшін жанын берген кезде кейін бір Мырқымбай немесе Джон Смит келіп алып қойып қызығын көрсін деп соғыспаған шығар? Жер халықтікі болуы керек қой. Мен жақында Аргентинаға барып қайттым. Жер көлемі жағынан бізден бір саты жоғары тұр. Бар болғаны жүз мың шаршы метр ғана бізден үлкен. Баяғыда отарлауға келген испаниялықтар жерді бөліп алған, әлі күнге дейін солар әкеден балаға мұра ғып беріп, ұстап отыр. Қырық миллион халықтың он бес миллионы Буэнос-Айресте тұрады. Миллиондаған адамдар лашықтан құралған кедей аудандарда тұрады. Ауылда туған бала ешқашан жер телімін ала алмайды, сол үшін қалаға кетеді. Негізі, ол балалардың болашағын олар тумай тұрып алып қойған. Соған қарап бір нәрсені түсіндім, жер деген байлықты ешқашан ешкімге беруге болмайды. Кез келген ауыл тұрғыны жер алып, мал өсіріп, баласын жақсы жерде оқытып, Түркия мен Тайландта демала алатындай болуы керек. Американың каубойлары сияқты. Бұл дегеніңіз абыройлы өмір. Жиырма шаршы метр жерді жалға алып тұрып, базарда арба итеріп жүріп ұлың мен қызыңды өр, азат етіп тәрбиелей алмайсың. Ал ішкі дінің мықты болмаса, мынадай жерді ұстап тұру да оңай болмайды».
– Мен осы пікірге келісемін, – дедім Тәтішевтің сөзін шамам жеткенше айтып берген соң, – Қазақтар ауылды игеріп, мал ұстап, бай болса, соған басқалар қызықса, керемет емес пе?
– Менің де айтатыным сол, – деді Шоқан. – Тепсе, темір үзетін жігіттер қалаға барады да, не істерін білмей салпақтап жүреді. Жарайды, карьера қуатындардікі дұрыс. Бүгін маман, ертең бөлім бастығы, одан соң прокурордың көмекшісі боламын деп жүргендердікі жөн енді. Олар қалада қалуы керек, бар қиындыққа шыдауы керек, кейін соған сай бір жетістікке жетеді. Ал автобуста кондуктор болып, базарда арба сүйреп, көлік жуушы болып жүрген жігіттерге не жорық? Мен талайына айттым, кейбіреулері айтқан тілді алып, келді де. Айтамын, мен алдарыңа мал салып берейін, көбейтіп алыңдар, үй табылады. Ақшаларың болады. Мінгің келген көлікті мінесің, барғың келген жерге барасың, жегің келген тамақты алып жейсің. Қалада жүрсең ешқашан жете алмайтын нәрселерге қолың жетеді. Не бар қалада?
Бір жігіт былтыр ұсынысымды қабыл алып, осында келген. Енді қазір қалаға қайта кеткің келмей ме деп әзілдесем, жоқ, енді бара қоймаспын деп күледі.
– Кез келген қазақ мал ұстағысы келіп, далаға ұмтылып тұрады ғой. Бұл қасиеттен әлі ажырай қоймаған сияқтымыз, ол да жақсы шығар, – деп қойдым мен әңгіме суымасын деп.
– Кез келген қазақ жұмысы жүрмей жатса, мал ұстау керек еді дейді. Ал жұмысы жақсы жүріп кетсе, мал алып біреуге қосып қою керек еді дейді, – деп Шоқан бізді бір күлдіріп алды.
Ауылға кірген соң, шайға отырдық. Бағанадан қалған еттен ауыз тиіп, бізбен шай ішіп кетуге тағы да екі адам келді. Құты бар үй қонақсыз болмайды деп тағы бір ойлап үлгердім.
Біз екінті ауа Астанаға қарай бет алдық. Жол бойы Шалқар екеуіміз естігенімізді қорытып, талдауға тырыстық. Кәсібі керемет үлкен, я атақты болмаса да, Шалқар анализ жасай алатын, үнемі көрген-білгенін көкейіне түйіп, таразылай жүретін адам. Күндізгі Шоқанның айтқан қазақы мал туралы әңгімесіне қатысты мынадай пікір айтты:
– Біздің фермерлердің ғана емес, жалпы Қазақстанның проблемасы – осы. Өзіміздікін менсінбейміз. Оң жамбасымызға келіп тұрған нәрсемен айналыспай, осы отыз жылдың ішінде сырттан бір нәрселерді әкеліп тықпалаумен болдық. Соңында сол өзіміздікі ғана пайда әкелді, қалғанының бәрі желге ұшқан ақша болды. Ата кәсіпті дамытқан жоқпыз, өзіміздің ішімізден мықтыларды шығарған жоқпыз. Бәрін сырттан күттік. Сырттағының бәрін әулие көрдік. Шоқанның айтып отырғаны өте дұрыс. Бұл өзіңдікін бағалап, жетістікке жетудің бір мысалы екен.
Қазақы тұқымдар туралы әңгімесін ғана емес, жұртқа жасайтын жақсылығын, ата мекеніне ие болып отырғанын, зекет туралы ойларын, тағы басқасын еске алып, таңданысып келе жаттық.
Осылай да өмір сүруге болады екен-ау дестік.
Арман Әлменбет