Берік Асылов: Қаңтарда азаптаумен айналысқандар рақымшылыққа алынбайды
6 желтоқсан – Прокуратура күні қарсаңында Бас прокурор Берік Асыловтан «Egemen Qazaqstan» газеті көлемді сұхбат алыпты. Берік Асыловтың маңызды деген ойларын назарларыңызға ықшамдап ұсынғанды жөн көрдік.
Кінәсі жоқ адамды қылмыстық жауапқа тартуға жол бермеу
– Бүгінге келсек, қадағалау потенциалы нығайды. Прокуратура халықаралық стандарттар негізінде дамып келеді. Бұл алдымен – тәуелсіздік принципі, қадағалау қызметіне араласуға жол бермеу. Басты назарымызда адам құқығын қорғау тұр. Прокуратураның басты бір функциясы – сотта мемлекеттік айыптауды қолдау, яғни сотта заңдылықтың сақталуын қамтамасыз ету, кінәсі жоқ адамды қылмыстық жауапқа тартуға жол бермеу.
Тек соңғы екі жылда прокурорлардың бастамасымен соттарда 257 сотталған адамның жазасы қысқарды немесе жеңіл жазаға ауысып, 57 адам толық ақталды. Оның үстіне, халықаралық салаға үлкен көңіл бөлудеміз. Бұл бағыттағы негізгі жұмысымыз – басқа елде жасырынып жүрген қылмыскерлерді алдыру, шетелде жазасын өтеп жатқан азаматтарымызды елге қайтару, өзге мемлекеттерге қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсету.
Осы мәселелер бойынша шетелдермен халықаралық шарттар жасау оң жолға қойылды. Бүгінде 34 елмен 72 халықаралық шартқа қол қойылды. Оның ішінде Қытай, АҚШ, Ұлыбритания, Үндістан, Бразилия сияқты ірі мемлекеттер бар. БҰҰ-ның қылмыспен күрес, адам құқықтарын қорғау туралы негізгі конвенцияларына қосылдық. Қазір Еуропа кеңесінің қылмыстық сот туралы конвенцияларына қосылуды қарастырып жатырмыз.
Тергеу кезінде заң бұзушылық азайды
– Бүгінде қылмыстық процеске үш буынды модель енгізілді. Үлгі ретінде дамыған елдердің тәжірибесі алынды. Бұл біздің стратегиялық бағытымыз деп айтуға болады. Модельдің басты мақсаты – тергеу органдары, прокуратура және сот арасында құзыреттерді нақты бөлу.
Жаңа тәртіп қылмыстық процесте 2 жылдан бері қолданылып келеді. 2021 жылдан бері тергеудің негізгі шешімдері прокурор келісім берсе ғана заңды болып есептеледі. Нәтижесі жақсы. Тергеу кезінде заң бұзушылық азайды. 2 жылда прокурорлар 700 мыңнан астам шешімді бекітіп, 77 мың заңсыз шешімді қайтарды. Биылдан бастап тергеудің басты құжаты – айыптау актісін прокурор өзі жазып, бекітетін болды.
Қылмыстық саланы цифрландыру да біздің маңызды жетістігіміз. Бүгінде қылмыстық істердің 90 пайызы электронды түрде тергеледі. Бұл фальсификацияға жол бермейді. Ең бастысы, қылмыстық процестің жылдамдығы артты.
Қаңтар. Азаптау ісімен 29 қызметкер тергеуге алынды
– Қаңтар оқиғасы бойынша 5 мыңнан астам іс қозғалды. Көпшілігі сотқа жолданды. Бүгінде 1 мыңнан аса адамға сот үкімі шығарылды. Мәсімов пен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басқа басшыларына және бұрынғы Қорғаныс министрі Бектановқа қатысты істер қазір сот қарауында жатыр. Олар мемлекетке опасыздық, билікті асыра пайдалану бойынша айыпталуда. Азаптау туралы ішкі істер және Ұлттық қауіпсіздік органдарының 29 қызметкерін тергеу аяқталды. Алматы қаласы, Алматы, Қызылорда облыстары ұлттық қауіпсіздік департаменттері, Алматы облысы полиция департаментінің бұрынғы басшылары тергеу материалдарымен танысып жатыр.
Өздеріңізге белгілі болғандай, Қаңтар оқиғасынан кейін ұсталғандарға қатысты азаптау фактілері туралы арыз-шағымдар көбейіп кетті. Әлеуметтік желілерде видеолар және түрлі жазбалар таратыла бастады.
Осыған байланысты Мемлекет басшысы азаптау қылмыстарын прокуратура тергеуге тиіс деп тапсырма берді. Сондықтан жуырда Қылмыстық-процестік кодекске түзетулер жасалды. Келесі жылдан бастап азаптауды прокурорлар ғана тергейді.
Қазір Бас прокуратура азаптауды болдырмау үшін кешенді жұмыс атқарып жатыр. Арнайы топ құрылды. Олар изоляторларда, түзету орындарында азаптауға жол бермеу шараларын қолға алды. Бүгінде 23 жазаны өтеу мекемесінде толық бейне-бақылау енгізілді. Келесі жылы барлығы қамтылады. Қазір прокурорлар бейнекамераларды онлайн режімде қадағалап отыр».
Рақымшылық
Әрине, қаңтарда еліміздің тәуелсіздігі, тұтастығы, ұлттық қауіпсіздігіне қатер төнді. Осының бәріне қарамастан Президент батыл қадамға барып, жаппай тәртіпсіздік кезінде қылмыс жасағандарға рақымшылық беру туралы шешім қабылдады. Қазір амнистия жүріп жатыр.
Рақымшылық шамамен 1,5 мыңға жуық адамды қамтиды. Бүгінде олардың жартысына амнистия жасалды. Рақымшылық туралы заңның бірқатар ерекшелігі бар. Қылмыстық кодекстің рақымшылыққа жататын нақты баптары және кезеңі бекітілді. Олар – қаңтар айында болған қылмыстар. Сол күндері тәртіпсіздік жаппай орын алды.
Терроризм, экстремизм, жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырған, азаптаумен айыпталған адамдар, рецидивистер рақымшылыққа жатпайды. Онша ауыр емес, ауырлығы орташа қылмыс жасағандар жазадан толық босатылады. Соттылығы алынып тасталады. Ауыр қылмыстар бойынша жазаның төрттен үш бөлігі, ал аса ауыр қылмыстар бойынша жартысы қысқарады. Түзету мекемесінен шыққандарға әлеуметтік, медициналық көмек, жұмысқа орналастыру сияқты қолдау көрсету көзделген.
6 айда мемлекетке 630 млрд теңге қайтарылды.
«Қасіретті қаңтарға» түрткі болған себептердің бірі – орасан экономикалық ресурстардың санаулы топтың қолында шоғырлануы. Сол себепті Президент олигополияға заңсыз өткен активтерді қайтару және болашақта оған жол бермеуді тапсырды. Мемлекеттік органдардың өкілдерінің қатысуымен Арнайы комиссия құрылып, оның жұмысын үйлестіру Бас прокуратураға жүктелді.
Комиссияның алдына елден заңсыз шығарылған қаражатты қайтару және заңсыз алынған экономикалық ресурстарды анықтау, оларды мемлекетке қайтару міндеті қойылды.
6 айда мемлекетке 630 млрд теңге қайтарылды. Оның 400 миллион доллары шетелден келді. Бұдан бөлек, прокурорлар 79 мың гектар жер учаскесін, 600 темір жолды мемлекет меншігіне қайтарды. Кеден саласында 57 миллиард теңге бюджетке түсті. Соттарға мүлікті мемлекетке қайтару туралы талап-арыздар берілді. Жалпы сомасы 13,5 миллиард теңге.
Бас прокурор ретінде Жоғарғы сотқа олигополия мүддесіне шығарылған сот шешімдеріне наразылық енгіздім. 17-сін Жоғарғы сот қолдады. Олар бойынша бюджетке 23 миллиард теңге қайтарылады.
26 қарашада Президент заңсыз шығарылған активтерді мемлекетке қайтару жөнінде арнайы Жарлық қабылдады. Үкімет пен Бас прокуратураға келесі жылдың наурыз айына дейін тиісті заң жобасын әзірлеу және шетелдермен жүйелі іс-қимылды қамтамасыз ету тапсырылды. Ол үшін арнайы құрылымдық бөлімше жасақталу мәселесі қарастырылып жатыр. Бұл жұмысты да абыроймен атқарамыз деп сенемін.
фото: Sputnik / Владислав Воднев