Цой мен Қиясовтың «жорығы» бизнестің түбіне жетпей ме?
Денсаулық сақтау министрінің санитарлық ережелер туралы бұйрығына енгізілген өзгерістерге сәйкес, 17 қазаннан бастап қызмет көрсету саласында вакцина алмаған қызметкерлер жұмысқа жіберілмейді.
Денсаулық сақтау министрінің санитарлық ережелер туралы бұйрығына енгізілген өзгерістерге сәйкес, 17 қазаннан бастап қызмет көрсету саласында вакцина алмаған қызметкерлер жұмысқа жіберілмейді. Денсаулық сақтау министрлігі енді бұл мекемелердегі қызметкерлердің вакцина алған-алмағанын тексеруге рұқсат беретін бұйрықты «Ашық нормативті құқықтық актілер» порталына талқылауға шығарды. Бизнес өкілдері егер санитарлық-эпидемиологиялық қызмет жұмысшылардың вакцина салған-салмағанын тексеретін болса, шағын және орта бизнес «көлеңкеге» яғни, заңға томпақ әрекетке кетуі мүмкін деп алаңдайды.
Талапты орындамаған бизнес жазаланады
Денсаулық сақтау министрінің 30 қыркүйек күнгі санитарлық талаптар туралы ережеге енгізген өзгерістерге сәйкес, 17 қазаннан бастап қызмет көрсету саласындағы мекемелерге вакцина салдырмаған (соңғы жеті күнде ПТР-тест нәтижесі теріс, соңғы үш айда ковидпен ауырып шыққандар мен денсаулығына байланысты вакцина салудан босатылғандар бұл топқа жатпайды) қызметкерлер жұмысқа жіберілмейді. Енді осы бұйрықты орындалған-орындалмағанын тексеру үшін Денсаулық сақтау министрлігі мен ұлттық экономика министрлігі 6 қазан күні «Ашық нормативті құқықтық актілер» порталына бірлескен бұйрыққа енгізілетін өзгерістерді талқылауға шығарған. Бұл өзгерістер санитарлық-эпидемиологиялық қызметке мекемелердегі қызметкерлерді тексеруге мүмкіндік береді.
Кеше мәжілістегі үкімет сағатына келген министр Алексей Цой ДенСауМин мақсаты әсте бизнесті қанау емес екенін, алайда «бәрібір бақылау жүйесі қашанда да керектігін» түсіндірді.
«Адал жолмен жүретін және заңға бағынатын бизнесті қолдаймыз. Өкінішке қарай, әлеуметтік желі мен халық шағымын қарасақ, бізде бәрі тәртіпке бағына бермейтінін байқайсың. Егер біз қойған талаптар толық орындалса, вакцина салдырса, онда несіне қорқады? Екінші жағынан бақылау жүйесі болуы тиіс. Көп адамға арналған тойлар өтіп жатқанын көріп жүрміз. Бізге пандемияны тоқтатып, адамдар өлімінің алдын алу туралы талаптар қойылады, екінші жағынан біз ахуалға басқаша қалай әсер етуіміз керек?» - деді Цой.
Министр ұжым мен келушілердің қауіпсіздігі жөніндегі талапты орындамайтын бизнесті жазалау «қалыпты нәрсе» деді. Егер бұйрыққа өзгерістер сол күйінде қабылданса, санитарлық-эпидемиологиялық қызмет вакцина алмаған қызметкерді жұмысқа жіберген жұмыс берушіге әкімшілік кодекстің 425-бабы бойынша 680 мың теңге көлемінде айыппұл сала алады.
«Бизнес қызметкерді міндеттей алмайды»
(фото turkistan.kz)
Lanzhou ресторандар желісінің негізін қалаушы Гүлбану Майғарина жұмыс берушілер қызметкердің вакцина салу-салмау жөніндегі шешімі үшін жауапкершілік арқалай алмайды деп есептейді.
«Бар күшімізді салып, 70 пайыздан астам қызметкерге вакцина салдырттық. Әлі күнге дейін қызметкерлерді ынталандырып, түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Бірақ біз мемлекеттік орган емеспіз, қызметкерді вакцина салдыруға міндеттеп, мәжбүрлей алмаймыз. Бизнес бұдан шығынға батады. Бүгінгі кадр тапшылығы одан бетер өршиді. Бизнес жаппай жабыла бастайды, банкроттықтың алдын алу үшін кәсіпкерлер басқа жолдарды іздейтін болады», - дейді ол.
Бизнес қауымдастық вакцина алмаған қызметкерді 17 қазаннан бастап жұмысқа жібермеу жөніндегі талап еңбек заңын бұзу екенін бірнеше мәрте мәлімдеген. Еңбек кодексіне сәйкес, еңбек саласында азаматтардың құқығын шектеуге болмайды, жұмысшылардың тең құқығы мен мүмкіндіктері сақталып, дискриминацияға жол берілмеуі тиіс. Гүлбану Майғарина Еңбек кодексінде вакцинация паспорты жоқ жұмысшыны жұмыс орнына жібермеу туралы талап жоқтығына назар аударады.
Еңбек кодексінің 48-бабы 1-тармағына сүйенген Г.Майғарина онда республика заңдарында көзделген жағдайда жұмыс беруші тиісті уәкілетті мемлекеттік органдардың актілері негізінде жұмысшыны жұмыстан шеттетуге міндетті екені жазылған дейді.
«Сәйкесінше бас санитар дәрігер жұмысқа жібермеу деп жұмыстан шеттетуді меңзесе, онда оған құқық беретін нақты заң нормасын көрсетуі керек еді», - дейді Г.Майғарина.
Кәсіпкерлер санитарлық-эпидемиологиялық қызметке жұмысшыларың вакцина алған-алмағанын тексеруге рұқсат ететін өзгерістермен де келіспейді. Бизнес қауымдастық тіпті бұған қарсы қол жинап, ұлттық кәсіпкерлер палатасына хаттар жолдаған. Гүлбану Майғарина егер бұл өзгеріс қабылданса, бизнес «көлеңкеге» кетеді деп есептейді.
«Әсіресе, кадрлар үздіксіз ауысатын салалар «көлеңкеге» кетеді. Өйткені вакцина салдырмаған немесе жұмысқа енді ғана шығып, сынақ мерзімінде жүрген адам бәрібір арасында шығып қалады. Мұндай жағдайда жауапкершілік жұмыс берушіде емес, қызметкердің өзінде болуы тиіс. Қызметкерлерге ықпал етуге болатын заңнамалық тетіктер қолымызда жоқ. Біз талап ету мен міндеттеу түгілі, жұмысқа жібермей қоя алмаймыз. Біз тек вакцина салдыр деп ұсыныс айта аламыз. Бұдан бизнес үлкен шығынға батады», - дейді Гүлбану Майғарина.
«Мемлекет жауапкершілікті бизнеске ысырып отыр»
Рестораторлар клубы қауымдастығының төрайымы Гүлнара Қатыбаева бизнес 17 қазанға дейін барлық қызметкер вакцина салдыруы керек деген талапқа дайын емес дейді. Себебі оның айтуынша, бизнес өз қызметкерлері үшін жауапкершілікті арқалай алмайды.
«Вакцина салдыру – қызметкерлердің өз жауапкершілігі. Жұмысшылар вакцина салдырмаса, олар үшін жауапкершілікті бизнестің мойнына ілу дұрыс емес. Жұмысшылар ПТР тесті өздері жасатуы керек, вакцинаны да өздері салдыруы керек. Ал қазір бұл жауапкершілікті бізге артып қоймақ», - дейді ол.
Г.Қатыбаева вакцина салдырмағандарды жұмыс орнына жібермеу жұмысшылардың құқығын бұзатынын айтады. «Әркімнің өз таңдауы болуы тиіс. Біз вакцина салдыру туралы түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз, бірақ бала көтеруге дайындалып жүргендер, қорқатындар бар. Ондай жастарды иландыру қиын», - дейді ол.
Егер денсаулық сақтау минитсрлігінің вакцина салдырған-салдырмағандарды тексеру туралы бұйрығы күшіне енсе, Г.Қатыбаеваның есептеуінше, қызметкерлердің 20 пайызы «көлеңкеге» кетуі мүмкін.
«Бизнес вакцина салдырмағандарды құжатта көрсетпей, олар үшін міндетті медициналық әлеуметтік сақтандыру жарнасы, зейнетақы жарнасы мен салық төлемейді. Оның үстіне қоғамдық тамақтану саласында қызметкерлер бір орыннан екіншіге өте тез ауысады. Бүгін біреуде қызметкерлердің 100 пайызы вакцина салдырған болса, ертең жұмысшылардың ауыс-түйісінен кейін бұл көрсеткіш 60 пайызға түсуі мүмкін», - дейді Г.Қатыбаева.
«Әрі-беріден соң денсаулық сақтау министрі неліктен бизнес қалай жұмыс істеу керектігін нұсқайды? Неге одан да науқастарды емдемейді? Мемлекет коронавируспен күресте жеңілді. «Бетперде ки» деумен болды. Вакцина туралы ақпарат аз болды. Мемлекет вакцина жайлы ақпараттандыруға мән беруі керек еді. Енді кәіпкерлер есебінен ковидпен күресті қайта бастамақ», - дейді Г.Қатыбаева.
Malim.kz бұл мәселе жайлы Сауда желілері одағының пікірін сұрап көрді. Сауда желілері одағы бізге берген жауабында ведомствоаралық комиссия бекіткен алгоритм вакцина салдырған қызметкерлерді тексеруге жеткілікті, тексеру парағына вакцина салдырған-салдырмағанды тексеретін қосымша пункт қосудың қажеті жоқ дейді.
«Денсаулық сақтау министрлігі ұсынған өзгерістер жұмыссыздықты көбейтеді, жемқорлық қаупін арттырады, бизнес нысандарының жұмысына кедергі келтіреді. Сонымен қатар бұл тексерістер бизнесті «көлеңкеге» кетуге итермелеуі мүмкін», - делінген Сауда желілері одағының бізге жолдаған жауабында.