Миллиардердің жұмысшылары қаза болды
Солтүстік Қазақстан облысы Тайынша ауданындағы «EMS AGRO» шошқа бордақылайтын кешенде төрт жұмысшы қаза тапты.
СҚО әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің төрт жұмысшысы тереңдігі 8 метрлік кәріздік жинақтаушыны тазалау барысында қаза тапқан. Шошқа фермасына иелік ететін «EMS AGRO» компаниясы қазақстандық миллиардер Ерлан Баймұратовқа тиесілі. Ол 2022 жылы Қазақстанның ең бай 50 бизнесменнің қатарына енген. Оның байлығы 85 миллион долларға бағаланады. Баймұратов кәсәпкерлікпен қоса 2017 жылдың шілдесінен 2019 жылдың қаңтарына дейін «Қазмұнайгаз» АҚ директорлар кеңесінде тәуелсіз директор қызметін атқарған.
Оқиға орнына СҚО әкімі Айдарбек Сапаров, орынбасары Марат Тасмағанбетов, облыстық полиция бастығы Айдын Қабдұлдинов, ауданның прокуроры Ғалымжан Әубәкіров және мемлекеттік еңбек инспекциясының бастығы Марат Омаров барды. Облыс әкімінің тапсырмасымен арнайы комиссия құрылды. Төрт жұмысшының мерт болуына не себеп болғандығы анықталып жатыр. Өңір басшысы олардың отбасыларына барып, көңіл айтты.