Экология министрлігі депутаттың дерегін «шындыққа жанастырмай» тастады
Депутат Закиржан Кузиев депутат басымен "шындыққа жанаспайтын" ақпарат таратып, онсыз да сіркесі су көтермей тұрған қоғамның ашуын қоздырған болып тұр.
Депутат Закиржан Кузиевтің «әділетсіздік принциптері жойылуы керек» деген сауалына Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі «мәлімдеме шындыққа жанаспайды» деп жауап беріпті.
Яғни, З. Кузиев депутат басымен "шындыққа жанаспайтын" ақпарат таратып, онсыз да сіркесі су көтермей тұрған қоғамның ашуын қоздырған болып тұр.
Депутат хайп қуып жүр ме?
Осы жылдың 29-шы маусымда Закиржан Кузиев бір күнде батыр болып шыға келді. Депутаттар аймақты аралауға, одан әрі демалысқа кетер алдындағы соңы жұмыс күнінде яғни, астанадан екі айға алшақтап, ұзап бара жатқан сәтінде Алматы облысындағы өз сөзімен айтқанда «мемлекеттік орман қоры жерлерін жекелеген адамдардың аң шаруашылығы үшін пайдалануы жайында» депутаттық сауал жолдады.
Президентке емес, премьер-министрге емес, экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешевтің атына жолдады.
Әрине, депутат қай шендіден не мәселе сұраса да ерікті, дегенмен, Кузиевтің депутаттық сауалының жолдану формасы біраз ойға жетелейді.
Мәселен, «Біз, бір топ депутаттар Референдум алдында аймақтарды аралап, алыс ауылдарда халықпен кездестік» деген сөзіне қарағанда Закиржан Кузиев өзі айтып отырған аудандарға маусымның бесінен бұрын барған (референдум 5-маусымда өтті). Бірақ, неге екені белгісіз, бір ай бойы (29-на дейін) үндемей отырған. Әлде, референдум алдында не одан кейін іле шала «әділетсіздік принциптерін жоюға» жүрегі дауламады ма?
Бір ай өткізіп барып көтерген мәселесіне өзімен бірге сапарлас болған «бір топ депутаттың» қол қоймағаны қызық.
«Аз ғана топтың жалпы халыққа арналған, оның ішінде ең жақсы жерлерді иемденіп алғаны мені қатты ойландырады. Бұл «Басқа жердің гүлінен, туған жердің тікенін артық» көретін халықтың көп жылдардан бері жанына батып келеді. Тіпті, орманшылар арасында «Зона покоя» деп аталатын аймақтарға қол салып, аңдарды жаппай жою әдетке айналған. Алматы облысындағы Райымбек, Кеген, Еңбекшіқазақ және Ұйғыр аудандарында орманды жерлерді аң шаруашылығы үшін барлығын таратып беруден мемлекет не ұтты деген заңды сұрақ шығады» дейді әлгі депутаттық сауалында З.Кузиев. Алып-қосары жоқ, керемет айтылған сөз, көпшілікке ұнай кететін жүректен шыққан толғау-ақ.
Кузиев ұзақ жылғы ұйқысынан енді оянды ма?
Бірақ, Закиржан Кузиевті Қазақстан халқы Ассамблеясы жуырда ғана сайлап, мәжіліс депутаты жасағанымен ол 2016 жылдан бері Алматы облысының мәслихатының депутаты болып «елдің сөзін сөйлеп» отырды емес пе? Ал жалпы халыққа арналған, оның ішінде ең жақсы жерлерді аз ғана топқа таратып берген сол З.Кузиевтің қолынан еккен шай ішіп жүрген Алматы облысының бұрынғы басшылары емес пе! Сол кездері З.Кузиев тау бауырындағы халықтың жағдайына неге қайтты ойланбаған? Неге облыс мәслихатында шырылдап мәселе көтермеген?
«Орманшылар арасында «Зона покоя» деп аталатын аймақтарға қол салып, аңдарды жаппай жою әдеті» дәстүрге айналған кездері неге үндемей отырған? Әлде, мандатын пайдаланып, өзінің жүгері зауытының тасын өрге домалатудан қолы босамады ма? Облыстық мәслихатқа Панфилов ауданынан түскен, Райымбек, Кеген, Еңбекшіқазақ және Ұйғыр аудандарына қатысы болмаған дейін десек, бұған дейін берген сұхбаттарының бәрінде жалпы Алматы облысының мәселелерімен айналысқанын, 2,5 миллион тұрғынның ішінен депутаттыққа сайлану оңай шаруа еместігін мақтана айтып жүріпті.
Кузиевтің депутаттық сауалындағы мына жолдар ерекше назар аудартады:
«Түсінікті болу үшін мына мысалдарды келтірейін. Кеген ауданында мемлекеттік орман қорынан 415 мың гектар жер 12 адамға тиесілі болса, Райымбек ауданында 523 мың гектар жерді небәрі 11 адам аң шаруашылығы үшін қоршап алған. Ал, Ұйғыр ауданында жағдай тіпті қиын. Жергілікті әкімдік мәліметінше мемлекеттік орман қоры мен мемлекеттік жерден 415 мың гектар жерді бар-жоғы аң шаруашылығын жүргіземіз деген мақсатта 6 адам бөліп алған. Бұл аудандағы орманды жерлердің 97 пайызын құрайды. Сонда тек қана осы үш ауданда бір жарым миллион гектар жер бар-жоғы 30 адамның ғана қолында (Тиісті министрліктің жауабындағы цифрлар депутат көрсеткен мәліметтермен сәйкес келмейді-ред.)»
Осы сөзден кейін әлеуметтік желі мен сайт біткеннің көбі Кузиевтің сөзін негізге алып, «Алматы облысындағы 1,2 миллион гектар жер 30 адамның қолында» деген тақырыппен жарыса хабар таратты. Бұл әрине, онсыз да ашулы халықтың ренішін одан әрі қоздырды. Билікті одан әрі жеккөрінішті етті. Халық пен билік арасындағы болмашы сенімнің шоғын өшіріп, араздығын одан әрі қозғағандай болды. Үй құрылысына он соток жер ала алмай жүрген қалың қазақ 1,2 миллион гектар жер дегенде қалай ашуланбайды? Ал сол 1,2 миллион гектар жер шекара шетіндегі тау-тасты, орман шаруашылығына тиесілі жер екеніне назар да аудармады.
Айта кетерлігі, бұл жерде тарататын ақпаратқа тақырып қою тілшінің, блогердің жұмысы, сондықтан, депутатта хайп жинау мақсаты болмаған дейін десек, сан жылдан бері мемлекет қаржысымен кәсіпкерлікпен айналысқан, облыстық мәслихатта үнін қатты шығармай сауысқандай сақтық танытқан З. Кузиевтің бір ауыз сөз отыз рулы елге тарайтынын білмей қалды деуге келмес.
Одан да қызығы, мәжілістің жалпы отырысынан кейін парламент журналистері З.Кузиевтен әлгі отыз адамның атын сұрады. Депутат айтпай кетті. Ертесі күні Malim.kz депутаттың өзіне хабарласып, әлгі 30 адамның аты-жөнін тағы да сұрады. Депутат «Министр Берекешевтен сұрап алыңдар» деп ақыл айтты.
Осындайда егер А-ны айтқан соң Б-ны айтпайтын болса, несіне депутаттық сауал жасап, елді шулатып жүр деген заңды сұрақ туындайды.
Сөзін күбірлеп аяқтайтын болса, күркіреп бастап не керек еді?
Отыз адамның аты-жөнін З.Кузиевтің өзі білмеген шығар дейін десек, оған тиесілі «Универсал групп» компаниясының баспасөз хатшысы, депутаттың қоғамдық көмекшісімін деген, әлеуметтік желіде блогер атанып жүрген Ришат Асқарбекұлы Ulysmedia.kz сайтына әлгі отыз байдың тізімін шығартқанын (толық тізімі жоқ) бізге жасырмай айтып мақтанып та алды (Расында, Ulysmedia.kz сайты Кузиевтің депутаттық сауалына қатысты жазған ақпаратында жер иеленушілердің жарты тізімін басқан. Бірақ, ол ақпаратты қайдан, кімнен алғандарын оқырмандарына ашып жазбаған).
Сонда көмекшісі, баспасөз хатшысы білген тізімді З.Кузиевтің өзі білмеді дегенге кім сенеді? Өзекті мәселе көтерген болып, нағыз керек жерінде жалт берген соң Кузиевтің сауалына да тиісті министрлік сырғытпа жауап қайтарыпты.
Әлгі отыз адамның аты-жөнін олар да атамапты. Кемшілік кеткені рас, енді тәртіп орнатамыз деп тепсінбепті де. Закиржан Кузиевтің өзі де 1,2 миллион гектар жері бар 30 адамның есімдерін қалың көпшілікке әшкере еткенді шындығында қаламағандай. Оған тек халықтың тілегін айтқандай, жұртты сөзін сөйлегендей кейіп таныту, жақсы депутат болып көріну ғана қажет болғандай. Әйтпесе, министрліктен неге өзі біліп отырған 30 адамның атын көпшілікке жария етуді талап етпейді? Олардың жерді кезінде қандай байқау, қандай шартпен алғандарын неге сұрамайды? Әлде, оған жүрегі дауламай ма?
Өзінде жарты ауылдың жері бар
Сосын, З. Кузиевтің өзі Malim.kz сайтына 500 гектар (басқа сұхбаттарында 700 гектар жерім бар деп жүр) суармалы, жүгері егетін жері бар екенін ашық айтты. Бұрынырақта берген сұхбаттарын қарасақ, кезінде 500 гектар суармалы жерді бір копперативке біріктіру үшін кемінде 60 отбасының басын бір ұйымға зорға қосқанын бірнеше мәрте айтыпты. Яғни, З.Кузиевтің өзі бір ауылдың суармалы, құнарлы жерін иемденіп отыр деп айтуға да болады.
Ал жер игеріп жүрген адам жақсы біледі, 1000 гектарға астық еккенше 100 гектарға жүгері екен әлде қайда пайдалы. Он мың гектар тақыр жайылым ұстағанша 100 гектар суармалы жер ұстаған артық. Яғни, Кузиев депутаттық сауалында тау-тастағы, шекара ішіндегі мыңдаған гектар жер көлеміне екпін салғанша, сол аудандардағы нақты мәселелерге назар салса, сонысы елге пайдалы еді.
Жалпыдан гөрі нақты мәселені көтерсе қайтеді
Мысалы, орман шаруашылығын айтқысы келсе, аңшылық шаруашылығына (Жер кодексінде аң шаруашығылығы жері деген түсінік жоқ-ред.) жер 10 жылдан 49 жылға дейінгі мерзімге жалға беріліп келеді. Қарапайым жұртқа осы жерлерді жалға беру жолы түсініксіз. Конкурста ашықтық жоқ. Қоғам өкілдері ондай конкурсқа бақылаушы ретінде қатыспайды. Екінші мәселе аңшылық жерді жалға алғандар жер көлеміне қарай салық төлемейді. Бұл қаншалықты дұрыс? Аңшылық жерді алғандар жабайы аңды қорғауға, көбейтуге міндетті. Осы міндеттер қаншалықты атқарылып жатыр? Аң ату тәртібінде, одан түскен табысты қадағалауда да ашықтық жоқ. З. Кузиев айтқыш болса, неге осы мәселелерді қозғамаған?
«Қазір халық малды ауылдағы қорасында қамап ұстап, санитарлық-ветеринарлық талаптарды бұзуға мәжбүр. Себебі, жайлаудың «қожайындары» соңғы 15-20 жылда малды ол жерге кіргізбейді» дейді депутат бір сөзінде.
"Кеген ауданында мемлекеттік орман қорынан 415 мың гектар жер 12 адамға тиесілі болса, Райымбек ауданында 523 мың гектар жерді небәрі 11 адам аң шаруашылығы үшін қоршап алған" дейді және бір сөзінде.
Онысына Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі «Депутаттық сауалда көрсетілген аталған аңшылық шаруашылықтырдың жерлерін, аң шаруашылығы үшін қоршап алу туралы айтылған мәлімдемесі шындыққа жанаспайды. Аңшылық шаруашылықтары тек, аңдарды жерсіндіру кезінде арнайы алқаптың бір бөлігін қоршап вольер жасауы мүмкін. Осыған орай, Заңның 17-бабының 1-тармағына сәйкес жабайы жануарлар мекендейтiн орта ретiнде ерекше құнды болып табылатын учаскелерге ешкiмнiң қол сұқпауы қамтамасыз етiлуге тиiс» деп жауап береді.
Енді З.Кузиев екі сөйлемейтін, айтқан сөзінде тұратын болса «Райымбек ауданында 523 мың гектар жерді небәрі 11 адам аң шаруашылығы үшін қоршап алған» дегенін дәлелдеп беруі тиіс-ақ. Олай болмаса, елді арандатушы блогерлерден еш айырмашылығы болмайды.
Ал, З. Кузиевтің «қазір халық малды ауылдағы қорасында қамап ұстап, санитарлық-ветеринарлық талаптарды бұзуға мәжбүр» деген мәселені шынымен көтергісі келсе, онда осы тақырыптан айнымай, бос сөз сапырмағаны елге де, мемлекетке де, депутаттың өзіне де дұрыс еді. Мәселені қалай көтеру керектігін білмесе айтайық.
Кеген ауданында Кеген ауылдық округтері мен Тасашы ауылының тұрғындары екі сиырын ауыл сыртында бағатын жер таппай отыр. Өйткені осы ауылдың маңындағы жерлерді Алматы облысының бұрынғы басшылары ірі шаруашылық қожалықтарына беріп тастаған. Әрине, ірі шаруашылықты сөзсіз дамыту керек. Бірақ, оларға жер бөліп берерде ауыл сыртындағы жайылымды жердің қорын да ойлап, халықты зар жылатпау керек. Өкінішке орай, мәслихатта депутат болып отырғанында Кузиевтер мұндай әлеуметтік әділдікке көңіл де аудармады. Тағы да бір мысал,
Кеген ауданында 9 мың гектар суармалы жер бар. Бірақ, бүгінгі күнге дейін сол жердің 300 гектары ғана игеріліп келеді. Қалғаны қаңырап бос жатыр. Себебі, суару жүйесі тозып біткен. Кузиевке неге осы мәселені көтермеске?
Суармалы жер қызық емес, мал жайылымын ғана мәселе етемін десе, айтайық, Кеген ауданының малшылары 30 жылдан бері Сырт жайлауына жете алмай отыр. Себебі, бұрын бұл жайлауға Қырғыз елінің жолы арқылы баратын. Екі мемлекет арасына шекара түскелі жайлауға жол жабылған. Қазақ жері жағынан осы жайлауға жету үшін тау ішінен небәрі 24 шақырым жол салса, 14 мың гектар жайлау кегендік малшыларға төсін ашпақ. Ал 14 мың гектар жайлауға 3 мың жылқы, 25 мың қойды емін-еркін жаюға болады. Сан жылдан бері депутат болып жүргенінде Кузиев неге осы мәселені көтермеген?
Райымбек ауданын айтсақ, Сүмбе, Жамбыл, Нарыңқол, Ұзақбатыр, Қақпақ ауылдық округтерінде ауыл малына жайылым тапшы. Оған себеп жоғарыда айтқандай, ірі шаруа қожалықтары ауыл маңындағы жерді иемденіп алған. Ауданда 224 мың гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер пайдаланылмай жатыр. Себебі, жергілікті тұрғындардың айтуынша, сол жерлерді Болат Назарбаев сияқты дөкейлердің жақындары басып алған. Кузиев осы мәселені неге шырылдап айтпайды? Әлде, Болат Назарбаевқа келгенде үні шықпай қала ма? Яғни, бұл аудандарда мал жайылатын жер жеткілікті. Бірақ, әр кім иемденіп алған немесе жергілікті билік түрлі сылтаумен конкурс өткізбей, жер іздеген елге кедергі келтіріп отыр. Яғни, айдаладағы орман шаруашылығына мал жайдырмай жатыр деп байбалам салғанша, алдымен ауыл шаруашылығына арналған бар жердің әділ бөлінуін сөз ету керек-ақ (Ормандағы, тау-тастағы аң шаруашылығындағы мәселелерді айтса, онда оған мал жайылымын қосып, қойыртпақтап қажет емес-ақ).
Б.Назарбаевты, қылмыскер бауырын айтпайтын депутат Ұйғыр ауданы туралы не дейді?
Ал ел айтып жүрген Болат Назарбаев, Құлыбаевтың жақындары иемденіп алған деген үлкен тақырыпқа аттап басып бармайын, саяси әңгіме айтпаймын, мемлекеттік субсидия есебінен байыған кәсіпкермін, оңай тақырып айтамын десе, онда Райымбек пен Кеген ауданында картоптың жырын айтсын. Осы екі аудан жыл сайын 180 мыңдай тонна картоп жинайды. Бірақ, екі ауданды қоса есептегенде 40 мың тонна сақтайтын қойма ғана бар. Яғни, ала жаздай түптеп, суарып өсірген картоптарын сақтайтын қойманың жоқтығынан күзде арзанға сатып, алыпсатарларға алданып қала береді. Егер сақтайтын қойма жүйесі реттелсе, осы екі аудан 180 мың тонна картопты 2-3 есе арттырып, Алматы қаласы мен Алматы облысы тұрғындарын қырғыз, пәкістан картобынан құтқарар еді.
Жүгері зауытына мемлекет ақшасына қойма салдырған З. Кузиев елдің жағдайын ойлағыш болса, картоп қоймасын салдыруды неге көтермейді? Хайп жинауды емес, осындай нақты проблемаларды көтерсе, «жалған мәлімет таратушы» болып атанбас та еді ғой.
Айтпақшы, депутат бұл мәселелерді көтермесе де реніш жоқ. Бірақ, қалың қазақ депутат Закиржан Кузиевтен басқа мәселеге нақты жауап күтіп жүр.
2009 жылдары ұйымдасқан қылмыстық топ құрып, үрімдей қыздарды айлап, жылдап жезөкшелікке салып қинағаны үшін сотты болған бауыры барда қалай депутат болып жүргенін әзірге сұрай қоймас.
Бірақ Қазақстан Халқы Ассамблеясы атынан сайланған мәжіліс депутаты ретінде айтыңызшы: Туып, өсіп, тұрып жатқан ауданының аты өзге ұлттың атауымен аталуы сол ауданда, атажұртында, тарихи мекенінде тұрып жатқан азаматтардың көңіліне тимейді деп ойлайсыз ба?
Қазақстан Халқы Ассамблеясы депутаты ретінде Ұйғыр ауданының атын өзгертуді қолдайсыз ба?
Ұйғыр ұлтының өкілі ретінде Ұйғыр ауданының атын өзгерту керек деп жүрген азаматтардың талаптарын қолдайсыз ба?
Депутат З.Кузиев жалған сөйлемей, осы сұрақтарға ашық жауап беремін десе, Malim.kz ақпараттық алаңын ұсынуға дайын.
(Басты фотолар ашық дерек көздерінен алынды)