Батпақтағы халқын -бақытқа жеткізген басшы!
Өткен ғасырдың алпысыншы жылдардың басында, Сингапур мемлекетінің - кедей халқынан басқа ештеңесі жоқ еді. Мұнайы жоқ, алтыны жоқ, нақты айтқанда жерінен ешқандай қазба байлық шықпайды. Тіпті, ауыз судың өзін көрші Малайзиядан тасып ішетін. Есесіне, онсыз да сіңірі шыққан кедей елді одан әрі тонап, құрдымға итеріп бара жатқан, құлқынның құлына айналған басшылар жетіп артылатын. Ел ішін парақорлық жайлап, ол індет коронавирустай таралып жатты. Жүз жылдай ағылшындардың отарында болған халықты - бодандық түсінік пен құлдық төменшіктеу сезімі тастап кете қоймаған.
Осындай түгі жоқ мемлекет, 40 жылдың ішінде, әлемнің ең бай мемлекеттерінің қатарына қосылып, әлемнің екінші қаржы орталығына айналып шыға келді. Азия жолбарыстарының санын тағы бір мемлекетке арттырды.
Ли Куан Ю
1959 жылы Сингапур мемлекетінің басына – 36 жастағы Ли Куан Ю келеді. Референдумның нәтижесінде 1963 жылы Сингапур – Малайзияның құрамына кіреді. Алайда, арадағы көптеген келіспеушіліктің нәтижесінде 1965 жылы Малайзияның құрамынан шығарылады. Сол жылы 9 тамызда Сингапур өз тәуелсіздігін жариялайды. Осыдан бастап Сингапур басшылығы мемлекетті «нөлден бастап, іргесін тұрғызу» жоспарын жасады.
Бірінші. Ли Куан Юге ауыз су мәселесін шешу керек болды. Ол үшін жаңбырдың суын тосып алатын құрылғылар орнатылды, одан аққан су құбыр арқылы су қоймасына бірден жететіндей болды. Сосын, қолданылған суды қайта өңдеп, тазартып қайта қолданысқа жіберу жобаларын жасады.
Екінші. Ағылшын тілін жолға қойды. Бұл шетелдік инвесторларды қызықтырды. Әлемнің алпауыт компанияларын шақыртты. Оларға жағдай жасады. Қазір Сингапурда әлемнің ең ірі 3,5 мың компаниясы, 130 мың орта кәсіпорындар жұмыс жасайды.
Үшінші. Парақорлықты түбегейлі жою бағдарламасын іске асырды. Оны жоғарыдан бастады. Парақорлыққа кешірім жасалмады. Ату жазасын енгізді. Өз байлығының қайдан келгенін түсіндіре алмаған шенеуніктер қатаң жазаға кесілді. «Жемқорлықпен күресу ұйымын» құрды. Ол тәуелсіз болды. Тексерісті жоғарғы шенділерден бастауға бұйрық алды, Ли Куан Юдың жанұясы да бұдан сырт қалмады, себебі ел басқарған адамдар және олардың отбасы көпке үлгі болуы керек деген ұстаным болды. Осының нәтижесінде көптеген министрлер, шенділер ұсталып, шетінен заңмен жазалана бастады. Тіпті, Ли Куан Юдың жақын адамы да ұсталып, ұялғанынан үйінде өз-өзіне қол жұмсап өмірден өтті. Көптеген шенділер шет елге қашты. Соттардың айлығын көтерді. Қазір Соттар Сингапурда 1 млн. доллар айлықтан жоғары алады. Сингапур парақорлықты түгелдей жойды. Ол Азияда бірінші орында, Әлемде Жетінші орында тұр.
Төртінші. Әлемде ең бірінші болып жастарды әлемнің ең мықты оқу орындарында оқыту бағдарламасын жасады. Оның қаражатын мемлекет төледі. Қандайда бір оқыған азамат –оқыған қызға үйленетін болса, оған көптеген жеңілдіктер көрсетілді. Мемлекеттен арнайы айлығына үстемақы қосылды. Себебі, білімді ана – білімді, елдің ертеңіне қажет ұрпақты тәрбиелейді деп түсіндірді. Осының нәтижесінде бүкіл сингапурлықтар оқуға ден қойды. Ізденгіш, талантты жастар мемлекеттің қолдауына ілікті.
Бесінші. Халқын ар тазалығынан бастап үйреткен Ли Куан Ю – айналаның тазалығын да соншалықты сақтауға үйретті. Көшеде қоқыс тастаған адам айыппұл төлейді, қосымша үш күн қамақта отырады . «Тазалық – кез-келген жерде болу керек, тазалықсыз мемлекет қоқыс жәшігі сынды» деді ол бір сөзінде.
Алтыншы. Арзан әрі сәулетті тұрғын үйлер салды. Көп балалы отбасылар, жетімдер т.б толық қамтамасыз етілді. Ол: алдыңғы қатарлы мемлекет боламыз деп алдына мақсат қойған халық баспанасыз болуға болмайды,- деді.
Жетінші. Өзінде ештеңе жоқ болған соң, шикізатты шеттен әкеліп өңдеп, қайта сыртқа сататын кәсіпорындардың санын арттырды. Мысалы: мұнайды сатып алып, одан түрлі заттар шығарып экспорттайды. Қытай нарығы осы Ли Куан Юдың эканомикалық бағдарламасына негізделген. Анығы, қытайлар сингапурлықтардан үйренген десе де болады. Қытай ешкімнен ештеңе сатып алмайтындай көрінгенімен, Сингапур Қытайға тауар экспорттаудан бірінші орында.
Сингапур халқының әкесі атанған Ли Куан Ю бір сөзінде былай деген: «Ресейде туу аз, өлім көп. Себебі, орыс халқының өмір сүруге құштарлығы төмен. Біз өз халқымыздың өмірге құштарлығын ояттық».
Сингапурда халықтың өмір сүру жасы орта есеппен 85 жас екен.
Өз елін артта қалған Африкалық мемлекеттердің дәрежесінен әлемнің ең дамыған елдерінің қатарына қосып кеткен Ли Куан Ю 2015 жылы 23 наурызда дүниеден өтті.
Енді Сингапурдағы қызметкерлердің бүгінгі күні қанша айлық алатынын қарап көрейік. Ли куан Ю қырық жыл ел басқарған кезде, қызметкерлердің жалақысы 40 есе өскен.
Бір айлық жалақы есебі.
Ең төменгі жалақы 965 АҚШ доллары. (405 300 тенге)
Орташа жалақы 3145 доллар. (1 145 900 тенге) Trading Ekonomics порталының хабарлауынша сингапур жұмысшыларының орташа жалақысы 3985 доллар.
Қаржы және сақтандыру саласы 4510 доллар.
Білім саласы 4145 доллар.
Информация және байланыс саласы 4030 доллар.
Ғылыми техникалық сала 3830 доллар.
Жылжымайтын мүлік саласы 3085 доллар.
Денсаулық және әлеуметтік сала 2820 доллар.
Көтерме және бөлшектік сауда саласы 2805 доллар.
Өнер және ойын-сауық, демалыс саласы 2620 доллар.
Тасымалдау және сақтау 2180 доллар.
Ескерту: Салалар мен кәсіптерге байланысты ортажа жалақы мөлшері Сингапурдың Еңбек министірінің ресми мәліметтеріне негізделген.
Сингапурдағы мамандықтарға байланысты жалақы мөлшері:
Қаржы басшысы 16 082 доллар.
Емхананың бас дәрігері 15 795 доллар.
Қаржылық сарапшы 11 487 доллар.
Фармаконадзор директоры 11 200 доллар.
Салық кеңесшісі 6200 доллар.
Бағдарламашы 5054 доллар.
Инженер, электрик, механик 3560 доллар.
Есепші 3273 доллар.
Медбике (1-4 тәжрибесі) 2200 доллар.
Қырық жыл бұрын мұндай жалақы сингапурлықтардың түсіне де кірмеген. Батпақтағы халқын - бақытқа жеткізген басшысы бар ел, шынымен де бақытты ғой!
Айбек Ережеп