"Алматыда 250 мың адам жұмыссыз қалды"

Елнұр Бақытқызы

  • 30.03.2021

Алматыда қатаң карантиннің ұзартылуына байланысты шығын шеккен кәсіпкерлер мемлекеттен өтемақы немесе жұмыс істеуге рұқсат сұрап отыр. Жұмысы тұралап қалып, шығынға батқан кәсіпкерлер жұмысшыларды қысқартуға мәжбүр. Алматыдағы бизнес қауымдастықтың өкілі қатаң шектеу шараларының кесірінен 250 мың адам табыссыз қалды дейді.

"400 адамды қысқартуға мәжбүр болдым"

Lanzhou жедел тамақтану ресторандар желісінің негізін қалаушы Гүлбану Майғарина қатаң карантин ұзартылғандықтан, қызметкерлердің 80 пайызын қысқартуға мәжбүр болған.

"Шығын күн сайын өсіп жатыр. Жалға алу ақысы, коммуналды төлем, салық, бәрін төлеу керек. 400 адамды қысқартуға тура келді. Олар бір апта үйде отырды, ал қазір басқа жұмыс іздеуге немесе қаладан кетуге мәжбүр. Менен көмек сұрады, оларға көмек көрсете алмаймын. Былтыр корпоративті пәтер жалдап бердім, ал қазір оған мүмкіндік жоқ. Ақшасыз қалған оларды пәтерлерінен қуып жатыр", - дейді Г.Майғарина.

Қаланың санитарлық-эпидемиологиялық қызметі қоғамдық тамақтану нысандарына тамақты үйге алып кету мен үйге жеткізіп беруге ғана сатуға рұқсат етті. Кәсіпкердің айтуынша, бұдан бизнеске айтарлықтай табыс түспейді, курьер, call-орталық пен тамақты жеткізіп беруші агрегатор комиссиясына кететін шығын табысты ақтамайды.

Г.Майғарина ресторандарды қазіргідей ұстап отырғанша, уақытша жаба салған артық дейді.

"Тамақты жеткізіп беру қызметінде табыстың 40 пайызын агрегатордың комиссиясы алып қояды. Ал өзіңнің жеткізіп беру қызметінде табыстың 27 пайызы call-орталық пен курьерлерге кетеді. Тамақты жеткізіп беріп сату еш уақытта тиімді болған емес", - дейді Г.Майғарина.

Көрнекі сурет. Dw.com.

Қазақстанның қоғамдық тамақтану қауымдастығы төрағасының кеңесшісі Вероника Нурпеисова malim.kz-ке берген сұхбатында Алматыда қатаң карантиннің ұзартылуына байланысты 4,5 мың қоғамдық тамақтану нысаны 90 пайыз жұмысшысын қысқартқанын айтты.

"Қазақстан бойынша қоғамдық тамақтану нысандарында 1,5 миллион адам жұмыс істесе, қазір оның 700 мыңы ғана қалды", - дейді Вероника Нұрпейісова.

"Жедел вакцинация мәселені шешер еді"

Алматының бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшиннің қаулысына сәйкес, қоғамдық тамақтану орындарындағы жазғы алаңдардың жұмысына рұқсат етілді . Алайда әзірге жазғы алаң жұмыс істейтіндей ауа райы жылы емес.

"Біздің жұмыс істеуіміз керек. Меніңше, қоғамдық тамақтану орындарын бөліп қарастыру керек. Бекшин шектеу шараларын клубтар, караоке барлар бұзатынын айтты.  Ал біз жедел тамақтану мейрамханасы, былайша айтқанда, асханамыз. Бізге келетін адамдар небәрі 30-40 минут отырады. Біз шектеу шараларын бұзбаймыз. Қазір мейрамхана, барлар, сусын сататын нысандар, клубтар, асханалар мен фаст фуд нысандары түгел қоғамдық тамақтану орындары деп қарастырылып, бірдей шығын шегіп отыр", - дейді Г.Майғарина.

Қазақстанның қоғамдық тамақтану қауымдастығы мәселені шешу үшін халыққа тезірек жаппай вакцина салуды ұсынған. Осы күнге дейін елімізде небәрі 122 701 адам ғана "Спутник V" вакцинасының алғашқы дозасын алған. Екінші дозаны алғандар саны – 31 422 адам. Мұндай қарқынмен вакцинация бірнеше жылға созылатыны анық.

Сонымен қатар кәсіпкерлер Алматы әкімдігін Ashyq пилоттық  жобасын тезірек ендіруді асықтырды. Қаланың бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин 29 наурыз күні қаулыға өзгерістер енгізіп, Ashyq пилоттық жобасына қосылған қоғамдық тамақтану орындарына жұмыс істеуге рұқсат етілетінін мәлімдеді. Ashyq-қа қосылған қоғамдық тамақтану орындарына аурудан құлан-таза адамдар ғана кіре алады. Бұл үшін қоғамдық тамақтану орындарына барамын деушілер смартфонға осы қосымшаны жүктеп алуы керек. Бірақ бұдан бизнестің аяқтан тік тұрып кетер-кетпесі белгісіз.

"Пандемияға дейін 95 мың қоғамдық тамақтану орны болса, қазір небәрі 27 мыңы ғана қалды, - дейді Вероника Нурпеисова . - Алматыдағы 15 мың тамақтану орнының 5 мыңы жабылды. Бір аптаның ішінде 50 шақты нысан жабылып қалды. Кәсіпкерлер апта сайын 3-5 миллион теңге шамасында шығынға батып жатыр. Өйткені олар 1,5-2,5 миллионға азық-түлік сатып алады. Оған қосымша 215 мың теңге көлеміндегі күнделікті шығын бар. Бұған егер сол нысанда 7 адам жұмыс істесе, оларға төленетін 115 мың теңге, 20 мың теңге салық, 50 мың жалға алу ақысы және 50 мың теңге көлеміндегі коммуналдық ақы кіреді. Оның үстіне кәсіпкерлердің банктерге төлейтін несиесі тағы бар", - дейді Вероника Нурпеисова.

Гүлбану Майғарина тамақтану орны  әр демалыс сайын жабылудан кемі 2-3 миллион теңге шығын келеді дейді. Өйткені кәсіпкерлер азық-түлік сатып алады, ал дүйсенбіге дейін бұл азық-түлік бүлінеді.

"Бір жылдың ішінде үкімет ешқандай шараны қолға алмады. Бір жыл бұрын "ауру тарамас үшін үйде отырыңдар"" десе, қазір де тура соны қайталады. Сонда адамдар қалай күн көреді, қалай тамақтанады? Қоғамдық тамақтану саласына 250 мың адам жұмыс істейді. Олар – әлсіз топ. Өйткені жалақыдан жалақыға дейін ғана күн көреді. Бір апта табыссыз қалу олар үшін банкрот болумен бірдей. Несие мен басқа төлемдері тағы бар", - дейді Г.Майғарина.

Ресторатор шектеу шараларының кесірінен әлеуметтік шиеленіс күшейді, мұның арты жарылысқа апаруы мүмкін дейді.

"Бір апта үйде отыра тұрыңдар, сосын шығасыңдар десе, түсінер едік. Бір жылдан асты, ахуал жақсармады. Шенеуніктер мен Бекшин бір нәрсені қайталай береді. Одан да шешімін табыңдар. Халықты жұмыссыз қалдырды ма, бизнеске, онда жұмыс істейтін адамдарға өтемақы төлеу керек", - дейді Г.Майғарина.

Наурыздың 28-і күні бизнес қауымдастық атынан мәлімдеме жасаған Алматы кәсіпкерлер палатасы аймақтың кеңесінің төрағасы Максим Барышев Алматыда жұмысы шектелген 50 мың компания мен жеке кәсіпкер күн сайын 2 миллиард теңге шығын шегетінін айтып, әр күнге сол соманы төлеуді талап етті.

" Шектеу кезінде жұмысшылардың жалақысы мен жалдау ақысын және несиенің бір бөлігін төлеу үшін бюджеттен тікелей қаржыландыру керек. Жұмыссыз тұрған әр күн үшін қаржы бөлінуі тиіс. Қазір 50 мыңға жуық компания мен жеке кәсіпкер шектеуге ұшырады. Бұл – 250 мың қызметкер, өте қомақты сан. Бұл – тек еңбекақы мен жалдау ақысы", – деді Барышев.

Бекшинге қарата "осы 250 мың адам локдаун кезінде не істеуі керек? Ары қарай қалай күн көреді?" деп сұрақ қойған Максим Барышев былай деді: "Қосымша құн салығын 10 сәуірге дейін төлеу керек. Бекшин шектеу шараларын өз бетінше енгізе ме, әлде біреумен ақылдаса ма? Бір адам қалайша бүкіл қаланың экономикасын оп-оңай құрдымға кетіреді?".

Бекшин әзірге кәсіпкерлердің уәжіне жауап бермеді. Наурыздың 28-і күні брифингіге шыққан қала әкімі Бақытжан Сағынтаев та карантин кесірінен жұмысы тұралап қалып, күнкөрістен айырылған адамдарға өтемақы төлеу мәселесі жайлы ештеңе демеді.

Байланысты жаналықтар

Бекшин зейнетке шықпақ

24.12.2021

Жақын күндері “омикрон” келеді деп күтіп отырмыз - Бабақұмаров

23.12.2021

Цой мен Қиясовтың «жорығы» бизнестің түбіне жетпей ме?

12.10.2021

Алматыда оқу жылы басталғалы бері 89 оқушы вирус жұқтырған

09.09.2021

Бекшин мен орынбасары вируспен емес, бір-бірімен соғысып жүр

23.04.2021

"Әкім өз-өзін жазалай алмайды": Шектеу шенеуніктерге әсер етпей ме?

15.04.2021
MalimBlocks
Бекшин зейнетке шықпақ

Жақын күндері “омикрон” келеді деп күтіп отырмыз - Бабақұмаров

Цой мен Қиясовтың «жорығы» бизнестің түбіне жетпей ме?

Денсаулық сақтау министрінің санитарлық ережелер туралы бұйрығына енгізілген өзгерістерге сәйкес, 17 қазаннан бастап қызмет көрсету саласында вакцина алмаған қызметкерлер  жұмысқа жіберілмейді.

Алматыда оқу жылы басталғалы бері 89 оқушы вирус жұқтырған

Бекшин мен орынбасары вируспен емес, бір-бірімен соғысып жүр

"Әкім өз-өзін жазалай алмайды": Шектеу шенеуніктерге әсер етпей ме?