Түркістанда көшедегі бейнебақылау камераларын әдейі бүлдірді деген күдікпен екі адам ұсталды, деп хабарлайды Malim.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Қылмыс бейнебақылау жүйесінің көмегімен ашылған. Оқиға облыс орталығының көшелерінің бірінде болған.
Белгісіз адамдар төрт камераны сындырып кеткен. Соның салдарынан 700 мың теңгеден астам материалдық шығын келтірілген.
Тергеу барысында оқиғаның шамамен түнгі 01:00-де болғаны анықталды. Екі жас жігіт беттерін маскамен жауып, ұзын таяқтың көмегімен камераларды әдейі істен шығарған.
Қылмысты ашу кезінде полицейлер жақын маңдағы бейнебақылау камераларының жазбаларын мұқият зерттеген. Нәтижесінде күдіктілердің қозғалыс бағыты анықталып, жедел-іздестіру шаралары барысында ұсталды.
Аталған дерек бойынша «Бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.
Күдіктілер жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін салынған айыппұлдарға наразы болғандықтан осындай қадамға барғандарын мойындады.
Полиция азаматтарды қоғамдық мүлікке ұқыпты қарауға және заң талаптарын сақтауға шақырды.